Қоғам • 23 Тамыз, 2024

Салалық журналистика дамып келеді

55 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше елордамыздағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығында БАҚ өкілдері мен блогерлерге діни тақырыптарды жариялау ерекшеліктерін оқыту семинары өтті.

Салалық журналистика дамып келеді

Фото: abai.kz

Іс-шараның негізгі мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне діни мәселелерді дұрыс жариялауда көмек көрсету, сондай-ақ тақырыпты кәсіби түрде жариялау дағдыларын шыңдауға мүмкіндік беру. Семинарды ашқан Орталықтың басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дианна Есенова материалдарды дайындау кезінде дұрыс діни терминдер мен ұғымдарды қолданудың маңыздылығын атап өтті.

«Дін – өте өзекті әрі нәзік тақырып. Бұл салада мақала жазуда немесе сю­жет түсіруде сақтық пен ұқыптылық керек. Ешкімнің діни сені­мін қорлауға, дінаралық наразылық туғызуға, зайырлы мемлекеттің ұста­ным­­дарына қайшы ақпараттарды шығаруға жол бермеген ләзім. Әрбір журналистің, блогердің мақсаты – ел ішіне дүрбелең салу емес, қоғамның бірлігі мен тыныштығын сақтауға үлес қосу. Сол себепті діни ақпаратты жазуға үл­кен жауапкершілікпен келген жөн»,  деді ол.

Сонымен қатар тренинг жұмысына қатысқан Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Дін істері комитеті Діни экстре­мизмнің алдын алуды интернет-кеңіс­тігінде үйлестіру бас­қармасының бас­шысы Жапал Долиев тақырыпты одан әрі қаузап, БАҚ-та діни материал жа­рия­лау­­дың нақ­ты кейстеріне тоқ­талды.

Жиын барысында қатысушылар жетекші сарапшылардан діни тақы­рып­­тарды дұрыс жариялау мәсе­ле­леріне қатысты құнды ұсыныстар алып, өзекті мәселелер мен сын-қатер­­лерді талқылады. Этикалық аспек­ті­лерге, бейтараптық пен объек­тив­тілік қағидаттарына, сондай-ақ ді­ни төзімділікті сақтау мен елдегі әртүрлі конфессияларды құрметтеу мәселе­леріне ерекше назар аударды.

Айта кетсек, кейінгі жылдары дін тақырыбында жазу – салалық журналистика бағыты ретінде дамып келеді. Бұл – уақыт талабынан туын­даған маңызды үрдіс. Діни мақа­ла немесе ақпаратты осы салада төселген, діни терминдерден хабары бар, әрбір діннің негізгі ерекшеліктері мен қағидаттарын білетін адамның жазғаны жөн. Бұл ел ішінде діни алауыздықтың туындамауына және сыни ойлау қабілеті төмен жандардың адаспауына себеп болмақ. Осы және өзге де маңызды ойлар айтылған семинардың соңында барлық қатысушыға сертификат тапсырылды.