Энергетика • 21 Тамыз, 2024

АЭС: қоғамдық талқылау мәреге жақындады

237 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше елордада атом электр стансасын салуға қатысты қоғамдық пікірталас циклін аяқтайтын талқылау болды. Жиын жария форматта өтті. АЭС-ті кеңінен таныстыру, түсіндіру және пікір алмасу сияқты мұндай іс-шаралар бұған дейін еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылды.

АЭС: қоғамдық талқылау мәреге жақындады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Іс-шараға «Қазақстан Азаматтық альянсының» президенті Бану Нұрғазиева мен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы, доцент Зулфухар Гаипов модераторлық етті. Талқылауға атом саласының сарапшылары, мемлекеттік орган өкілдері, ғалымдар мен атом мамандары, азаматтық сектор белсенділері қатысты. Жиында энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету, АЭС құрылысына дайындық, атом саласына кадр­лар даярлау мәселелері қозғалады.

 

Көмір электр стансалары көңіл көншітпейді

Біздегі электр энергиясының 70%-ы көмір стансаларында өн­діріледі. Олардың тозу дең­гейі өте жоғары. Бұл туралы Энер­­гетика министрлігі, Атом энер­гетикасы және өнеркәсіп депар­таменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова айтты.

«Стансалардың кейбірі алдағы 10 жыл ішінде пайдаланудан шығарылуы керек. Жоспарға сәйкес алдымыздағы онжыл­дықта 26 мың МВт қуат­ты­лығы бар стансалар іске қо­сылады. Әрине, оның ішінде қол­даныстағы стансаларды жаңар­ту жұмыстары да бар. Жаңа стансаларды салу да көз­деліп отыр. Сонымен қатар бізде жа­ңартылған энергия көзі (ЖЭК) өте жақсы дамып келеді. Жаңа­дан жел, күн электр стан­­са­лары бой көтереді. 26 мың МВт қуаттылықтың 10 мыңын ЖЭК құрайды. Бұл ретте рет­теуші қуаттар енгізіледі. Олар – газтурбиналық және аралас циклді қондырғылар. Түркістан, Қызылорда облыс­тарында, Алматы мен Шым­кент қалаларында ірі газ генера­циясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы көмір стансаларын жаңғырту, мысалы, Екібастұз ГРЭС-ін кеңейту, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш көмір стансасын салу жоспарға енген. Қазір көмірмен жұмыс істейтін стансаларға қаржы тарту қиын. Себебі көмірмен жұмыс істей­тін стансаның көмірқышқыл газы­ның шығарындылары өте жоғары. Сол себепті референ­дум нәтижесі оң болған жағдайда ғана біз үлкен қуатты екі реакторы бар атом электр стансасын қарастырамыз. Себебі АЭС «жасыл» энергетикаға жатады. Көмірқышқыл газының шыға­рын­дылары нөлдік деңгейде», деді Г.Мурсалова.

 

Таңдау екі елді мекенге түсіп тұр

«Қазақстандық атом электр стансалары» АҚ директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, 2018 жылы әзірленген атом стансасын салудың техникалық-экономикалық негіздемесі бо­йынша, екі өңірде станса салу мүмкіндіктері қарастырылған.

«Бұл өңірлер – Абай облы­сын­дағы Курчатов және Балқаш маңындағы Үлкен ауылы. Қауіп­сіздік, қуатты ядролық нысандарды орналастыру шарттары бойынша және елде қолданыла­тын нормативтер негізінде кең ауқымды зерттеу жүргізілді. Екі аудан да жарамды деп танылды», деді Т.Жантикин.

Айтуынша, энергия жүйесін болжауға талдау жүргізілген. Соның негізінде оңтүстік өңірде электр энергиясы тапшылығы 2,7 гигаваттқа дейін жететіні анықталған.

