Өндіріс • 23 Тамыз, 2024

Баламасы аз, сұранысы көп кәсіпорын

104 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайдағы арматура-оқшаулағыш зауыты жоғары кернеулі электр желілерінде пайдаланылатын шыны, полимер, фарфордан құйылған оқшаулағыштар мен желілік арматура шығарады.

Баламасы аз, сұранысы көп кәсіпорын

2014 жылы Рудный қаласында іске қосылған бірегей кәсіпорын таяуда облыс орталығына көшірілді. Бұған дейін жоғары вольтты электр желілері үшін жылына 500 мыңдай оқшаулағыш шығарып келген зауыт енді өнім көлемін 1,5 млн-ға дейін ұлғайтты. Өнімдерін Өзбекстан, Эстония, Қытай, Камерун, Тунис, Түркия, Польша, Бразилия елдеріне экспорттауды көздеп отыр.

Зауыттың атқарушы директоры Самат Мүкеновтің айтуына қарағанда, әлемде мұндай 13-ақ кәсіпорын бар. Осы он үштің ортасынан ойып тұрып орын алған Қостанай арматура-оқшаулағыш зауытының өнімдері жоғары сұранысқа ие.

пр

«Онжылдық тарихы бар кәсіп­орынды биыл Рудный қаласынан Қостанайға көшіру туралы шешім қабылданды. Облыс орталығындағы жұмысы­мыз табысты болады деп сене­міз. Бұған дейін де жоғары көрсет­кіштерге қол жеткіздік. Жұмыскерлердің жалақысы өсті. Бұрын олар қолына 168 мың теңге алып келсе, енді 268 мың теңге алады. Жұмысшы еңбегі лайықты бағалануы керек. Біздің зауыт – еліміздегі электр желісіне арналған шыны изоляторлардың барлық түрін өндіруге индус­триялық сертификатқа ие бірегей әрі жалғыз кәсіпорын. Сондықтан өз өніміміздің сапасына және қауіп­сіздік талаптарына сай еке­ніне кепілдік береміз. Зауыт тек елі­міздің емес, бірталай шет мем­­лекеттің энергетика саласын дамытуға барынша атсалыса­ды. Бүгінде экспорт көлемін ұлғай­тып, алыс-жақын шетелдерге өнім жеткізуді бастадық», дейді кәсіп­орын басшысы Артем Бутин.

Кәсіпорынның тұрақты тұтыну­шыларының қатарында «Қазақ­стан темір жолы», «KEGOC», «ҚазТрансОйл», «Қазақмыс» сынды ірі компаниялар бар.

«Қазақстан арматура-оқ­шау­лағыш зауыты» ЖШС – ТМД кеңістігіндегі ең ірі зауыт Оңтүстік – Орал арматура-оқшаулағыш зауытының еншілес компания­сы екенін айта кеткен жөн. Кәсіпорын қала бюджетіне салық түрінде қомақты қаржы құйып отыр. Рудныйда жұмыс істеген соңғы 4 жыл ішінде қала бюджетіне 5 млрд теңгеге жуық салық төлеген.

Оқшаулағыш зауыты, қазір­ше, толық циклді өндіріске көше қойған жоқ. Кәсіпорынға қажет шикізат жылына 10 млн шыны бөлшек дайындайтын Оңтүстік – Орал зауытында дайындалады. Ал арматуралар Орск – Халилов металл комбинатында құйылады.

«Соңғы он жыл ішінде 4,2 млн изолятор шығардық. Бүгінге де­йін 11,6 млрд теңгеге өнім сатып­пыз. Өнімдерімізді елдегі энергия­лық компаниялардың бәрі алады. Жалпы, елімізде изоля­тор­ларға сұраныс жоғары. Осы сұра­нысты өтеу үшін жылына 1 млн-ға жуық оқшаулағыш шығаруы­мыз керек. Отандық компания­лардан артылғанын Ресейге, Әзер­байжанға, тіпті Өзбекстан, Қырғыз­стан елдерінде Қытай компаниялары салып жатқан нысандарға да жібереміз», дейді зауыт басшысы.

Оқшаулағыштар арнайы вибра­циялық станоктардың көмегімен дайындалады. Одан кейін арнайы құрылғы арқылы дайын өнімнің беріктігі сыналады.

«Мұндай құрылғымен жұмыс істеу аса қиын емес. Тек техноло­гия мен қоспа мөлшерін қатаң сақтап отыру керек. Шыны және фарфор изоляторлар­ды нығайтқыш цемент ерітіндісін дайындау барысында қажет қоспа­лар микронмен өлшенеді. Одан артық ештеңе қосуға болмайды. Өнім дайын болған соң, жеті тәулік бойы кебеді. Одан кейін оқшаулағыш бойындағы бүкіл ылғалдан ада болғанша, тағы да жеті күнге арнайы камераға саламыз. Одан кейін изоляторлар сынақ цехына жіберіледі», дейді атқарушы директор Самат Мүкенов.

Кәсіпорын алдағы уақытта электр бағанасына желі бекітетін арматураны өзімізден шығару мәселесін қарастырып жатыр.

 

Қостанай облысы