Еске сала кетейік, Азат Мәлік – «Astana Opera» халықаралық опера академиясының, сондай-ақ Ференц Лист академиясының түлегі. Оның Мажарстан мемлекеттік опера театрымен тығыз байланысы Будапештте магистратурада оқып жүргенде, Ева Мартон байқауындағы жеңісінен кейін басталған еді. Бұған дейін ол Мажарстан сахнасында А.Понкьеллидің «Джоконда» операсындағы Барнабаның, Ж.Бизенің «Кармен» операсында Эскамильоның, Дж.Пуччинидің «Богема» операсында Шонардың рөлдерін ойдағыдай орындады.
«Бұйырса, қыркүйек-қазан айларында «Қытайдағы Никсон» операсының 5 спектакліне қатысамын. Ол жерде Қытай Халық Республикасы құрылғаннан бастап, өмірінің соңына дейін осы елдің Мемлекеттік кеңесінің бірінші премьер-министрі болған Чжоу Эньлайдың басты рөлін сомдаймын. Осыған дейін Мажарстан мемлекеттік опера театрында бірқатар спектакльде өнер көрсеткен едім. Сондықтан осы ел мен үшін сондай ыстық, адамдары да мейірімді. Ал көрермені операны жақсы қабылдайды. Әр спектакльден кейін ізгі тілектерін айтып, әсерлерімен бөліседі, қайтадан сол сахнада қуана күтеді», дейді Азат Мәлік.
«Ұстазым – Мажарстанның Халық әртісі, әлемге әйгілі опера әншісі, Ф.Лист атындағы Мажарстан ұлттық музыка академиясының профессоры Ева Мартон, ал концертмейстерім – осы академияның профессоры Каталин Алтер жақын жандарымдай болып кетті. Маған сенім артып, арнайы шақырғандары үшін аталған елдің мемлекеттік опера театрына ризашылығымды білдіргім келеді. Қашан барсам да, төрін ұсынып, жақсы қарсы алып жатады», деді опера әншісі.
Сондай-ақ ол өзі де Ференц Лист академиясының түлегі екенін, сол себепті Мажарстанға жолы түскенде әрдайым өз үйіне барғандай болатынын атап өтті.
«Қытайдағы Никсон» жайлы айтатын болсақ, бұл – Джон Адамстың ең алғашқы операсы. Туынды Ричард Никсонның 1972 жылы ақпанда Қытайға жасаған маңызды сапары жайлы баяндайды. Композитор өнердің тілімен саясат пен әлемдік ахуалға өзіндік көзқарасын білдіруге тырысқан. Музыка сыншылары оны бірден қазіргі заманғы ең жақсы опералардың бірі деп баға берді. Операның әлемдік премьерасы 1987 жылы Техас штатының Хьюстон қаласындағы Гранд Опера театрында өтті. Ал Мажарстан мемлекеттік опера театрының сахнасында маусымның ашылуына орай алғаш рет қойылмақшы», деді ол.
Өнерпазымыз орындайтын опера постмодерндік ағымдар аясында музыкалық минимализм стилінде жазылған. «Қытайдағы Никсон» операсының вокалдық партияларының бір ерекшелігі – әуезді айтылу стиліне бағытталған. Кейіпкер партияларының әуезділігі кең емес, олар бұрыштық мақамымен, жеке дыбыстардың қайталануымен, сазды және ырғақты үлгілердің схематизмімен ерекшеленеді. Сонымен қатар үшінші акт кейіпкерлерінің бөліктері күрделене түседі, бұл вокалдық сипаттамалардың дәйекті тереңдеуін көрсетеді. Айта кетейік, баритонның мұндай стилін бірінші рет орындайын деп тұр. Сондықтан да бұл опера қазақ өнерпазының репертуарындағы премьерасы болмақ.
Сондай-ақ Азат осы театрда 2024 жылдың қараша, желтоқсан айларында Дж.Вердидің «Фальстаф» операсының 9 қойылымында, 2025 жылдың наурыз, сәуір айларында Дж.Пуччинидің «Батыстан келген қыз» операсының 10 қойылымына қатысатынын айта кетуіміз керек. Бұған қоса, әрине, жаңа маусымда «Астана Опера» сахнасында да ел көрермендерімен қауышады.