Фото: Ашық дереккөз
Салтанатты іс-шарада өңір басшысы Ербол Қарашөкеев жерлестерінің атынан былғары қолғап шеберін Олимпиада ойындарындағы күміс жүлдесімен құттықтады.
«Нұрбек төрт жылдың басты додаларында абыроймен өнер көрсетіп, халықтың жоғары сенімін ақтады. Қасиетті Әулие-Ата – еліміздің спорттық әлеуетін айғақтайтын ерекше өңір. Әлемдік аренада Қазақстан намысын қорғап жүрген спортшылардың дені Жамбыл облысының тумалары. Жамбыл – чемпиондардың туған жері, мықты бапкерлердің ордасы», деп атап өтті өңір басшысы спортшының ата-анасы мен бапкеріне ризашылығын білдіріп.
«Туған жеріміз Жамбыл облысына келдік. Ыстық ықыласпен күтіп алып, қолдап жатқандарыңызға рахмет. Үлкен белестер алда, мұнымен тоқтамаймыз. Келесі Олимпиада ойындарында қазақ елін қуантамын деп ойлаймын», деді Нұрбек Оралбай.
Айта кетейік, салтанатты іс-шарада облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, Жамбыл облысының спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тауырбек Қарауылтегі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дамир Буданбеков те сөз сөйледі.