Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Экономикалық сарапшы Тоғжан Қожалының айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың тиімділігін бағалау әдістері шығынның арнасын пайдаға бағыттау мүмкіндігін тежеп келді. Бағдарламаны басқарудың мұндай тәсілі мемлекеттік органдарды тендерлік машинаға айналдырып, шығынға талдау жасау мүмкіндігін шектеп тастады. Ал Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бағдарламада айтылған міндеттерді айналып өтуді әбден меңгерген аймақтық әкімдерге, солардың жұмысын бақылап отырған Үкіметтің экономикалық блогіне мінез көрсете алмай, мемлекеттің стратегиялық маңызы бар құжаттарын тұйық шеңберге қамап қойды. Басқаша айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың нұсқасын дайындаған жұмыс тобы оның нәтижесіне баға беретін сырт пікірдің есігін жауып тастап, өзін-өзі бағалауға, қажет болса келесі бағдарлама арқылы дамытуға мүмкіндік беріп қойған. Соның нәтижесінде 2005-2018 жылдар арасында елде 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылыпты.
«Тамыз айының басында Үкімет басшысы Олжас Бектенов облыс әкімдерінің қызметін бағалау жүйесі ескіргенін, енді ол басқа өлшеммен бағаланатынын айтты. Олардың жұмысы өздерінің жауапкершілігіндегі аймақтарда жұмыссыздық мәселесінің қалай шешілгені, ұлттық жобалардың экономикаға әсері деңгейімен бағалануға тиіс. Сол кезде ғана ұлттық жобалар ішкі нарықтың күре тамырына қан жүгіртеді. Үкімет бұл реттегі ұстанымын ашып айту керек. Батыс елдерінде мұндай жобалардың экономикаға әсері триллиондармен бағаланады. Ресейде аяқталған мемлекеттік бағдарламалардың пайдасы, зияны, кемшілігі туралы деректердің басы ашық. Біз күні бүгінге дейін қолданыста болған бағдарламалардың ІЖӨ-ге қалай әсер еткенін, ішкі нарыққа қанша қаржы құйғанын білмейміз. Олардың кейбірінің шартты мерзімі аяқталмай жатып, екінші бағдарламаға ауысып кеткен кездері де болды», дейді сарапшы.
Үкімет 2022 жылдың күзінен бастап 10 ұлттық жобаны іске асыруға кірісті. Жоғары аудиторлық палата 9 ұлттық жобаның 7-еуінің тиімділігі төмен екенін мәлімдеді. Сарапшының айтуынша, күні бүгінге дейінгі кемшіліктердің бәрін мемлекеттік бағдарламалардың немесе ұлттық жобалардың көптігімен байланыстыруға болмайды. Дамыған елдердің біразы елдің 5-10 жылдағы даму бағытын түрлі деңгейдегі бағдарлама, түрлі жоба арқылы реттеп отырады. Біз ұлттық жобаларды жоғары аудиторлық палатаның сүзгісінен өткізіп алу арқылы бұл бағытты нарық заңымен жүйелегендей болдық.
Қаржыгер-сарапшы Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, ұлттық жобаларды жоғары есеп палатасының сүзгісінен өткерумен шектеліп қалуға болмайды. Экономикаға дем беруге, дамытуға бағытталған бағдарламаларды қабылдаған кезде оның нарықпен интеграциялану мүмкіндігіне назар аударылады.
«Біздің бағдарламаларымыз, жобаларымыз сауатты дегенді жиі естимін. Бірақ оны жүзеге асыруға келгенде бір кедергілердің қолдан ұйымдастырылатыны мемлекеттік деңгейде мойындалып жүр. Мемлекет басшысы кезінде «Реформа мониторингі орталығын» құру, соңында ауқымды аудит жүргізу керегін айтты. Егер елдегі реформалар мен бағдарламаларға мониторинг жасайтын орталық ашылып, ол орталық Мемлекет басшысына ғана жауап беретіндей мәртебеге ие болса, біраз нәрсе өзгерер еді. Экономикалық-әлеуметтік бағдарламалардың орындалуын бақылап отыратын Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті министрліктерді тікелей сынамайды, бұдан кейін мәселе жабулы күйінде қалады», дейді Б. Зиябеков.
Сарапшы Жарас Ахметовтің айтуынша, алдағы бесжылдықтарда мемлекеттік бағдарламалардан бас тарту қиын. Бюджет бағдарламалық қағидат бойынша құрылған. Біз сияқты әлеуметтік қағидаттарға басымдық беретін елде кез келген сала мемлекеттің қолдауынсыз алға жылжи алмайды.
«Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы есептер қолжетімді болса, елдің дамуына оң ықпал етеді. Бірақ мемлекеттің араласуын қажетсініп тұратын салаларды нақтылап алуымыз керек. Біздегі бағдарламалардың басым көпшілігі әлеуметтік салаға, ауылды дамытуға бағытталған. Бірақ осы салалардың экономикаға әсері әлі мардымсыз. Ауыл шаруашылығы, ауыл бизнесінің ІЖӨ құрылымындағы үлесі айтарлықтай өскен жоқ. Басқа салаларға жасанды қолдау көрсету нарық конъюнктурасын бұрмалап, тұрақты экономикалық дамуды тежейді», дейді сарапшы.
Оның сөзінше, кез келген ел мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарлама арқылы ішкі нарықты қолдауға басымдық береді. ДСҰ заңы бұл көзқарасты құп көрмесе де жан-жағымыздың бәрі ішкі нарықты сыртқы факторлардан қорғаудың сан түрлі тәсілін ойлап тапқан. Бізде қазір ДСҰ ғана емес, ЕАЭО -ға мүше елдердің импортынан нарықты қорғау тәсілін әрбір Ұлттық жобаға жекелеген баптар ретінде сынамалап-заңдастырып жіберетін кез келді.
«Бұл мәселе сан рет айтылса да, Үкімет ескеретін емес. Себебі тендерде бағы жанған кейбір компаниялар елде баламасы болса да, импорт тауарларды ала салғанды жөн көреді. Бұл көзқарас мемлекеттің импортты алмастыруға бағытталған ұлттық жобаларын көзін бақырайтып тұрып мансұқтау деп қабылданады. Қазір отандық тауарлардың экспортқа және ішкі нарыққа арналған бірнеше каталогі бар. Қаржы министрлігі дайындаған «Электрондық өнім каталогі» тендер жеңімпаздары үшін бас құжат болуы керек. Апта басында Премьер-министр импортты алмастыру, оның ішінде офтейк келісімшарттар арқылы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Индустрия министрлігіне ірі мердігерлердің отандық шикізат пен материалдарды пайдалану жөніндегі міндеттемелерін бақылаудың тиімді тетігін әзірлеуді тапсырды. Халықаралық тәжірибеде ішкі нарық, отандық өнімдер осы офтейк келісімдер арқылы қорғалады. Мұндай шарттар ұлттық жобаның әрбір бабында көрініс тапқанда ғана олар ІЖӨ-ге, экономикалық дамуға мультипликативті деңгейде әсер етеді», деп сөзін аяқтады Ж. Ахметов.
АЛМАТЫ