Шаруашылық • 21 Тамыз, 2024

Салаға серпін беретін жоба

51 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел экономикасындағы жетекші саланың бірі – ауыл шаруашылығының биылғы жартыжылдық жұмысының қорытындысы белгілі болды. Салаға қатысты жалпы өнім көлемі 1,6 трлн теңгеге жеткен. Бұл өсім – мал шаруашылығындағы өнім көлемінің 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығында өндірістің 3%-ға артуына байланысты.

Салаға серпін беретін жоба

«2024 жылдың бірінші жартыжылды­ғын­­­да саладағы тірі салмақта ет өндіру 4,1%-ға өсіп, 878,7 мың тон­наға жетті. Сүт өн­дірі­сі 4,8%-ға артып, 1,7 млн тон­на­ны құ­рады, ал тауық жұмыртқасын өн­діру 0,3%-ға өсіп, 2,1 млрд дана болды. Өңір­лер бойын­ша ең жоғары өсу қарқынын Түркіс­тан, Қостанай, Алматы, Павло­дар, Жам­был, Қызылорда, Атырау облыстары көр­сетіп отыр. Бірінші жартыжылдық­та ірімшік пен сүзбе өндірісі – 16,8%-ға, өң­делген күріш – 11%-ға, өсімдік майы – 9,3%-ға, ашытылған сүт өнімдері 5,6%-ға өс­кен. Өсімдік шаруашылығында жалпы өнім көлемі 72 млрд теңгені құрады, бұл өт­кен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық. Ерте пісетін көкөніс пен дәнді дақылдар өсімге негізгі үлес қосты. Жалпы, өсімдік шаруашылығының толық қорытындысы астық жинау науқаны біткен соң белгілі болады. Сонымен қатар азық-түлік өндірі­сіндегі негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі 5,4%-ға артып, былтырмен салыстырғанда 68,7 млрд теңгені құрады», деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин.

Министрлікте  мал шаруашылығындағы статис­тиканы нақтылыққа келтіруге қатыс­ты жұ­мыс аяқталған. Мұндай жұмыс өсім­дік шаруашылығында жалғасып жатыр. Бүгінде Ұлттық статистика бюросы және облыс әкімдіктерімен бірлескен жұ­мыс нәтижесінде 2 млн мал, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыс­тарына несие берудің жалпы көлемі ал­ғаш рет 580 млрд теңгеге жетті. Үкімет жыл басындағы 180 млрд теңге жеңілдікті қаржыландыруға қосымша шаруаларға жылдық 5%-бен несие беру үшін 400 млрд теңге тартқан. Қарыз алуды жеңілдету үшін қаржыландырудың тағы бір арнасы – өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары (ӘКК). Қазір елдегі 6 облыс ӘКК арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмысына 65 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлген. Сондай-ақ кепіл тапшылығы мәселесін шешу үшін (оның ішінде өткен жылғы несие беру мерзімінің ұзартылуына байланысты) «Даму» қоры арқылы қарызды кепілдендіру тетігі енгізілді. Бұл қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдікпен жабуға мүмкіндік беріп отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырма­сымен осы жылдың наурыз айынан бері отандық тыңайтқыштарды алдын ала суб­сидиялау тетігі енгізілді. Бұл – шаруа­ларды алдын ала отандық арзан тыңайт­қыш­тар­мен қамтамасыз ететін жаңа ынталандыру тетігі. Субсидиялау мөлшерлемесі 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайды. Бүгінде отандық тың­айтқышқа сұраныс күрт өсті. Мысалы, былтыр 676 мың тонна болса, биыл 1,5 млн тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазір 1,1 млн тоннасы сатып алынды», деді О.Тілебалдин.

Саладағы өнімділікті жоғары деңгейге жет­­кізуде маңызды фактордың бірі – са­па­­лы тұқым. Биыл элиталық сұрыптарды пай­­да­ла­ну 9%-ға дейін артқан. Ел­дегі­ тұ­қым ша­руа­шылығы мә­селеле­рін­ ше­шу үшін Ауыл ша­руа­шы­лы­ғы дақыл­дары­ның се­лек­циясы мен тұ­қым ша­­руашылы­ғын дамытудың 2024–2028 жыл­д­арға ар­нал­ған кешенді жоспары қабыл­данған. Жоспарда селекция және тұқым шаруашылығындағы заңнамалық базаны жетілдіру, ауыл шаруашылығы ғылымын заманауи зерттеу әдістеріне көшіру және білім бағдарламаларын жаңарту шара­ла­ры қамтылған. Сондай-ақ құжатта аграр­лық ғылымның және селекциялық-тұ­қым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және тиімді тұқым шаруашылығы жүйесін құру көзделген. Жоспарды іске асыруға 63,4 млрд теңге қарастырылған.

Тағы бір жаңалық, ауыл шаруашылығы тех­никасын лизингке жылдық 5%-бен беруге «Қаз­АгроҚаржы» АҚ үшін қо­сым­ша 100 млрд теңге тарту ша­ралары ен­гізілді. Жоспарланған қаражаттың 32,2 млрд теңгесі игерілген. Бұл бойынша қаржы­ландыру 450 млрд теңгеге дейін өседі.

Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесімен инфрақұрылымдық жоба­лар­ға несие беруге қаражат тарту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арқылы 2,5%-дық жеңілдікпен несие беру көзделген. Бағдарлама шеңберінде 100 млрд теңге сомасына 65 тауарлы сүт фермасын қаржыландыру басталды. Осы арқылы қосымша 373 мың тонна сүт өндірісін қамтуға мүмкіндік береді.

«Президент тапсырмасымен биылдан бастап бағдарлама көптеген бағытты қамтиды. Енді тауарлы сүт фермалары, суа­ру, көкөніс сақтау қоймалары мен құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар, тағы 8 бағыт қаржыландырылады. Оның ішінде етті мал шаруашылығы кәсіпорындары, жеміс қоймалары, өнер­кә­сіп­тік жылыжайлар, ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін тереңдете өңдеу кәсіпорындары, құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторлар бар», дейді министрліктің ресми өкілі.