Он бестен астам әлемдік марапатқа ие болып, тәжірибелі сыншылардың бағасын алған туындыны Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен «Golden Man Media» компаниясы жарыққа шығарған.
Ақ пен қарасы қатар өрілген өмірде түрлі тағдыр бар. Киноның аты айтып тұрғандай, мұнда да тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қаны бір бауырлардың өмірі суреттеледі. Жан жүрегіңді шымырлататын картина өзгермейтін туыстық, бауырлық, отбасылық көзқарасты, жоғалған мейірімді іздейді. Жауапсыз ата-ананың кінәсінен қатал тағдыр әр жағаға лақтырған жасөспірімдердің «бауырым, қаным» деген қажыр-қайраты таңғалдырады. Жан-жаққа тарыдай шашылған отбасы... әкесін іздеген бала... жарымжан жүрек...үміт жолында адасқан тағдыр...жасалған қылмыс. Жас режиссердің дебюттік картинасы қоғамдағы осындай шиырланған шытырман оқиғаларды суреттейді.
Иә, жаңа туындыда Балалар үйінен шыққан жасөспірімнің басынан кешкен қиындықтары баяндалады. Күтпеген жерден туған бауырын тапқандағы қуанышы әсерлі бейнеленген. Бұл кездесу ағайындылардың бірігіп, әкесін іздеуімен жалғасады. Қолында – бір сурет пен әкесінің аты-жөні ғана. Жолда – шым-шытырық оқиға, талайлы жол. Екі бауырдың іздегені – мейірім, олар да жақсылықтан, жақсы өмірден үміт күтті. Осы бір үміт, көздеріндегі жарық қия жолдан өткізді. Қолдарын да былғатты. Шекараны жаяу асып жетті. Алайда жақсы өмірге жетектеген үміт бір-ақ сәтте кек пен қылмысқа айналды.
Фильм режиссері туынды арқылы бауырлық сезімді көрсеткісі келгенін айтады.
«Мен үшін кино – айна. Ол айнадан өзімізді, қоғамды көре аламыз. Бұл киноның негізгі идеясы – бауырлық байланыс. Ағайындылар бір-бірі үшін қандай істерге, қандай тәуекелге бара алатынын көрсеткім келді. Сондай ыстық, сондай бекем, сондай биік бауырлық сезімді экрандау бұрыннан ойымда жүрді. Сәті де түсті», дейді режиссер.
Сондай-ақ ол алдағы жоспарын да атап өтті.
«Ағайындылар» пандемияға байланысты іркіліп қалды. Кейін фестивальдерге ұсынылды. Одан бері екі фильм түсірдім. «Жаза» – өмірде болған оқиғаның желісінде түсірілді. Тақырыбы – жемқорлық, парақорлық. Бұдан бөлек «Шекер» сериалының толықметражды нұсқасын жасадым», деді ол.
«Мен үшін көпшіліктің берген бағасы маңызды. Өйткені киноны, ең алдымен қазақ көрермені үшін түсіремін. Ал фестиваль қосымша марапат, қолдау деуге болады. Осы кинода басты рөлді сомдаған екі актеріміз «Үздік дебют» аталымы бойынша «Азия Оскарын» жеңіп алды. Кастингке келгенде екі жігіт те студент еді. Бұған дейін киноға түспеген. Соған қарамастан, басты рөлді сеніп тапсырдым. Көріп тұрғандарыңыздай, үмітімді ақтады», дейді Дархан Төлегенов.
Кинокартинада Дулыға Ақмолда, Әлішер Исмаилов, Айбар Салы, Азат Жұмаділ, Жанель Мақажан басқа да актерлер ойнайды. Түсірілім жұмыстары Ақтау қаласында өткен. Оған бас-аяғы екі ай уақыт кеткен.
Сондай-ақ тұсаукесер барысында сөз алған «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Зарина Баянова алдағы жарыққа шығатын туындылар туралы айтты.
«Отандық кинематографияны дамыту керек. Көрермен комедия жанрындағы туындыларды ғана емес, авторлық киноны да жоғары бағалайды. Барлық жастағы көрерменді отандық сапалы туындымен қамту маңызды. Сондықтан жыл соңына дейін тағы бірнеше киноны жарыққа шығарамыз. Жалпы, 18 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр», деді ол.
Айта кетейік, фильм 22 тамыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.