Еңбек • Бүгін, 10:05

Тепловозды тізгіндеген

13 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңаарқа жұртшылығы жақсы танитын Мырзахан әулетінің негізгі кәсібі теміржолмен бітеқайнасып кеткелі ғасырға жуықтап қалды. Бұл 1939 жылы 15 жастағы Мүсілім Мырзахановтың жаңадан ашылып жатқан теміржол депосына от жағушы болып жұмысқа орналасуынан басталған еді.

Тепловозды тізгіндеген

Мүсілім Мырзаханов табан аудармастан 48 жыл еңбек етіп, зейнет демалысына шыққанша сол жерде паровоз машинисінің көмекшісі, машинист, қалыпқа келтіру пойызының бастығы болды. «Әке көрген оқ жонар» дегенді қазекем әкесінің ісін жалғастырған балаға сүйсінгендіктен айтса керек. Мүсілімнің үш ұлы да әке ізімен теміржолға келді. Үлкені Серікбай 30 жыл тепловоз жүргізді. Абыройлы болды, құрметке бөленді, зейнеткерлікке шықты. Ал Рамазан да темір­жолда 30 жыл тер төкті, әр­түрлі қызметтер атқарды. Теміржол саласына алдындағы әкесін, аға­ларын үлгі тұтып келген Бауыржан Мүсілімұлының теп­ло­возды тізгіндеп алғанына биыл тура 28 жыл толыпты.

Өмірдің заңы ғой, қазір Мүсілім ақсақал да, оның ұлдары Серікбай мен Рамазанның екеуі де бұл өмірде жоқ. Бірақ олардың ісін ұрпақтары одан әрі жалғастырып, Мырзахан әулетінің теміржолдағы жалпы өтілін көбейтіп келеді.

Айталық, Серікбайдың Ерлан, Марғұлан, Нұрлан, Мейрам есімді 4 ұлы да әкенің, атаның жолын жалғастырып жүр. Мейрам қал­пына келтіру пойызы бас­ты­ғының орынбасары болса, қал­ған үшеуі және бұларға қоса Рамазанның Ерғалиы 3 жылдан, Нұрғалиы 2 жылдан бері – тепловоз машинистері.

– Мен – әулетіміздегі ең жас теміржолшымын. Өйткені менің еңбек өтілім бар болғаны – 2 жыл ғана. Қазір біздің әулеттің теміржолдағы жалпы еңбек өті­ліне 200 жыл болған екен. Мен болмағанда, қос ғасырлық еңбек өтіліне жету үшін екі жыл кемдік етеді екен, – дейді сөзіне әзілін қосқан Нұрғали.

Бауыржан Мүсілімұлы – Мырзахан әулетінің қазіргі үлкені. Ол 1991 жылы әскери міндетін өтеп келген соң, бірден депоға жұмысқа тұрды. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Өйткені әкесі де, ағалары да мұны теміржолға әбден қызықтырып қойған еді ғой.

– Сол кездері жұмысқа енді ғана тұрғандарға тәжірибелі мамандардың бірін тәлімгер етіп бекітетін. Менің тәлімгерім өзімнің туған ағам болды. Бұл тіпті қиынға соқты. Өйткені ол «мені де, өзіңді де, ең бастысы, әкемізді ұятқа қалдырма» дейтін. Аяғымды қия бастырмайтын. Әскердегі тәртіп мұндай қатал болмаған шығар. Бірақ теміржолда тәртіпке бағынбаса тағы болмайды. Әкеміз бізге теміржолшы болуды аманаттап кетті. Ол кісі «Шопанның баласы шопан, диқанның ұл-қызы диқан болатын үрдіс бар емес пе? Ендеше, теміржолшының ұрпағы неге несібесін теміржолдан тап­пасқа?» дейтін. Сол әке сөзін ұлдары, немерелері жалғастырып жүрміз. Менің арманым – әке­міздің шөберелерінің де темір­жолшы болғандарын көру, – дейді Бауыржан Мүсілімұлы.

Жаңаарқадағы ТЧЭ-15 локомотив депосына биыл 85 жыл толады. Мырзахан әулетінің депоға алғашқы сәтінен тері сіңіп келеді. Бір ғажабы, олардың көпшілігі тепловозды тұлпардай тізгіндеп, жүйткітіп жүрген машинистер екен. Депоның тарихы – Мырзахан әулетінің де тарихы. Бір-бірінен бөлек қарау мүмкін емес.

 

Ұлытау облысы