Білім • 23 Тамыз, 2024

Ұлт дамуындағы серпінді жоспар

98 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыруды көздейді. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған стратегиялық жоспар Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарымен тығыз астастырылып, жүйелі сабақтастырылған.

Ұлт дамуындағы серпінді жоспар

Ұлттық даму картасында елдің ішкі жалпы өнімі алдағы бес жылда 450 мил­лиард долларға жетіп, нақты эконо­микалық өсу қарқыны 5,3-тен 6,7-ге дейін, өмір сүру ұзақтығы 77 жасқа жетуге тиіс деп көрсетілген. Осы және басқа да бағдарлы көрсеткіштердің астарында ел дамуына серпіліс жасайтын орасан зор әлеует жатыр. Өйткені  нысаналы индикаторларға қол жеткізу келесі онжылдықтың басына қарай барлық қазақстандықтың әл-ауқатын тұрақты түрде арттыруға мүмкіндік береді.

Ұлт жоспары өзінің мазмұнымен, алға қойылған міндеттердің айқындығымен, әлеуметтік бағытты­лығымен ерекше. Бағдарламалық құжат өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ету және денсаулық мәселелерін шешу қажеттілігінен басталады. «Денсаулық сақтау» көрсеткіштерінде халықтың са­ламатты өмір салты бойынша сауат­тылығын арттыру, репродуктивті және психикалық денсаулықты нығайту жаппай міндеттеледі. Мінез-құлықтық қауіп факторларының алдын алу, вакцинациялау, профилактикалық тексеру және скринингтен өту алдыңғы кезекке қойылған. Ана мен бала өлімін азайту, санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету, ден­саулық сақтауды қаржыландыру жүйесін жетілдіру сеніп тапсырылған. Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру бойынша кешенді шараларды қабылдау қажеттігіне басымдық берілген. Оның ішінде жасанды интеллект бағдарламаларын пайдалану, медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру, жоғары медициналық білім беру ұйымдарын халықаралық аккредиттеу, университеттік ауруханалар мен емханалар құру және оларды дамытуға ден қойылған.

Жоспарды іске асырудың негізгі қағидаттарының қатарында «сапалы білім беру, кәсіпкерлік және шығар­машылық бастамаларды қолдау», сон­дай-ақ «инновациялық белсенділікті арттыру, серпінді кәсіпкерлік орта құру» қажеттігі бар. Бұл міндеттемелер бұлжытпай орындалуға тиіс, өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іс жүзінде білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатқа басшылық жасайды және бақылауды жүзеге асырады.

Даму жоспарында ғылымның ұлттық моделін қайта іске қосу, ғылым­ды қаржыландыру, ғылыми инфра­құрылымды жаңғырту және цифрландыру, ғылыми кадрлардың қатарын жасарту қажеттігі айтылған. Коммерцияланған жобалардың үлесін арттыру, ғылымды басқару сапасын жақсарту, университет ғылымын дамыту, ғылыми қызметкерлер санын көбейту күтіліп отыр.  Ғылыми зертханалар мен ЖОО жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отыр.

Қазақстандағы жоғары білімнің алдында заманауи сын-қатерлерге, соның ішінде онлайн және аралас оқытуды белсенді енгізу арқылы жаңа сұраныстарға тиімді бейімделу міндеті тұр. Оқыту үдерісіне индивидуалды және тиімді білім беру моделіне көшуді қамтамасыз ететін ЖИ технологияларын ұдайы енгізеді.

Генеративті жасанды интеллект интеграциясына білім беру үдерісін бейімдеу бойынша жұмыс Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2023 жылы басталды. Жұмыс берушілер ЖИ дағдыларын меңгерген түлектерді жоғары бағалайды. Сондықтан университет білім алушы жастардың «GenAI» бағдарламаларын игеруіне барынша жағдай жасап отыр.

Бүгінгі таңда білім ордасы ғылыми зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес университеттік ғылымды кешенді дамы­туға күш салып жатыр. Ғылыми зерттеу базасын жақсартып, қажетті жабдықтар мен технологияларды жаңарту және ғылыми жобалар есебінен ұжымдық пайдаланудағы оқу зертханаларын заманауи жарақтандыру қолға алынуда. IT-инфрақұрылымға инвестиция салуды, университет пен оқу орны жанындағы ғылыми зерттеу институттарының пас­портын цифрландыруды жолға қойды. Сонымен қатар «E-Labs» модулін іске қосу, құжат айналымын 2025 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін электрондық форматқа ауыстыруды көздеп отыр.

