Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев
Жалпы, «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асуына банк секторының тұтынушылық несиемен тым әуестеніп кеткенінің салдары итермелеп отыр. Халықты банктің шырмауынан шығарып, қаржылық сауаттылыққа жетелейтін мұндай жоба жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ерекше атап өткен еді. Себебі банктер елге шектен тыс несие үлестіруі салдарынан қаржы жүйесін титықтатқан сын-қатер көбейіп, азаматтардың қарызға белшесінен батуына әкеп соққан еді. 2019 жылы Президент шешімімен 500 мың азаматтың кепілсіз несиесі кешіріліп, қаржылық тығырыққа тірелген тұлғалардың банкроттығы жарияланған. Бірақ бұл күрделі жағдайды түбегейлі реттемеді.
Ахуалды біржола түзеу үшін тың жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айтқан Президент былтырғы Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңыздылығына ел назарын аударып, «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өткен-ді.
Жоғарыда аталған Тараздағы семинарда Техникалық және кәсіптік білімі дамыту орталығының әдіскері Асима Пернебаева, «Amanat» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Қаржы және есеп» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Молдабекова Жолдауда айтылған мақсат-міндеттерге тоқталып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жиында сөз алған Уәлихан Болатбек сананы тұрмыс билеген бүгінгідей қоғамда азаматтардың қаржылық сауатты болғаны дұрыс деген пікірді алға тартты.
«Биыл жоба аясында тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру мақсатында 8 500 адамды оқытуды жоспарладық. Бүгінге дейін 7 мыңға жуық тұрғынның қаржылық сауатының артуына үлесімізді қостық. Енді жобаның келесі кезеңіне өтеміз. Яғни оқушылар мен студенттер оқытылады. Осы мақсатта 4 педагог Астана қаласында білімін жетілдіріп келіп, оқу орындарының ұстаздарын оқытуды бастады. Бұл мамандар жаңа оқу жылынан білімгерлерге қаржылық сауаттылық курстарын жүргізеді», деді Уәлихан Болатбекұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинардың бірінші кезеңінде 36 адам оқытылса, келесі кезеңінде де сонша педагог білімін жетілдірмек. Ал семинарға қатысушылар пікір алмасу кезінде қаржыны тиімді басқарып, жалпы шығындарды есептеп, жүйелеуді, алаяқтық әрекеттердің белгілері мен схемаларын және олардан құтылу жолдарын үйреніп, қаржылық сауатын арттыра алғанын жеткізді.