Таным • 15 Тамыз, 2024

«Қарауылдың қақпақылы»

71 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сіздің басыңызда мынадай жағдай міндетті түрде болған деп есептеймін. Ал егер болмаса, күндердің күнінде алдыңыздан шығуы бек мүмкін.

«Қарауылдың қақпақылы»

Мәселен, еңбек демалысына шы­ғуы­ңызға байла­ныс­ты мекемеңіздің бірнеше бө­лімдерінен рұқсатнама алу­ға тиіссіз. Соның біріне барып, ешкімге қарызыңыз бен қаты­сыңыздың жоқ еке­нін рас­тап беретін елеусіз ғана мөрді бас­тыра қоюын сұрайсыз. Сөйт­се, әлгі бөлімнің әкіреңбайы құжатты бүгін қабыл­да­май­тынын айтады. Айтады деген жай сөз, ақырады.

– Хош, енді қашан әкелу керек?

– Ертең, ол болмаса келесі аптаның кезекті күнінде.

Ал енді «қолыңызда тұрған бес ми­нуттық жұмысты алдымызда тұрған бес күнге созып қажеті не?» деп көріңізші... Жоқ, демей-ақ қойғаныңыз дұрыс екен. Онда сіздің құжатыңыз мөр басылу «бақытынан» мүл­де айырылып қалуы мүмкін. Енді ойланайықшы. Неге алды­мыздан үнемі осындай жағ­дайлар кездесе береді? Мыс­қалдай билігін шегінен асырып пай­дала­нып қалғысы ке­летін адам­дар нені мақсат ете­ді өзі? Әлеуметтануда мұн­дай жандарды «күзетші синдромына» шалдыққан деп айтады. Біз мұны қазақшалап «қарауыл­­дың қақ­пақылы» деп атадық.

Бұл синдром – азын­аулақ билігі бар адамның өзін маңыз­ды көрсеткісі келетін ішкі қа­лауы. «Қарауыл» ешкім­ге қажеті жоқ тыйымдар мен ереже­лер­ді ойлап табады. Тырнақ асты­нан кір іздеп, түй­медейді түйедей қылады. Өзін тәкаппар ұстап, өте дөрекі сөй­леседі, егер қырсығып қалса, мүлде жақ ашпай қояды.

Бұл мінез қайдан пайда болады? Біздіңше, қорғаныстан. Кейде адам әлеуметтік агрессия мен өшпенділікті шабуылдау үшін емес, қорғану үшін де пайдаланады.

Екінші себеп – әрине, би­лік­тің шалығы. Кісіні дәр­ге­йі­не келтіріп, бұй­рығын орын­даттырудан ләззат ала­тын жан­дар, өкінішімізге қарай, бар­шылық...

Тағы бір мысал келтірейік. Жоғары лауазым иесінің жүр­гі­зушілері өзін де бірнеше адам­ды ұйыстырушы, оларға бұй­рық беруші болып сезініп ке­теді. Сөйтеді де қоғамда қалып­тасқан әдеп нормаларын қа­сақана бұзады. Мәселен, көлі­гін рұқ­сат етілмеген жерге не­месе мүгедектерге арналған орын­ға қояды. Жол ережесін сақтамайды. Неге? Өйткені ол – бас­қаның емес, бастықтың жүргізушісі...

Мұның барлығы адам­дардың бір-бірін бауыр деп танудан қалғанның кесірінен. Кісімен мансабы мен қызме­тіне қарай қарым-қатынас құру – «кіш­кентай» адамның
әрекеті.

Егер сіз «қарауылдың қақ­пақы­лына» түсіп қалсаңыз, оны бүгін жөндеймін деп әуре бол­маңыз. Ондай жандарды аяудан басқа амалың жоқ...

Тек өзіңіз осы дертке шал­дық­паңызшы!