ҚазҰУ бұдан бөлек қазіргі сәтте Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің отырысы аясында қол жеткізген келісімдерді жүзеге асыруды бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі аясында суперкомпьютер орнату бойынша ресми құжатқа мөр басылған болатын. Қытай Халық Республикасының Үкіметі суперкомпьютерді ҚазҰУ қалашығына тарту етпек. Екіжақты жоспар бойынша суперкомпьютер ҚазҰУ-ға қыркүйек айында жеткізіледі. Қуатты компьютерлерді орналастыру қосымша уақыт талап ететіндіктен, жаңа орталықты пайдалануға беру жыл соңына дейін жалғасады. Бұл ғылыми зертхана жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы ғалым-сарапшыларға деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.  Суперкомпьютердің ең жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды және Орталық Азиядағы ең қуатты құрылғы болмақ.

Тағы бір үлкен жаңалығымыз, 2025 жылдан бастап ҚазҰУ ғарышқа наноспутник ұшыруға дайындалып жатыр. ШЫҰ саммитінде оқу орнымыз Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен микроспутниктік ғылыми зерттеу жобаларын жүзеге асыруға уағдаласты.

ҚазҰУ-дың Инновациялық технологиялар паркі өндірістік роботтехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығын ашуды қарастырған. Осы мақсатта университет «Автоматты қазандықтар» ЖШС, «Қазақстандық автоматтандыру және роботтехника қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі және Оңтүстік Дания университетімен бірлескен консорциум құрды. Наурыз айында Қазақстандағы «KUKA» компаниясының дистрибьюторы «Quality Technologies» ЖШС-мен роботтарды жеткізу бойынша шарт жасалды. Шартқа сәйкес өндірістік роботтарды жеткізу мерзімі алты айды құрайды.

Білім ордасында «Samsung», «Huawei», «ZTE» және басқа да  жетекші компаниялардың ғылыми және білім беру орталықтары жұмыс істейді. «Huawei» компаниясының қолдауымен Қытай­дың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы аумағында «5G/5.5G коммуникациялық технология­лар» зертханасы құрылды. Ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасы мемлекеттік кеңесі премьерінің орынбасары Лю Гочжун қатысты. Орталықта телекоммуникациялық байланыс жүйелерінің мамандарын даярлау, жаңа технологияларды меңгеріп, интернет жылдамдығын жетілдіру, 6G желісін енгізу жұмыстары атқарылады.

Қазіргі мезетте ҚазҰУ ғалымдары құны 26 млрд 240 млн 781 мың теңге тұратын 394 жобаны жүзеге асыруда. Географ-ғалымдарымыз ұтып алған 3,8 млрд теңгенің мегагранты аясында факультетте «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылып, алғашқы нәтижелерін көрсете бастады. Орнықты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана Ұлттық даму жоспарының негізгі көрсеткіштерін толықтай қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған қосымша «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы іске қосылды. Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруінен болатын су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, аймақтағы су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи қауіп-қатерлерге мониторинг жүргізеді. Мамандар климаттық өзгерістердің әсерінен елімізде су тапшылығы орын алу қаупі барын болжап отыр. Сын-қатерлердің алдын алу үшін ҚазҰУ-да биыл «Су дипломатия­сы» мамандығы ашылды. Білім беру бағ­дар­ламасы өзекті су мәселелерін шешуге, су ресурстары мен экологиялық мәсе­лелерді терең түсінуге, суды пайдалану саласындағы келіссөздердің әдістері мен тәсілдерін меңгеруге ықпал етеді.

Химия және химиялық технология факультетінде ашылған заманауи «Farabi Chem Science» тоғыз ғылыми зертхана кластері мен  «Chemical Coating innovations» ғылыми-өнді­рістік орталығы білім мекемесінің кадрлық әлеуетін біршама нығайтты. Сондай-ақ жаңа орталықты гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржы­лан­­дыру шеңберінде 1 млрд теңгеге материалдық-техникалық жабдықтауға мүмкіндік берді. Оқытушы-ғалымдар мен студенттер кластерде мұнай химиясы саласында тереңдетілген зерт­теулер жүргізеді. Отандық медици­налық-биологиялық құралдар мен бактерияға қарсы қорғаныш жабындарын алудың оңтайлы әдістерін де әзірлейді. Мәселен, ота кезінде пайдаланылатын хирургиялық жіптің бетіне ойластырылған антибактериалды жабын – медицина саласы үшін таптырмайтын дүние. Өз кезегінде жараны тіккен жіптердің бетіне бактериялар жиналып, инфекция тудырмаудың алдын алады. Бактериямен күресетін наноөлшемдегі жабындылардың жарамдылығы – бір ай, елімізде бұрын-соңды өндірілген емес. Университет базасында шығарылып жатқан гальваникалық қаптамалар да машина жасау өндірісі үшін өз септігін тигізері анық.

