Қоғам • 22 Тамыз, 2024

Жолдың жайын жүрген білер

118 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жол сапасын сынға алып, мұндағы қордаланған проблемаларға саланы жайлаған сыбайлас жемқорлық себеп болып отырғанын айтқан еді. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы толық бақылауға алынды.

Жолдың жайын жүрген білер

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облыстық департаменті жергілікті атқарушы органдар, «ҚазАвтоЖол» ҰК және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК өкілдерінен құралған мониторингтік топпен бірлесіп, 9 учаскедегі автожолдарды салу мен реконструкциялау сапасын бақылауды жүзеге асырып жатыр. Биыл маусым айында «Сәтбаев – Малшыбай – Жошыхан – Дом­бауыл ке­сенесі», «Қаражал – Атасу» және А-16 магистралінің «Жезқазған – Петропавл» (143-163 шақырымы) жол учаскелерінде мониторингтік топ жарықтар, шөгінділер, шұңқырлар, қабыршақтану т.б. түрлі ақау­ды анықтаған. Осыған орай жол жамылғысының сапасын жақсарту үшін қабылданған шаралар негізінде аталған кемшіліктер жойылды.

Сонымен қатар шілде айында «Жезқазған – Петропавл» А-16 автожолы учаскесін бақылау барысында 151 және 155-шақырымдарында асфальт-бетон жабыны жоғарғы қа­баты­ның тегіс еместігі белгілі болды. Бұл ақаулар жол қауіпсіздігінің нашарлауы­на, көлік құралдарының тез тозуына және жол инфрақұрылымының жалпы жағдайына теріс әсер етуі әбден мүм­кін. Мониторингтік топтың ескертуінен кейін мердігер ұйым анықталған кемші­ліктерді түзететін болады.

Қазіргі күні қайта жаңартылып жатқан «Қарағанды – Балқаш» автожолы да ақаулардан ада емес. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің жолдарды салу және жөндеу саласындағы жемқорлық тәуекелдері­­не сыртқы талдау жүргізуі үшін құрыл­ған аймақтық мониторингтік топ Қарағанды облысында «РФ шекара­сы (Екатеринбург) – Алматы» респуб­ликалық маңызы бар трассасын, «Қа­рағанды – Балқаш», «Балқаш – Бұрыл­байтал» учаскелерімен қоса, Жам­был облысымен шекараға дейінгі сегіз автомобиль жолының құрылысын тексерді.

Шет ауданының маңындағы «Қара­ғанды – Балқаш» автожолының учас­кесіне мониторинг жүргізу барысында жолды қайта жаңарту кезінде ақаулар бар екені анықталды. Жол пайдалануға берілмеген, жұмыстар жалғасып жатыр. Кемшіліктерді жоюды түркиялық қосалқы мердігер компания өз мойнына алды.

Айта кетсек, жабынның жоғарғы қабатын биылғы 30 тамызға дейін аяқ­тау және жолды 30 қарашаға дейін абаттандыру жоспарланып отыр. Жұмыс тобы жұртшылықпен бірлесіп, бизнес субъектілерінің қызметіне араласпай, ай сайын басқа да учаскелерге осындай тексерістер жүргізеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан қолға алын­ған тағы бір пайдалы іс – құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік нысандарды бақылауға алу. Қазіргі таңда агент­тіктің аумақтық департаменттері 44 проблемалық нысанның құрылысын аяқтауға ықпалын тигізді. Олардың ішінде сумен қамтамасыз ету нысандары, мамандандырылған ХҚКО, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер, жолдарды жөндеу, көпір салу, бөгет гидроторабы мен қазандықты реконструкциялау сынды құрылыстар бар. Соның ішінде Астана қаласында – 10, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарының әрқайсында 2 мектептің құрылысы аяқталды.

Ауылдық жерді сумен қамтамасыз ету – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Биыл құрылысы ұзаққа созылып кеткен бірқатар құбыр салу жұмыстары, атап айтқанда, Павлодар облысында – 4, ШҚО-да – 3, Жамбыл облысында – 3, Қостанай облысында – 3, БҚО-да 1 су құбырларын салу жұмысы аяқталды. Айта кетсек, олардың құрылысы бір жылдан үш жылға дейін созылған.

Агенттіктің бастамасымен «сақалды» құрылыстар мәселесі өңірлік әкімдіктер жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін қарайтын ведом­ствоаралық комиссиялардың 26 отырысында және Қоғамдық кеңестердің 25 отырысында да қаралды. Бөлінген қа­ражатты жымқыруға жол бермеу мақ­сатында алдын алу шараларының ке­шені, оның ішінде ақпараттық хаттар, жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ко­миссиялар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы шеңберінде қоғамдық мониторингтер жасалып келеді.

Мәселен, Шымкент қаласында ақ­параттық хат енгізу арқылы Қонаев даңғылының құрылысы аясында 700 метрге жуық артық тірек қабырғаларын орнатуға жоспарланған 3,2 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп, аталған жұмыс жоспардан алынып тасталды. Сондай-ақ осы қалада «сақалды» құ­рылыстарды сүйемелдеу шеңберінде «Сәулет, қала құрылысы және құры­лыс қызметі туралы» заңға сәйкес құ­­ры­лыстың кепілдік мерзімдерін ай­­қындауда нақтылықтың болмауы анық­талып отыр. Атап айтқанда, кепіл­дік мерзімі кемінде 2 жылды құрайды, ал Азаматтық кодекс бо­йынша егер шарт­та нақты мерзім көздел­месе, ке­піл­дік мерзімі 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Бірақ кепілдік мерзі­міне қа­тысты нақты талаптың болмауы жем­қорлық тәуекелдерін тудыраты­ны сөзсіз. Өйткені тапсырыс беруші мердігермен алдын ала уағдаласып, ке­піл­діктің ең қысқа мерзімін таңдай алады.

Осыған байланысты Шымкент қа­ласының Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энер­гетика және инфрақұрылым басқар­маларының бұйрықтарымен құры­лыс­тың кепілдік мерзімінің тиісті талаптарын техникалық ерекшеліктер мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарда кемінде 7 жыл деп көрсету міндеттілігі бекітілді.

Бұл жұмыстың нәтижесінде сапаны бақылауды күшейтуге және ке­пілдік мерзімі кезеңінде жөндеу жұ­мыстарына жұмсалатын шығынды азайтуға қол жеткізіледі. Қазір Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің бастамасымен Құрылыс кодек­сінің жобасына ең төменгі кепілдік мерзімін кемінде 5 жыл деп белгілеу туралы нормалар енгізілді.