Футбол • Бүгін, 09:35

Талантты балаларға мүмкіндік

33 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Алматыда еліміздің шалғай аймақтарынан келген жас футболшыларға арналған іріктеу жиыны бас­талды. 12 жастағы 16 қатысушы «Қайрат» футбол клубы академиясында шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.

Талантты балаларға мүмкіндік

Фото: ФК «Қайрат»

Іс-шара «Қайрат» ФК мен коммерциялық емес Supernovas by inDrive жобасының ынтымақ­тастығы аясында өтті. Бұл жоба шағын қалалар мен ауылдарда балалар спортын жаппай да­мытуға бағытталған. 2022 жы­лы іске қосылған жоба қазір­дің өзінде 650-ден аса бала қатыса­тын 9 футбол секциясын ашты. Жиынның негізгі мақсаты – бала­ларға тұратын жеріне қарамас­тан тең мүмкіндік беру.

«Supernovas жобасы ауыл мен қала балаларының теңдей жағдай жасауына, бірдей жат­тығу мүмкіндігіне ие болу­ға арналған. Оларды бұл жиын­ға қатыстыра отырып, өзін көрсетуге, әлеуетін ашуға мүм­кіндік бергіміз келеді», деп түсіндірді жобаның менеджері Тоқтар Ескендіров.

Биылғы іріктеу жиынына еліміздің аймақтарынан 16 бала таңдалғанын «Қайраттың» бас директоры Асқар Есімов былай жеткізді: «Қайрат» дәстүрлі түрде еліміздің түкпір-түкпірінен ең үздік жас футболшыларды жинап тұрады. Іріктеуге қатысу – балаларды ынталандырады әрі зор тәжірибе. Біз Supernovas жобасымен серіктес болғанымызға қуаныштымыз және серіктестігіміз ары қарай да жалғасатынына үміттіміз. Футбол академиямыз – қазіргі уақытта елдегі ең мықты академия және ел футболын үлкен аренада әйгілі ететін таланттарды іздейді».

Қатысушылар Батыс Қа­зақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Маң­ғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының шал­ғай ауылдарынан іріктелді. Мыса­лы, Батыс Қазақстан облы­сының Жәнібек ауылынан Есімжан Есімғали, Мадияр Есенов, Бейбарыс Асқар, Әлихан Тұяқ, Нұрмұхаммед Есет, Энель Сансызбаев келсе, Ақтөбе облысы Шалқар қаласынан Аслан Русланұлы, Ерасыл Нұрланұлы, Алмат Алтаев, Нұриман Мұхан­бетжан «Қайраттың» базасында бір апта бойы өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ Ұлытау облысы Ұлытау ауылынан – Аслан Сақтаған, Бексұлтан Жездібек, Форт-Шевченко қаласынан (Маңғыстау облысы) – Жансейіт Жұмабек, Диас Жайлау, Благовещенка ауылынан (СҚО) – Нұрислам Есмағамбетов, Түркістан облысы Ынтымақ ауылынан Әлинұр Абайұлы кәсіби футбол базасында алғаш рет болды.

Іс-шара бір аптаға созылды. Бағдарламада акаде­мия жаттықтырушылары өткізе­тін жаттығулар, шеберлік сабақтары, 2012 жылғы «Қайрат» академиясының командасымен жолдастық матч өткізді.