Білім • 16 Тамыз, 2024

Төр қаланың тартуы

74 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» тақы­ры­­­бын­да­ пе­да­гогтер­дің қа­лалық тамыз кеңесі өтті. 2 мың­ ұс­таздың басын қосқан жиынның басты мақсаты – білім са­ласын цифрландыру мен жасанды интеллект техноло­­гия­лары­ның озық ү­лгілерін енгізу. Білім ошақтарының басқа да өзекті мә­се­лелері де назардан тыс қалмады.

Төр қаланың тартуы

Педагог қызметкер­ле­ріне арналған тамыз кеңесі – жаңа оқу жылының басталуына орай жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі іс-шара.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қала тұрғындарының жыл сайынғы өсімін ескере отырып, елордада бірнеше мектеп салынып жатыр. Статистикаға сүйенсек, бас қалада жылына 35 мың бала дүниеге келеді. Бүгінгі сәби – ертеңгі оқушы. Сондықтан оларды жайлы мектеппен қамту – өзекті мәселе.

«Қазіргі уақытта екі ауысымда 100 мың оқушыға арналған 30-дан астам мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы ішінде 20-дан астам мектеп ашамыз. Олардың бір бөлігі — «Жайлы мектептер». Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Samruk-Kazyna Construction» 2024–2025 жылдар аралығында 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салады. Жауап­ты министрлікпен, университеттермен, инвесторлармен бірлесіп, жатақханаларда орын санын арттыру бойынша жұмыс істейміз. Биыл Астанада 4,5 мың орынға арналған 6 сту­денттік жатақхана салынады. Тағы 4 университетке жатақхана салу үшін жер телімі бөлінді. 2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы іс-шараның барлығы оқушыларымыз бен ұстаз­да­ры­мыз­ды қолдауға бағыт­тал­ған», деді елорда басшысы.

Бұған қоса жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласына са­лын­ған инвестиция көлемі жыл өткен сайын артып келе жат­қанын айтты.

«Адам өміріндегі сарқылмас қазына – білім мен тәрбие. Ал оны беретін ұстаз. Сондықтан да біздің педагогтер Мемлекет басшысының үнемі қолдауы мен қамқорлығын көріп отыр. 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасымен 46 мұғалім марапатталса, «Үздік педагог» атағын 668 әріптесіміз иеленді. Ал төрт жылда ұстаздардың жалақысы екі есеге артты. Сондай-ақ кейінгі бес жылда білім бюджеті екі есеге, ал инвестициялар көлемі алты есеге өсті. Астана қаласында балабақша тапшылығын бай­қап отырмыз. Бүгінгі таңда 2–6 жасқа дейінгі балаларды қамту 81 пайыз. Бұл бағыт­та қала әкімдігі ауқымды жұ­мыс атқарып жатыр.  2025 жылға дейін бірінші рет 10 балабақша салу­ жоспарланған. Бұл – орасан зор жетістік. Әлеуметтік осал топ­қа жататын отбасындағы 97 мың бала тегін тамақпен қамтамасыз етіл­ді. Оның 11 712-сі елорда бала­бақшаларына тиесілі», деді министр.