Ал сәуір айында тұтынушылар игілігіне берілген «Фараби» заманауи обсерваториясы – университеттік ғылымды дамытуға жасалған тағы бір маңызды қадам. Ғарыш әлеміне қызығушылар мұнда деректерді өңдеу, жинау және тарату, қашықтан басқару, фотометрлерді қолдану, ірі телескоптармен  жұмыс істеу әдістерін үйренеді. Соңғы үлгідегі телескоптар әзірге басқа оқу орындарында кездеспейді. Бұған қосымша, ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына орай, жаңадан бой көтерген 4000 шаршы метрлік «Farabi HUB» инновация­лық орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Инновациялық хаб талантты кәсіпкерлер мен инновациялық стартаптарды тарту алаңына айналмақ.

«Стратегиялық әріптестік» моделін дамыту бағытында ҚазҰУ АҚШ-тың Penn State университетімен ІТ бағытында бірлескен ғылыми орталық құру, Фран­цияның Экология және қоршаған орта институтымен «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық» зертханасын құру, Жапо­нияның Цукуба университетімен бірлескен Сейсмикалық орталық құру туралы келісімге қол қойды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиа­лын Ресейдің Омбы қаласында ашу келісімдері жасалып отыр. Бұл Ресейдегі халықаралық құқық, кеден ісі және филология саласында екі ел үшін мамандар даярлайтын алғашқы қазақстандық филиал болмақ.

Университет халықаралық беделін арттыруға әрдайым айрықша мән бере­ді. Биыл «QS World University Rankings – 2025» (QS WUR) халықаралық рейтингінде өз көрсеткішін 67 позицияға жақсартты. Әлемдегі Топ-200 университет қатарына кіріп, 163-орынға табан тіреді.  Ал «Times Higher Education University Impact Rankings – 2024» халықаралық рейтингінде Топ 401- 600 орынға ие болды. Білім ордасы бір­ден 400 позицияға алға жылжып, рекорд­тық көрсеткішке қол жеткізді. «QS Asia University Rankings» халықаралық рейтингінде 29-орынға ие болды.

Өмір сүруді жайлы ету, әлеуметтік тұрақтылық деңгейін сақтау және арттыру көрсеткішінің орындалуы да білім шаңырағында назардан тыс қалмайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға инфра­құрылым мен қызметтердің ыңғайлылығы мен қолже­тімділігін қамтамасыз етеді. Осы мақсатта инклюзивті білім беру тұжырым­дамасы бекітіліп, арнаулы әлеумет­тік қолдаулар көрсетіліп отыр. Оқу ғимарат­тарының алдына, сондай-ақ кам­пусқа тайғақ емес жабындармен және тірек тұтқаларымен жабдықталған жаңа сырғыма баспалдақтар орнатылды. Кампуста және оқу ғимараттарында бағыттаушы жолақтар салынған. Тұрақ орындары, жеделсатылар, кіреберіс және ішкі есіктерге ақпараттық көрсеткіштер қойылды.

Ұлттық даму жоспарында жастардың саламатты өмір салтын ұстанудағы сауаттылығын арттыруды білім беру ұйымдары деңгейінде ұйымдастыру нақты көрсетілген. Бұл бағытта университетте бұқаралық спортты дамыту бас­ты қағидаға айналған. Жақында 1986 жылы салынған 3000 орындық стадион күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Жаңа стадион УЕФА мен ФИФА ұйымдарының халықаралық талаптарына сай жасалған. Футбол алаңының жасанды жабындысы мен дренаж жүйесі әлемдегі Топ-3, Орталық Азиядағы Топ-1 талабына сәйкес келеді. Спорт кешенін­де түрлі спорт түрімен шұғылдануға еркіндік берілген.

Қазіргі сәтте Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайына күрделі жөндеу жүргізіліп отыр. ҚазҰУ қалашығы құры­лысының екінші кезеңі бойынша үш оқу корпусы мен үш жатақхананың құрылыс жұмысы басталды. Көшбасшы университет алдағы қызметінде де Ұлттық индикаторлар картасына сәйкес, нақты істер, жемісті нәтижелер ұсынады.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жос­пары – нақты қол жеткізуге болатын мақ­саты мен міндеті бар бағдарламалық құжат. Оны жүзеге асыру үшін әрбір қазақстандық Мемлекет басшысының идеялары төңірегінде топтаса отырып, алға қойған мақсатына өз жұмыс орнында бұлжытпай жетуі қажет.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректор