Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жол картасы іске асырылып жатыр. Мұнайлы өңірден бұл картаға 9 проблемалық мәселе енгізілген. Бұл – экология, олигополия, жол және инфрақұрылым, медицина, бизнесті қорғау, апатты әрі тозығы жеткен тұрғын үй, агроөнеркәсіптік кешен, жылу-электр стансалары мен құрылысы ұзаққа созылған нысандар.
«Жол картасына әзірлеу кезінде өңірдегі шешімін таппаған түрлі түйткіл ескерілді. Түйінді мәселелер қызмет көрсету және түрлі үдерістердің ашық еместігінен, әкімшілік кедергілер мен заңнаманың жетілдірілмеуінен туындайды. Негізгі басымдық – тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға байланысты мәселелерін шешуге атсалысу, олардың өмір сүру сапасын жақсарту», дейді Н.Жахин.
Оның пікірінше, жыл басынан бергі 6 айда аталған салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізіліпті. Әсіресе әлеуметтік қолдау саласында еңбекақы төлеу қорынан бөлінген қаражатты ұрлау, гранттар беру, атаулы әлеуметтік көмек алу, әлеуметтік мақсаттағы нысан салу, мүгедек жандардың құқықтарын шектеу, пациенттер үшін азық-түлік сатып алуға қаржы бөлу кезіндегі тәуекелдерге назар аударылып отыр.
«Мәселен, денсаулық сақтау саласында бағаны жасанды түрде көтеру, медициналық бұйымдарды мақсатсыз пайдалану, мүдделер қақтығысы, еңбекақы төлеу қорынан қаржы ұрлау дерегі бар. Медициналық мекемелердің директорлары өздерінің жоғары оқу орындарындағы оқуына 10,5 млн теңге жұмсапты. Бұл қаржы бюджетке қайтарылды», деп хабарлады Н.Жахин.
Сондай-ақ жол саласына жүргізілген қоғамдық мониторинг кезінде 50-ден астам бұзушылық анықталып отыр. Алайда мердігер компаниялар оны осы кезге дейін жойған жоқ. «Өңірде мерзімі ұзарған құрылыс нысандарына мониторинг жүргізілді. Сондай нысанның бірі Мақат ауданында бар. Мұнда 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй құрылысы әлі аяқталмай тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлердің жүргізген мониторинг кезінде бірқатар кемшілік анықталды. Нысанның қажетті қоршауы жоқ. Жұмысшы персонал да болмады. Темірбетон төсемдерінде жарықшақ пайда болған. Қазір нысан құрылысы қайта жанданды», деп мәлімдеді ол.
Осыған байланысты волонтерлер нысанды мерзімінде пайдалануға тапсыру жөнінде ұсыныс берді. Құрылыс жұмысына бақылау жүргізбеген тапсырыс берушіні жауапкершілікке тартуға бастамашылық жасады.
«Мақат кентіндегі 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Алайда 2023 жылдың басында тоқтап қалған. Себеп – нысан құрылысын жүргізетін мердігерлікке таңдалған «Дан Строй База ЛТД» ЖШС-да қаржылық қиындық туындаған. Аталған құрылыс нысанының жалпы құны 865 млн теңгені құрайды. Осы кезге дейін қаржының 60%-ы игерілген. Тапсырыс беруші сотқа талап арызбен жүгінді. Сотта мердігерден 50 млн теңге көлемінде айыппұл өндіріп алу туралы талап қанағаттандырылды», деп нақтылады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы № 2 әлеуметтік қызметтер орталығын жөндеуге бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Бірақ департамент қызметкерлерінің жемқорлыққа қарсы еріктілермен бірге жүргізген мониторингінің қорытындысымен аталған нысанның жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес еместігі анықталған.
«Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес терезелер жаңасына ауыстырылуы керек еді. Алайда поливинилхлоридтан жасалған терезе блоктері мүлдем ауыстырылмағаны анықталды. Терезе тақталарын өздігінен жабысатын ақ қағазбен жабу арқылы жаңасына ұқсатып қойған. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша тек бас ғимараттағы 200 терезені жаңасына ауыстыру үшін бюджеттен 53,1 млн теңге бөлініп, төленіп қойған», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ нысанның минералды талшықты плиталармен қапталған төбесі қазірдің өзінде қираған. Душ кабиналарында су ағатын крандар жоқ. Есіксіз металл шкаф, кереуеттер жарамсыз күйге түскен.
