Тәпсірлеп айтар болсақ, жау алыстау болса, 200 құлаштық мергендер жебе жаудырады да, жақындаған сайын келесі қашықтықта оғы мүлт кетпейтіндер соғыс салады. Мұнда ескеретін дүние, мерген өзіне тиесілі қашықтықта атқан оғы жауын жайратып салатындай деңгейде қуатты болуға тиіс. Әйтпесе, жылдамдығы әлсіреп жеткен оқтың қауқары да болмайды.
«Моңғолдың құпия шежіресі» атты 1240 жылы жазылған кітапта, мықты мергендер садақтың қуатына қарай 900 құлаш жерге ататын үлкен садақ, 500 құлаш жерге оғы жететін кіші садақ деп екі түрге бөліпті. Орыс зерттеушісі Н.Клюкин бір құлаш 6 футқа тең өлшем дейді. Ал 7 фут өлшем 1 саженге тең. Қысқасы, қазіргі өлшеммен алғанда, ең мықты мерген 900 метр алысқа ата алатын болған.
Жалпы, оқ оздыру немесе жебе жарыстыру сайысы туралы деректер баршылық. Соның бірі Ресейдің ежелгі шаһары Санкт-Петербург қаласында орналасқан Эрмитаж музейінде қас бетіне көне ұйғыр әріптерімен жазу бәдізделген «Чингисов камень» атты жәдігер тас тұр. Тарихшы ғалымдардың пайымдауынша, мұндағы тас бетіндегі жазу 1224 немесе 1225 жылы қағанның көзі тірі кезінде таңбаланған.
Тас жазу Шыңғыс қағанның інісі Қасырдың үлкен ұлы Есүнге мергеннің (1190-1270) құрметіне қойылған. Тәпсірлеп айтар болсақ, 1225 жылы Шыңғыс қаған Хорезмді толық бағындарған соң, Бұғылы-шашақ (Буга-Сучигае) деген жерде ұлан-асыр той жасап, ат жетер жердегі мергендерді шақырып, сайыс өткізгені туралы тарихи жазбаларда айтылады. Осы сайыста Есүнге мерген 335 құлаш жердегі нысанаға садақ оғын дәл тигізіп, бас мерген атаныпты. Бір құлашты шамамен 1,6 метр деп есептесек, Есей мерген 536 метр, яғни жарты шақырымнан астам жерден атқан оғын дәл тигізген.
Енді мынаған назар аударыңыз: түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш, ертедегі грек мергені 282 құлаш жерден нысанаға дәл тигізгені туралы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз, дала көшпелілерінің басқа жұрттан қаншалықты жоғары деңгейде жауынгер болғанын аңғарасыз.
Сол сияқты 1798 жылы түрік сұлтаны ІІІ Сәлім атқан оғын 889 метрге дейін жеткізгені жайында мәлімет болса, еуропалық деректерде Димагордың баласы Анаксагор 282 оргия (551 метр) қашықтыққа, Урарт патшасы Аргиш 476 метр алысқа жебе жеткізгені туралы жазылады (Горелик М.В. Оружие древнего востока. Москва. 1993. 70-б). Сондай-ақ корейлік көне жазбаларда мергендер жебе жарыстыру сайысын өткізіп, ең мықты мерген 562 метр жердегі нысананы атып түсіргені хақында жазылады («Корейские и монгольские коллекци в собраниях МАЭ». Ленинград. 1987. 83-стр).
Ал үлкен қаламгер Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасында Абылай ханның заманында Бурабайда оқ оздырудан үлкен сайыс өтіп, биік таудың үстінде тұрған нысанға ешкімнің оғы жетпегендіктен, ол биік «Оқжетпес» деп аталғаны жайында аңыз бар.