Медицина • 19 Тамыз, 2024

Отандық ғылыми-зерттеу институты халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті

158 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл 8-12 шілде аралығында медициналық ұйымдарды аккредиттеу жөніндегі Халықаралық біріккен комиссиясы (Joint Commission International) Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының қызметін тексеріп, халықаралық стандарттарға сай екендігін тағы да растады, деп жазады Egemen.kz.

Отандық ғылыми-зерттеу институты халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті

Қазақстан институты алғаш рет осындай аудиттен 2021 жылы өткен, алайда көрсетілетін көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары стандарттарын сақтау үшін JCI аккредиттеу үш жыл сайын жүргізіледі.

JCI стандарттары бойынша барлық бөлімшелер мен процестер, яғни пациенттерді емдеу және күту тәсілдері, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуы, ғимараттың қауіпсіздігі, дәрі-дәрмекпен жұмыс істеу, инфекциялық қауіпсіздік, кадрлармен қамтамасыз ету, тәуекелдерді басқару, білім беру және ғылыми процестер, медициналық және әкімшілік персоналдың пациенттерге жеке көзқарасы бағаланады. Қауіптілігі жоғары дәрі-дәрмекпен дұрыс жұмыс істеу, оларды таңбалауға және сақтауға, инциденттерді басқаруға, ауруханаішілік инфекциялардың,  құлау салдарынан жарақат алу қаупін азайтуға ерекше назар аударылды.

JCI халықаралық аккредиттеу барысында аудиторлар институттағы барлық медициналық қызмет пен жасалған жағдайды пациенттің көзқарасымен бағалайды.

Халықаралық комиссия мүшелері институтта жоғары деңгейдегі мамандар пациенттерге сапалы көмек көрсетуде мультидисциплинарлық тәсілді қолданып, өзара байланысты үдерістерде команданың үйлесімді жұмыс атқаратынын атап өтті.

Аудиторлар тобы институтта қолданылатын тиімділік пен сапаның жекелеген индикаторларын – мысалы, қант диабетіне шалдыққан жүкті әйелдерді емдеу тәжірибесі, кардиореабилитация кезеңдері арасындағы сабақтастық өлшемдері, ішектің эндоскопияға дайындық сапасының көрсеткіштері мен тағы басқасын JCI халықаралық кітапханасына беруге шешім қабылдады. Осынау озық тәжірибе әлемдік медициналық ұйымдар арасында таралып, тәжірибе алмасу мен медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

Клиниканың жұмысы 1110-нан астам көрсеткіш бойынша бағаланып, тек 10-ы бойынша тексеру барысында жойылған елеусіз ескертулер анықталған.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректорының айтуынша, реаккредиттеу – қайта аккредиттеуден өтуден әлдеқайда қиын.

Осы орайда КІАҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов өз қызметкерлеріне алғыс айта келе: «JCI стандарттары денсаулығы мен өмірін бізге сеніп тапсырған пациенттердің күтімі мен қауіпсіздігіне бағытталған. JCI аккредитациясы пациенттерге клиникаға сенім артуға болатынын айғақтайды. Біз JCI ұсынатын құралдарды пайдалана отырып, қызметтердің сапасын үнемі жақсартуға тырысамыз», дейді.

Сапаны басқарудың жүйелі тәсілі ұйым қызметінің тиімділігін арттыруда ықпалы үлкен. Мұны соңғы жылдары клиникада клиникалық көрсеткіштердің жақсарып, пациенттердің медициналық көмектің сапасына көңілі толып, өлім-жітім азайғанынан, дәрі-дәрмектердің шипасының арта түскенінен де аңғаруға болады.