Қазақстан тұрғындары өз таңдауларын жасап, елдің болашағы үшін өз дауыстарын берген-ді. Әрине, сайлаудың алдын ала қорытындысы кім-кімді де қызықтырмай қоймайды. Осыған орай «Zakon.kz» ақпараттық порталы арнайы тапсырыс беріп, әлеуметтік зерттеулер жүргізілгені мәлім болды. Соның нәтижесімен Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бөлісті.
Негізінен, мұндай экзит-пулдардың мақсаты – электоратқа сұрау салу қорытындысы бойынша жедел болжамдар беру. Бұл ретте институт директоры сайлау күні Қазақстан халқы үшін ерекше күн болғандығын ерекше атап кетті. «Сонымен қатар, біздің Әлеуметтік-саяси зерттеулер институты күн барысында сайлау науқаны кезінде сайлаушылар өз дауыстарын қай кандидатқа берді, қалай сайлады және өздерінің көзқарастарын білдірді деген сауалнама қойып, соңында бір нәтижеге келдік», деді А.Сәдуақасова.
Оның айтуынша, еxit-poll әдістемесіне негізделген әлеуметтік зерттеулер сайлау учаскесінен дауыс беріп шыққан сайлаушыларға қатысты жүргізілген. Институт директорының мәлімдеуінше, сауалдама барысында ешбір сайлаушының құқы бұзылмаған. Жалпы, сауалдамаға сайлаудан шыққан әрбір бесінші Қазақстан азаматы жауап беріпті.
Сауалдамаға жауап беруші толық рұқсат берген кезде ғана интерьерлер сұрақтар қойып отырыпты.
«Қазақстанның барлық аймақтары бойынша біздің сауалдамаға 40 мың респондент қатысты. Жалпы республика бойынша 164 сайлау учаскесі қамтылды. Облыс орталықтары, Астана мен Алматы қалалары бойынша барлығы 84 учаске, шағын қалаларда – 2 және ауылдық аймақтар мен ауылдық округтерде 38 учаске қамтылды», – деді А.Сәдуақасова.
Сауалдама жүргізу жұмысына еліміздің барлық аймақтары бойынша 350-ден астам адам атсалысқаны да аталмай қалмады. Институт директорының мәліметіне қарағанда, бір күн ішінде сауалдаманың төрт толқыны жүргізілген.
Сонымен, сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша сауалдамашылардың 97,64 пайызы өз дауыстарын кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа бергені мәлім болды. Екінші тұғырдан көрінген президенттікке кандидат Тұрғын Ысқақұлы Сыздықовқа респонденттердің 1,59 пайызы өз дауыстарын беріпті. Ал үшінші орынды қанағат тұтқан кандидат Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов сайлаушылардың 0,77 пайыз дауысын алыпты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».