Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Барлық студент жатақханамен қамтылуға тиіс
Осыған орай студенттер мен олардың ата-аналарын мазалайтын маңызды мәселеге қалам тербеп, жатақханалар жайын жазғанды жөн көрдік. Бұл жерде ресми ақпараттың маңызы зор, сол себепті тақырыпқа тұздық ретінде университеттердің жұмысына жауапты салалық министрліктің дерегі мен дәйегіне тоқталайық. Ізденушілер мен олардың ата-аналары алаңдамас үшін, сондай-ақ өз құқын білгені дұрыс деген оймен мына ақпаратты бірінші бергіміз келеді: шын мәнінде еліміздегі жоғары оқу орындары барлық студентін жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті. Бұл – лицензиялық талаптардың бірі. Мұнда ізденушінің ақылы яки грант негізінде білім алып жатқанына мән берілмейді. Осы аптаның басында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан осы ойды айтқан еді.
«Үкімет тарапынан жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі 2018 жылдан бастап мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асып келеді. Содан бері 50 966 орынға жатақхана салынды. Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жыл сайын жатақханаларда 10 мың орынды енгізу жоспарланған. Осы жылы жатақханаларда 10 576 орындық 27 жатақхананы пайдалануға беру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде соның 17-сі, яғни 4 650 орындық 17 жатақхана іске қосылды. Биылдан бастап министрлік жатақхананы қажет ететін студенттерді толыққанды қамтамасыз ету және олардың тұруына жағдай жасау бағытында жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне қойылатын талаптарды күшейтті. Яғни білім алушылардың ақылы немесе грант негізінде оқығанына қарамастан, барлық студентін жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талапты орындамаған оқу орны өрескел құқық бұзушылық жасады деп саналады. Мұндай талаптың барын барлық университет біледі. Себебі бұл – тек қана ауызша түрде айтылатын талап қана емес, заң жүзінде Ғылым және жоғары білім министрі бекіткен арнайы лицензиялық талап», деп түсіндірген министрлік өкілі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне қарағанда, биыл берілген 4 650 орындық 17 жатақхана бірнеше өңірде орналасқан. Атап айтқанда, Түркістан облысында – 370 орындық 3 жатақхана, Жамбыл облысында – 100 орындық 1 жатақхана, Атырауда – 490 орындық 1 жатақхана, Павлодар облысында – 189 орындық 1 жатақхана, Алматыда – 1 040 орындық 4 жатақхана, Шымкентте – 930 орындық 3 жатақхана, Астанада – 1 207 орындық 3 жатақхана, Қостанайда – 324 орындық 1 жатақхана салынды. Университтер жанынан да жатақхана ашу жұмыстары жалғасып жатыр.
А.Абылайхан жатақханадан орын беру тәртібі туралы: «Бізде жатақханалардағы орындарды бөлудің белгіленген ережесі бар. Аталған ереже 2020 жылы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен бекітілген. Соған сәйкес, ең алдымен жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға орын беріледі. 1,2,3-топтағы мүгедектігі бар азаматтар, ауыл квотасы шеңберінде грант алған студенттер, қандастар мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алатындар мен бірінші курс студенттері де жатақханадан орын алу кезінде басымдыққа ие болады. Ал жоғары курс студенттеріне жатақханадан орын жетпеген жағдайда оларға ЖОО мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында салынған жекеменшік жатақханалармен келісімшарт жасасып, сол жерден орын ұсынуға тиіс», деді.
Жауапты министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта жоғары оқу орындарындағы жеке жатақханаларының саны 93 367 төсектік орынға арналған 264 нысанды құрайды. Жатақхана тапшылығын жою үшін жеке студенттік жатақханалармен шарттарды қоса алғанда, тұрғын үй-жайларды жалға алу тәжірибесі белсенді іске асырылып келеді. Бұл бағыт бойынша жұмыс осы тамыз айының соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда әр жоғары оқу орнының жанынан ашылған ситуациялық және дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Кез келген студент жатақхана мәселесімен өзі оқитын университеттің ситуациялық орталығына хабарласуы керек. Өйткені осындай орталықтарда әрбір университет өзінің жатақханасында қанша орын беруге дайын, студенттің басым топтарға жататынын-жатпайтынын анықтай отырып, егер университет жанындағы жатақханада орын болмаса, басқа жекеменшік жатақханаларда, жекеменшік студенттер үйінде, қай жерде орын бар, жекеменшік жатақхана мен университет арасындағы келісім-шарты бар, осының барлығы туралы студентке ақпарат беріледі.