«2019 жылы біз маркетингтік про­цедураларды жүргізіп, жетек­ші сатушылардан техника­лық және коммерциялық ұсы­ныс­тар сұрадық. Бізге 13 жоба ұсы­нысы берілді. Энергетика министрлігімен бірге критерий жүйесі әзірленді. Нәтижесінде, елде құрылыс үшін ең келешегі зор 4 жобаны таңдадық. Бұл – Қытай, Корея, Ресей және Франция компаниялары. 2022 жылы осы 4 жобалық ұсыныс үшін деректерді өзектендіру жүргізілді. Франция консалтинг компаниясымен бірге бағалау критерийлері­нің жүйесі жетілдірілді. Қазір осы жобалық ұсыныстарды егжей-тегжей зерделеу жұмысы жүріп жатыр», деді Т.Жантикин.

 

Апат деп алаңдауға негіз жоқ

АЭС қауіпсіздігі мен тиімді­лігі жөнінде баяндаған «Ұлттық ядролық орталықтың» бас директоры Эрлан Батырбеков Чернобыль мен Фукусима стансаларының апатқа ұшыру себебін түсіндіріп берді.

«Бүгінде ядролық техноло­гия­лардың жаһандық жеткізу­шілері салуға ұсынып отырған барлық реакторлар III және III+ буынына жатады. Оларды әзірлеу барысында бұрын бол­ған, негізінен теориялық тұрғыдан болуы мүмкін барлық ықтимал оқиғалар мен апаттар ескеріледі. Заманауи реак­торда ішкі қауіпсіздік кри­те­рийлері бар. Яғни реак­торлар­дың физикасы қазір қалып­ты жұмыс жағдайынан кез келген ауытқу кезінде реакторды қалыпты жұмыс режіміне қайта­ратын физикалық заңдармен шарт­талған. Әрқашан теріс кері бай­ланыс болатындай етіп ор­на­лас­тырылған», деді Э.Батырбеков.

Бас директордың сөзінше, қазір ядролық отын циклін жабуға, атом энергетикасының отын-ресурстық базасын ке­ңейтуге, абсолютті қауіпсіздікке қол жеткізуге және құрылысқа күрде­лі шығындарды айтарлық­тай азайтуға арналған IV буын реакторлары әзірленіп жатыр.

«Біздің елде ІІІ және ІІІ+ буын реакторын салу қарастырылып отыр. Бұл реакторлар мүмкінді­гінше қауіпсіз және бір-бірін қайталайтын пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелеріне ие. Пассивті қауіпсіздік жүйе­лері энергияның сырттан жет­кізілуін қажет етпейді және тартылыс күші сияқты табиғи физикалық заңдылықтардың әсерінен оператор қателессе немесе мүлде ештеңе жасамаса да, реакторды қауіпсіз күйге өз бетінше жеткізуге қабі­­летті. Пассивті салқындату жүйе­лері персоналдың толық әрекет­сіздігімен апаттық реактордан жылуды 3 күн ішінде дербес алып тастауға қабілетті», деді.

Айта кету керек, қазіргі заман­ғы атом электр стансалары үшін ауыр апаттың ықтимал­дылығы өте төмен, мұндай оқиға 10 млн жылда бір рет болуы мүмкін деп болжанады. Ал атом электр стансасының жұмыс істеу мерзімі 60 жылды құрайды. Болашақта 80 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі зор.

 

Білікті маман қажет

Халықаралық тәжірибеге сәйкес атом энергетикасы нысан­дарында жұмыс атқаратын 2 000 адам қажет. Оның 1 600-і – жедел персонал. Нысанның толыққанды жұмыс істеуі үшін атом энергетикасы саласында жоғары білімі бар 400 қызметкер қажет. Бұл туралы «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев айтты.

«Атом энергетикасы сала­сын­дағы қажетті мамандар Алматыдағы ҚазҰУ, Астанадағы Еуразия университетінде және Өскемендегі жоғары оқу орындарында даярланады. Қазір 1 649  студент «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар» және «Ядролық физика және атом энергетикасы» бағыттары бойынша оқудан өтті. Осы мамандықтар бойынша оқитын студенттер негізгі тәжірибеден өту үшін «Ядролық физика институты» мен «Ұлттық ядро орталығын» таңдай алады. Біздің институт 30-дан астам халықаралық ғылыми орталықпен және оқу орнымен ынтымақтасады», деді С.Сахиев.

