Қылмыс • 21 Тамыз, 2024

Заңсыз әрекеттің жолы кесілді

74 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, азаматтардың құқығын бұзу дерегі азаяр емес. Мұндай өрескел әрекет балтыры сыздап, басы ауырған жандар жүгінетін дәрігерлер тарапынан да болып отыр. Тіпті кей дәрігерлер азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен қамтамасыз ету міндеттерін елемеуді әдетке айналдырған. Мәселен, Атырау облысындағы Жылыой аудандық прокуратурасы Құлсары қаласында есепте тұрған 4 мыңнан аса науқасқа тегін дәрі-дәрмектің берілмегенін анықтады.

Заңсыз әрекеттің жолы кесілді

Фото: Halyq Uni

«Аудандық орталық ауруханада есепте тұрғандықтан, тегін дәрі-дәрімек алатын нау­қастардың саны негізсіз қысқартылған. Дәрі­лік заттар уақтылы жеткі­зіл­ме­ген. Жылыой аудандық про­ку­ра­ту­расының қадағалау актісі бойынша аудандық орталық ауруханада қант диабеті, арте­риал­дық гипертензия диаг­ноздарымен есепте тұрған 4 мың 54 адамға 19 млн 155 мың 349 теңгенің 4 866 қаптама көлемінде дәрі-дәр­мек­тері берілді. Оның ішінде «Джардинс», «Инвокана», «Тра­жента», «Форсига» тағы басқа дәрілер бар. Осылайша, аудандық прокуратура тұрғындардың конституциялық құқықтарын қалпына келтірді», деп хабар­лады облыстық прокуратура­дан.

Ел азаматтарының кон­сти­ту­циялық құқығының, түрлі заң­дылықтың сақ­талуын қада­ғалайтын прокура­ту­ра­ның қызметкерлері ақже­лең­ділер тарапынан тағы бір заңсыздықты әшкереледі. Бұл жолы Мақат аудандық ауруханасының дәрігерлері 13 өндірістік жарақат дерегін жасырып қалғаны анықталып отыр.

«Медициналық мекеменің қызмет­керлері 13 өндірістік жарақат фактісін жасырған. Аталған фактілер бойынша жұмыс берушінің кінә­сінің дәрежесін анықтау үшін міндетті тексеру-тергеу қамтамасыз етілмеген. Сал­дарынан жәбірленушілер өздеріне тиесілі өтемақы алу құқығынан айырылды. Прокурорлық қадағалау ак­ті­сі негізінде аудандық аурухана Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 96-бабының 1-бөлігімен (Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламау) әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп мәлімдеді об­лыстық прокуратурадан.

Ал аудандағы Бейбарыс ауылдық округінің әкімі мемлекетке қомақты шығын кел­тіретін заңсыз әрекетке барған. Ол «Первомайский» ЖШС-ға понтонға орнатылған су насосы стансасын тендер өткізбей, сенімгерлікке беріп жіберген.

«Махамбет аудандық про­­кура­ту­расының талдауы шаруашылық субъектісі пон­тондық стансаны мемлекетке зиянды түрде қолдануды жалғастырып келгенін анық­тады. Осыған байланысты аудан әкіміне заң бұзу­шылықты жою туралы ұсыныс берілді. Құны 38 миллион теңгені құ­райтын насос стансасы мемлекет иелігіне қайтарылып, ауылдық округ әкімі мен есепшісі тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылды», деп хабарлады облыстық прокуратурадан.

Әрине, заңсыз әрекет ерте ме, кеш пе, әйтеуір, әшкере болатыны даусыз. Ел­дің мүддесіне нұқсан кел­тіріп, тұрғындардың кон­сти­туциялық құқығын бұзғандар әкімшілік, не өзге жауап­кер­ші­лікке тартылып жатыр. Алайда әділетті қоғам құруға қадам басқан сәтте заңсыз әре­кетке баратындар азаймай отыр. Әр деңгейдегі басшылар қоғаммен бірге жаңаруға, құқықтық сауа­тын жетілдіруге талпынбаса, әділетті Қазақстанның өркендеуіне қалай үлес қосады?

 

Атырау облысы