«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірованың айтуынша, аталған жоба жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттап, субмәдениет өкілдеріне қолдау көрсету және жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасауды мақсат етеді. Екі күнге созылған чемпионатта еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес мемлекеттерден арнайы келген танымал ұжымдар мен бишілер, сондай-ақ жас таланттар өнер жарыстырған.
Би додасына Жапонияның Waacking бишісі, Asian waacking sensetion жетекшісі, World of Dance World Final финалисі, Сrowd FAVORITE сыйлығының иегері Mizuki Jane Flamingo, Бельгияның хип-хоп бишісі, 2022 жылғы жазғы фестивальдың және жаһандық көптеген би жарысының жеңімпазы Alex the Cage, сонымен қатар кореялық Popping бишісі, Lineup 9 judge финалисі Firebac арнайы төрелік етіп, әділ бағасын берді. Сондай-ақ олар чемпионат аясында шеберлік сағаттарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.
Жапон бишісі, төреші Mizuki Jane Flamingo өнер жарысы аса тартысты өткенін айтты. «Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Ұйымдастырушылар өте жылы қарсы алды. Екі күн бойы түрлі аталым бойынша сынға түскен талантты бишілердің тартысты бәсекесіне куә болдық. Шынымды айтсам, дарынды жастар арасынан жеңімпаздарды анықтау қиынға соқты», деді ол.
300-ден астам өнерпаз сынға түскен чемпионатта жеті аталым бойынша үздік өнерпаздар айқындалды. Атап айтсақ, Hip-Hop 2x2 Begginers – Амалия мен Эстель, Hip-Hop 1х1 Male – Overhitz, Hip-Hop 1х1 Female – Nursaya, Popping 2x2 Pro – Sss&VV, Waacking 2x2 Pro – Yumetaurus, Waacking 2x2 Beginners – Кчау Аруана & Нұрсәуле, All Styles 5x5 Rep Your Country – Өзбекстан командасы жеңіске жетті.
Айта кетейік, соңғы аталым бойынша Жапония, Өзбекстан, Қазақстан елдерінің бишілері өнер жарыстырды. Оған қоса Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Жапония мемлекеттерінің бишілері өзге де аталымдар бойынша бақ сынады.
Үздіктерге арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Еске салсақ, аталған чемпионат былтыр «Есірткіге жол жоқ» жобасы аясында өтсе, биыл V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары аясында ұйымдастырылды.
Былтырғы додада оза шапқан Өзбекстан командасының мүшесі Владимир Мешчеряков биыл All Styles 5x5 Rep Your Country аталымында бақ сынау үшін командамен келген.
«Ел намысын қорғап, жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз. Жапония мен Қазақстан бишілерімен сынға түсіп, жеңіске жету оңай болмады. Барлығы мықты қарсыластар», деді ол.