«Бұл нысан 2023 жылдың 28 желтоқсанында пайдалануға берілді. Жауапты мемлекеттік орган өкілдерінің айтуынша, арнайы орталықта емделуге мұқтаж психоневрологиялық сырқаты бар ересек пациенттер тізімінде 150-ге жуық адам тіркелген. Науқастар пайдалануға берілгеннен кейін жаңа орталыққа орналастырылады. Алайда орталық 7 айдан бері бос тұр», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Облыстық департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер табиғи сипаттағы төтенше жағдай режіміне байланысты бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға алған. Өйткені елімізде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органға қызметтер, іс-шаралар бойынша артық шығындарды қысқарту жөнінде тапсырма берілген еді.
«Алайда кейбір мемлекеттік органдар бұл тапсырманы орындамайтыны анықталды. Мәселен, Жылыой ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі жалпы сомасы 22 млн 321 мың 429 теңгеге ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыстар өткізуді жоспарлаған. Бұл аудан сәуір айында су тасқынынан зардап шеккенін, әлі күнге дейін салдарын жойып жатқанын ескерсек, аталған жарысты өткізу өзекті емес. Осыған байланысты еріктілердің ұсынысымен сатып алу конкурсы толығымен тоқтатылды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған ұқсас жағдай Махамбет ауданында байқалып отыр. Аудандық білім бөліміне қарасты Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебі 16 млн 607 мың 142 теңгеге 2 дана ұлттық киіз үй сатып алмақ болған. Бір киіз үйдің бағасына 8 млн 303 мың 571 теңге ұсынылған.
«Еріктілер жүргізген мониторинг кезінде ұқсас тауардың медианалық бағасы 2 млн 650 мың теңгені құрайтыны анықталды. Мониторинг нәтижесімен сатып алу жойылып, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді. Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер 130 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеді», деді департаменттің баспасөз қызметінен.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің дерегіне қарағанда, «Бизнеске жол» жобасы шағын және орта бизнес иелерінің құқықтарын қорғауға арналған. Осы кезге дейін 1 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған.
«Департамент қызметкерлерінің жұмысы тек тәуекел картасына енгізілген нысандарға мониторинг жүргізумен шектелмейді. Өзге де салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Атап айтқанда, спорт саласында жалған дипломы бар жаттықтырушылар, сондай-ақ бұрын сотталған адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері анықталды», деді Нұрлан Жахин.
Оның пікірінше, білім саласы қызметкерлерінің бір ғана міндеті бар. Бұл – сапалы білім беру және жас ұрпаққа отансүйгіштік, еңбекқорлық, парасаттылық құндылықтарын сіңіру. Бірақ жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға елеулі тосқауыл болатын сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар. Мәселен, сыртқы талдаудың нәтижесімен сыбайлас жемқорлықтың 10-ға жуық тәуекелі байқалған.
«Осыған байланысты тиісті органға 26 ұсыныс берілді. Талдау кезінде 12 мектепте іс жүзінде жұмыс істемейтін 41 «өлі жанға» жалақы аударылған. Салдарынан мемлекетке шамамен 90 млн теңге шығын келтірілгені анықталды», дейді департамент басшысының бірінші орынбасары.
Жемқорлық тәуекелін жоюдың жолы бар ма? Өңірлік департамент басшылары сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоюға ықпал ететін бірнеше ұсыныс беріп отыр.
«Біріншіден, бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу аясында бюджеттік өтінімдерді ұсыну тәртібін бекіту қажет. Екіншіден, жалақы төлеуге, оның ішінде авансты беруге бақылау тетігін әзірлеу, енгізу мәселесінің тиімділігі бар. Үшіншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес педагогтер мен басқа да қызметкерлердің жұмыс сағатын лимиттен тыс белгілеуді болдырмайтын тетік бөлігіне бірқатар ұсыныс бердік. Осы ұсыныстардың тиімділігі байқала бастады. Оның ішінде жымқыру тәуекелдерін барынша азайту мүмкіндігі байқалды. Жергілікті атқарушы органдардың бухгалтерлік есепті жүргізуге қатысты сатып алынатын ақпараттық жүйелердің міндетті параметрлері мен техникалық сипаттамаларын біріздендіру үшін құқықтық жағдайлар жасалды», деп мәлім етті Нұрлан Жахин.
Атырау облысы