Дәрі-дәрмекті цифрлық таңбалаудың негізгі себебі – контрафактінің етек алуы, дәрілік заттардың елге заңсыз тасымалдануы. Мұндай жағдайдың көп болуы халықтың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сондай-ақ дәрілік заттарды цифрлық таңбалау әрбір дәрінің қозғалысын онлайн бақылауға, сұранысты бағалауға және қажетті резервтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі әрбір дәрінің заттың қаптамасында өнім түпнұсқалығын тексеруге болатын бірегей «data matrix» цифрлық кодтарын пайдалануды көздейді. Оны сканерлер, деректерді жинау терминалдары, POS-терминалдар және телефон камералары арқылы сканерлеуге болады.
– Кәсіпорындарда цифрлық таңбалау кезінде мәселе туындаса, біз техникалық жағынан көмек көрсетуге дайынбыз. Бірден айыппұл салып, кәсіпкерлерге қысым көрсетпейміз. Басында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, азаматтар қолданатын дәрі-дәрмектің 85 пайызы елімізде өндіріледі. Яғни өндіріс орнында, тауарды бірден цифрлық таңбалау қажет болады. Жаңа заңды ескермегендер жауапкершілікке тартылады, – дейді Фармацевтикалық қызметті бақылау басқармасының басшысы Ерік Құлшанов.
Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінде жұмыс істеу үшін дәріханалар ақпараттық жүйеде дәрілік заттарды қабылдауы қажет. Ол үшін жеке компьютер, деректерді жинау терминалы немесе ұялы телефон («iOS» немесе «Android» негізіндегі смартфон) болса жеткілікті. Көптеген қадағалау фунциясы да бар. Одан басқа тегін «Naqty Onim» қосымшасы тұтынушыларға өнімнің дәріхана сөрелеріне дейін толық жолын, сатып алынған дәрінің Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті рұқсат етілген бағаға сәйкес келетінін айтып береді. Егер таңбалау кодын сканерлегеннен кейін сатып алушы дәрінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін немесе дәрі-дәрмектің құны рұқсат етілген бағасынан жоғары екенін анықтаса, онда ол шағымды қосымшада қалдыра алады.