Оқиға • 23 Тамыз, 2024

Ферроқорытпа зауытындағы апатқа жұмыс беруші кінәлі деп танылды

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

20 шілдеде Қарағанды қаласында орналасқан «YDD Corporation» ЖШС ферроқорытпа зауытында жазатайым оқиға болған еді. Төтенше жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Олар оқиғаның мән-жайын зерттей келе, тексеру нәтижесі басты кінә жұмыс берушіде екенін анықтаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ферроқорытпа зауытындағы апатқа жұмыс беруші кінәлі деп танылды

Фото: Ашық дереккөз

«Комиссия мүшелері техникалық құжаттаманы, оқиға болған жерді тексеру нәтижелерін, куәгерлердің сауалнамаларын, сараптама ұйымының қорытындысын, нормативтік құжаттар мен басқа да материалдарды зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келді. Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды», делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Комиссия мүшелері зардап шеккендермен және олардың отбасы мүшелерімен кездесіп, оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың әлеуметтік қорғауға заңды құқықтары түсіндірілген.

«Арнайы комиссияның тергеу нәтижелері және жиналған барлық материалдар болған жазатайым оқиғаға кінәлі деп танылған адамдарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына берілетіні хабарланды. Жұмыс берушінің ақпаратына сәйкес, жұмыс берушінің міндеттемелеріне қатысты материалдық сипаттағы барлық мәселелер, сондай-ақ қаза тапқандар мен зардап шеккендердің жақын туыстарына өзге де көмек көрсету реттелген. Сонымен қатар жұмыс беруші зардап шеккендердің жақын туыстарына өтеусіз материалдық көмек көрсетті», деп нақтылады министрлік.

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 20 шілдесінде Қарағанды қаласында «YDD Corporation» ферроқорытпа зауытында  жазатайым оқиға болып, нәтижесінде сегіз жұмысшы зардап шекті. Олардың төртеуі ауруханада қаза тапты.