 

АЭС жұмысын жүргізуге әлеует жетеді

«Атом индустриясын дамыту қауымдастығының» төрағасы Алдияр Тоқтаров талқылау барысында елдің энергия секторын дамыту үшін АЭС салудың орынды екенін атап өтті.

«Даму үшін бізге энергия қажет. Мен мұнда өзім үшін де, басқа құрдастарым үшін де болашақты көріп отырмын», деген ол АЭС жобасын іске асыру кезінде отандық үлестің қанша болатынын сұрады. Сұрақ­қа «ҚАЭС» АҚ директоры Т.Жантикин жауап берді.

«Бірден максималды оқшау­лауды қарастырамыз. Отандық ядролық отынды пайдалану жоспарда бар. Отын алдағы 100 жылға еркін жетеді. Айта кету керек, құрылыс кезеңінде бізде үлкен мүмкіндік бар. Қазір Түркияда атом электр стансасы құрылысында 600-ге жуық отандық маман жұмыс істеп жатыр. Біздің монтажшылар бригадасы Ресейде БН-800 ядролық реакторы құрылысында да жұмыс істеді. Яғни әлеует бар. Әрине, мұндай бригадаларды аттестаттау жүргізіледі», деді Т.Жантикин.

 

Көмірмен демалғанымызды қаламаймын

Жария талқылауға Мәжіліс депутаты Никита Шаталов та қатысып, көмір электр стансаларына қатысты пікірін білдірді.

«Мәселен, Қарағанды Топар ГРЭС-інен шығарылған күлге толы. Көмірдің күлі 60 жылдан бері жиналып, «күлді алқаптар» қалыптасқан. Бұл ретте АҚШ-тағы атом энер­гети­касы осындай кезеңде супер­маркет көлеміндей ғана атом қалдықтарын шығарған. Менің­ше, радиоактивті қалдық­тар ту­ралы айтқан кезде нені таңдай­ты­ны­мыз белгілі. Бұл күлдің де «фоны» бар. Жел соқ­қан кезде ол Топар қаласына да әсерін ти­гізеді. Пәтерлерге кіріп, өкпеге түсе­ді. Бұл онкологиялық ауру­лар тудырады, еліміз мұн­дай жағ­дайға бұрын да тап болған», деді ол.

Сондай-ақ Никита Шаталов еліміздің экономиканы декарбонизациялау бағытына сәйкес болашақта көмір мен басқа да ластаушы генерацияны пайдалана отырып өндірілген әрбір өнім үшін тікелей ақшалай санкциялар енгізілетінін еске салды.

«Көмір шығаратын өңір Қарағанды облысының тумасы ре­тінде айтарым, мен көмірмен демалғанымызды қаламаймын. Аме­­ри­калық атом өнеркәсібі 60 жыл ішінде шығарған супермаркет кө­леміндей қалдықты біз­дің тұрғын үйлеріміздегі пеш 5-7 жыл ішінде шығарады», деді депутат.

Жапония мен Ресей атом энергетикасынан бас тартпа­ғанын алға шығарған Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткізу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қағидаттарын іске асыру екенін айтты.

«Жақында елімізде АЭС салу бойынша референ­дум ұйымдас­тырылады. Сондық­тан жария талқылауда халықты алаңдатқан сұрақтар талқыланып жатыр. Бүгінгі қоғамдық кеңесте АЭС туралы түрлі пікір айтылды. Фукусима мен Чернобыльде бол­ғана апат сөз болды. Бірақ соған қарамастан жапондар мен ресейліктер АЭС салудан бас тартқан жоқ қой. Қазір екі елде де АЭС кемінде 30% энергетикалық тұрақтылықты сақтап отыр», деді Е.Бейсенбаев.