Қайда қандай дайындық?
Аталған түйткілді тақырып оқу орындарын да алаңдататыны анық, сол себепті де университеттерде жаңа академиялық жылға қызу дайындық басталып кеткен. Әр өңірдегі студенттік омбудсмендер жатақханалардың әзірлігіне мониторинг жүргізіп жүр. Осы ретте біз де отандық бірқатар университеттердің ресми ақпаратына сүйеніп жатақханалар жағдайына, дайындығына қысқаша шолу жасадық.
Айталық, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің № 1,3,4,5,6,7 жатақханаларда косметикалық жөндеу жұмыстары, төсек жабындарын ауа-бу немесе бу әдісімен өңдеу бойынша залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік сатып алу арқылы матрастары бар 270 кереует сатып алынды, сондай-ақ есік, шамдар ауыстырылып, жаңа линолеум төселді. Жөндеуді оқу орынының әкімшілік-шаруашылық департаментінің қызметкерлері өз күшімен істеген.
Ал Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 3 жатақханасында студенттердің тұруына барлық нормативтік стандарттарына сәйкес келетін 917 жатын орын бар. 2 жатақхана студенттердің толық орналасуына дайын. №2 жатақханада жөңдеу жүргізілді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде барлығы 1 365 орындық 4 жатақхана бар, 192 орындық жатақхана қосымша жалға алынған. Студенттер үйінде жөндеу жұмыстары жүргізілді, әр қабатында Wi-Fi аймақтары мен мәдени-тынығу бөлмелері бар. Қазіргі уақытта 306 орындық жатақхананы тапсыруға дайындап, онда бөлмелер жабдықталып жатыр. Тұрмыстық техника, төсек-орын, жиһаз және ас үй жабдықтары сатып алынады. Сондай-ақ университетте 1 200 орындық жаңа жатақханалардың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылында аталған университет жатақханалардағы орын санын 2 700-ге көбейтпек, бұл жатақхана қажеттілігін толық қанағаттандырады.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде 4 жатақхана бар. Студенттік жатақханаларда білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, компьютерлік кабинеттер, оқу және акт залдары мен кинотеатр, ас үй, кір жуу орындары, ыңғайлы коуоркинг және аула аумағындағы уоркаут аймағы бар. 2024-2025 оқу жылына студенттік жатақханаларда барлығы 2 200 орын дайындалып отыр. Жатақханаларда тұру бағасы бес жыл бойы өзгермеген. №1, 2, 3 Студенттер үйінде тұруға жылына 50 500 теңге, ал Жастар үйінде жылына 75 750 теңге төлейді. Студенттер үшін жатақханаға тіркелу білім беру гранттары бөлінгеннен кейін басталады. Орналасу «Smart Arsu» мобильді қосымшасы арқылы онлайн режімде жүзеге асырылады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді. Жұбанов университеті студенттерін жатын орындармен барынша қамтамасыз ету мақсатында «Эрудит» және «Salemspace» жеке жатақханаларымен меморандумдар жасады. 2024-2025 оқу жылына жеке жатақханалар университеттің 450 студентін қабылдайды. Жеке жатақханалардың құны айына 25 000 теңгені құрайды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №3 жатақханасы 260 орынға, ал №5 жатақхана 400 орынға арналған. Осыған қоса «Өркениет», «ДиЛМАШ», «Инкар 7» серіктестіктерінің жатақханаларынан 680 орын бөлінген. «Университеттің №3 және 5 жатақханаларын жаңа оқу жылына дайындау мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жатақханаларда заманға сай студенттердің жайлы тұрмысы үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Асхана, спорт кешені, демалыс бөлмесі керек жабдықпен қамтамасыз етілген. Интернет желісіне қосылып, жастардың бос уақытында тынығуына да, білім алуына да мүмкіндік қарастырылған.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде үш жатақхана, студенттердің жайлы тұруына арналған 1 500-ден аса орын бар. Жатақханада оқу залы, демалыс бөлмелері, медициналық пункт, басқа да қажетті бөлмелері материалдық-техникалық базасымен толық қамтылған, студенттердің сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасалды. ШҚТУ жатақханаларында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедектігі бар студенттер санаттағы білім алушылар тегін тұруға құқылы. Көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге жатақханаларда тұруға 50% жеңілдік жасалады. Университет жатақханаларында орындарды ұсыну студенттің жеке кабинеті арқылы порталда электрондық өтінім беру арқылы жүзеге асырылады. Тұруға арналған ордерлер электрондық кезекке сәйкес беріледі.