Аймақтар • 17 Тамыз, 2024

Кеніштегі кездесу

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Amanat» фракциясының мүшесі Альберт Рау Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінде жер астынан кен таситын ауыр жүк көліктерінің жүргізушілерімен кездесті.

Кеніштегі кездесу

Кездесу барысында кеніш жүргі­зу­шілерінің кәсіби қызметі мен әлеу­меттік кепілдіктеріне қатысты мәсе­лелер талқыланды. Биылдан бас­тап зиян­ды еңбек жағдайында жұ­мыс істеп жүрген 55 жасқа толған аза­маттарға мемлекет арнаулы әлеу­меттік төлем бере бастағаны бел­гілі. Басқосу барысында жүргі­зушілер өздерін осы төлем алу құқы­ғына ие тұлғалар тізіміне қосуды сұрады.

Мәжіліс вице-спикері бұл мәсе­лені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып талқылау қажет екенін айтты. Өйткені зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшылардың тізімін осы ми­нистрлік бекітеді. Мәжіліс төраға­сының орынбасары «ССКӨБ» АҚ жұ­мысшыларға әлеуметтік кепіл­діктер беру және өндірістегі қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету жөнінен еліміз­дегі жетекші кәсіпорындардың бірі екенін де атап өтті.

«Карьерлік жүк көліктерін жүргізу аса ауыр әрі жүйкеге айтарлықтай жүк түсіретін жауапты да бейнеті мол жұмыс екенін жақсы білеміз. Сіздерге лайықты еңбек жағдайын жасап, ден­саулықтарыңыздың қорғалуын қамтамасыз етудің де өте маңызды екенін түсінеміз. «Amanat» партиясы сайлауалды бағдарламасында зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің ерте зейнетке шығуын қамтамасыз ету міндетін қойған болатын. Депутаттар заң әзірледі, Президент қолдады. Бүгінде ел көлемінде 8 мыңнан астам адам тө­лем алып жатыр. Ал кеніштегі жүк түсіретін көлік жүргізушілерінің зейнетке ерте шығу құқығына ие болуы жө­нін­дегі мәселені Үкіметпен бірлесе оты­рып қарастырамыз», деді Альберт Рау.

Зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң биыл 1 қаңтардан бастап күші­не енгенін айта кеткен жөн. Заң қауіп­ті еңбек жағдайында жұмыс істеп кел­ген азаматқа зейнетке шығу неме­се қыз­мет түрін өзгертіп, жеңіл жұ­мыс­қа ауысу мүмкіндігін береді. Зей­нет дема­лысына ерте шығу үшін немесе тиіс­ті төлемдерді ресімдеу үшін жұмыс­шы­ның кемінде 7 жыл еңбек өтілі және мін­детті зейнетақы жарнасы болуы қажет.

Жиыннан соң Альберт Рау Соко­лов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігіндегі автомобиль цехының жұмысымен танысып, кәсіпорын­ның партиялық белсенділерімен жүздесті.

 

Қостанай облысы