23 Қаңтар, 2015

Өскеменде заңсыз сауда орындары бақылауға алынды

383 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_4428 ӨСКЕМЕН. 23 қаңтар. Жаңа жылдан бастап күшіне енген жаңа Әкімшілік кодекстегі өзгерістерге қарай, көше саудасы үшін салынатын айыппұл көлемі өсті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Кодекстегі 204-бапқа сәйкес, белгіленбеген жерде сауда жасағаны үшін азаматтарға 5 АЕК, яғни 9 910 теңге айыппұл салынады. Қайтара заң бұзғаны үшін айыппұл көлемі 10 АЕК-ке дейін өседі, – дейді бұл жөнінде Өскемен қалалық табиғат қорғау полициясының бастығы, полиция майоры Дархан Айтқазин. – Егер айыппұл 7 күн ішінде төленсе, оның  50 пайызын ғана төлеуге болады». Қазіргі кезде қала әкімдігі, қоғам өкілдері және полиция қызметкерлерінен тұратын арнайы топ көше саудасы қалыптасқан орындарды күнделікті тексеруде. Олар заңсыз сауда орындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, келіспегендерге айыппұл да салуда. Жыл басынан бері жүргізілген рейдтер барысында 20 хаттама толтырылыпты. Айыппұл төленбесе, азаматтардың ісі сот орындаушыларына беріледі. Саудагерлердің көпшілігі аталған топтарды көргенде, тұрған орнынан жылыстай жөнеледі. Тапжылмайтындар да бар. Олардың уәжі – базардан орын берілмейді, балаларды асырау керек. «Базарда орын берілмейді деген бекер сөз. Біз базар басшысымен сөйлестік. Оларға жұрт жиі жүретін осындай жерде сауда жасаған ыңғайлы», – дейді қалалық әкімдіктің іс басқару №7 филиалының директоры Татьяна Филонова. Бүгінде өскемендіктер арасында көше саудагерлерінен тауар алмау, олардың ісін жылжытуға ұйытқы болмау жөнінде, көше саудагерлерінің өз тауары үшін жауапкершілік арқаламайтыны туралы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметі.