Медицина • 23 Тамыз, 2024

Дәрігерлерге лайықты демеу

172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысында кейінгі жылдары денсаулық сақтау саласының инфра­құрылымын дамыту мақсатында бірнеше жоба қолға алынған. Осыған орай өңір орталығы мен аудандарда аталған саланың қызмет сапасын арттыру жоспарланып отыр.

Дәрігерлерге лайықты демеу

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мәселен, «Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы­мен 15 ауылдық елді мекенде медицина­лық мекемелердің жаңа ғима­раты пайдалануға беріледі. Оның ішінде 9 медициналық, 5 фельд­шерлік-акушерлік пункт, 1 дәрі­гер­лік амбу­латория бар. Мұндай ны­сан­дар Құрманғазы, Қызылқоға, Индер және Исатай аудандарында салы­­нып жатыр. 2027 жылға дейін 24 меди­циналық нысан салу көзделіп отыр.

«Қазір Атырау облысында 11 ны­санның құрылысы жүріп жатыр. Бұл қазіргі талапқа сәйкес келеді. Мәсе­лен, Атырау қаласында үш қосалқы стансасымен қоса жедел жәрдем стансасы, онкологиялық диспансері үшін жаңа ғимаратпен радиологиялық корпус, Жұлдыз шағын ауданы мен Амангелді ауылында дәрігерлік амбу­латория, Нұрсая және Өркен ша­ғын ауданында емхана салынып жатыр. Мұнайлы шаһар маңындағы Қайыршақты ауылдық округіне қа­райтын Талқайраң елді мекенінде де емхана ғимаратын салу көзделді. Бұған тұрғындар санының өсуі се­беп болып отыр. Ал Жылыой ауда­нының Қарағай, Махамбет ауда­нын­­дағы Аққайың ауылында меди­циналық пункт, Исатай ауданында фельдшерлік-акушерлік пункт, Құр­манғазы ауданының Сүйіндік, Балқұдық ауылдарынан дәрігерлік амбулатория құрылысы қолға алынды», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Жаңадан салынған дәрігерлік амбула­торияның бірі мұнайлы ша­һар­дағы Жұлдыз шағын ауданын­да ашылды. Амбулаторияның ақже­лең­ділері 13 мыңнан аса тұрғынға медициналық көмек көрсетеді.

«Бұл дәрігерлік амбулаторияда зертхана мен күндізгі стационар бар. Осы кезге дейін мұндағы тұр­ғындар Геолог шағын ауданындағы емханаға қаралатын еді. Енді олар меди­циналық көмекті жаңа амбула­то­риядан алады. Бұдан былай Гео­логтегі емхананың жұмысы жеңіл­деп, науқастарды қабылдау кезегі қысқарады. Осылайша, тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасалды», дейді басқарма басшысы.

Дәрігерлік амбулаторияда 18 кабинет бар. Оның ішінде күндізгі емхана, стоматология, физиотерапиялық емдеу бөлмелері зертханалық құралдар мен тіс емдеуге, өзге де медициналық қызметті көрсетуге арналған аппарат­тармен қамтылған. Мұнда 8 дәрігер мен учаскелік мейірбикелер, акушер-гинеколог пен тіс дәрігері жұмыс істейді. Амбулаторияның ақже­лең­ділері 3 «Haval M6» маркалы қызметтік көлігімен науқастардың шақыртуына жедел жетеді.

Жаңадан қолданысқа берілетін осындай нысандарда жұмыс істейтін кадр мәселесі қалай шешімін табады? Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы кадр жетіспеушілігін болдырмас үшін бірнеше бағдарлама әзірлепті. Біріншісі – біржолғы әлеуметтік өтемақы төлеу, екіншісі – қызметтік пәтер беру. Бұған қызығу­шылық танытқан 150-ге жуық маман өзге өңірлерден келуі мүмкін. Осыған байланысты биыл 100-ден аса медицина қызметкеріне әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр.

«Атырау облысында өткен жылдан бері өзге өңірлерден келген тәжі­рибелі және жас мамандарға бір­жолғы әлеуметтік өтемақы мен қыз­меттік пәтер беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Былтыр өңірде 103 медицина маманы әлеуметтік көмек алды. Мамандардың 40-қа жуы­ғы аудандық, ауылдық мекемелерге жұмысқа орналасты. Ауылға жұмысқа барған мамандарға 5 млн теңге, ал Атырау қаласындағы медицина мекемелеріне қызметке орна­ласқандарға 3 млн теңге көмек берілді», дейді Қ.Абдалиев.

Оның айтуына қарағанда, биыл аталған жобаға өзгеріс енгізіледі. Мәселен, өтемақының мөлшері арта­ды. Енді Атырау қаласында жұ­мыс істеуді қалаған мамандар әлеу­меттік өтемақы ретінде 5 млн тең­гені иеленді. Ал аудандардың орта­лығына жұмысқа барған медицина қызметкерлеріне берілетін өтемақы 7 млн теңгені құрайды. Ауылдардағы тұрғындардың денсаулығын жақсар­туға үлес қосқысы келетін дәрігерлер үшін өтемақы 10 млн теңгеге жетеді.

«Бұл ұсынысты облыстық мәсли­хат қарауына ұсындық. Сала қыз­меткерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін «Отбасы банкпен» бірлескен жобамыз бар. Жобаға сәйкес медицина мамандары бастапқы жарнасын төлемей 20 жылға баспана сатып алуына болады. Үстеме мөлшері – 5 пайыз. Осындай қолдау көрсетілетін Атырау облысындағы кадр мәселесін оң шешу үшін медициналық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, жас дәрігерлерді шақырып отырмыз», деді Қ.Абдалиев.

Атырауға келген жас маман­ның бірі – акушер-гинеколог Гүлфара Көк­тенова былтыр қазанда облыс­­­­тық перинаталдық орталыққа жұ­­мыс­қа орналасыпты. Желтоқсан ­айын­­­­да әлеуметтік өтемақыны қолы­на алған.

«Ресейдің Астрахань қаласынан медицина университетінде оқып, ­акушер-гинеколог мамандығын Қазан қаласындағы жоғары оқу орны­нан алып шықтым. Жергілікті әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасы тарапынан медицина мамандарына көп қолдау көрсетіліп жатыр. Өзім жұмысқа орналасқаннан кейін көп кешікпей 3 млн теңге өтемақы алдым. Қазір біздің перинаталдық орталық­та білікті мамандар көп. Тәжіри­белі әріптестеріммен бірлесе жұмыс істеп, біліктілігімді арттырып жүрмін», ­деді Г.Көктенова.

 

Атырау облысы