Спорт • 24 Тамыз, 2024

Жарыс күнделігі

92 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Эфиопияның астанасы Аддис-Абебеде «IBA чемпиондарының түні» деп аталатын дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Бұл жарыста 48 кг салмақтағы қазақтың әйгілі кәсіпқой боксшысы, әлем және Азияның екі дүркін чемпионы Теміртас Жүсіпов жұдырықтасты. Ол құрлық біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, өзбекстандық Нодиржон Мирзаахмедовпен қолғап түйістірді. 8 раундтық сайыс қазақ боксшының жеңісімен аяқталды.

Жарыс күнделігі
  • 31 тамызда Оңтүстік Кореяның Мунгён қаласында дзюдодан жастар арасындағы Азия біріншілігінің шымылдығы түрі­леді. Бұл жарыста еліміздің туы астында мына балуандар өнер көрсетеді: Ерлер – Данияр Құлышев, Мадияр Серіков (60 кг), Аян Байкенжеев (66 кг), Ернар Кеңесхан (73 кг), Глеб Азаров, Данил Крылов (81 кг), Игорь Раков (90 кг), Дінасыл Тәттімбек (100 кг) және Жантілек Нұртілепұлы (+100 кг). Қыздар – Сабина Юлдашбекова, Тасним Әбдуали (48 кг), Аяулым Қайрат, Нұрайлым Сәр­сенбек (52 кг), Дина Мұханбет (57 кг), Ұлдана Таңжарықова (63 кг), Әділ Сағира (73 кг), Анастасия Нагачевская (78 кг) және Руслана Махатова (+78 кг).
  • Велоспорттан «Румыния туры» аяқталды. Бұл көпкүндікте «Astana Qazaqstan Development Team» клубы сапында өнер көрсеткен Ильхан Достиев дара шықса, оның командалық әріптесі Давиде Тонеатти екінші орын иеленді.
  • Алматыда үстел теннисінен Қазақстан кубогі аяқталды. Ерлер бәсекесінде жергілікті ойыншылардың (Дастан және Айдос Кенжеғұловтар, Санжар Жұбанов, Абдулла Мамай, Ши Данян) тегеурініне ешкім шыдамады. Финалда олар Шымкент қаласының өкілдерін (Ирисбек Артықметов, Бекұлан Жамал, Бақдәулет Әкімәлі) 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Қола медальды Шығыс Қазақстан облысы иеленді. Қыздар сайысында Қарағанды облысы (Зәуреш Ақашева, Арай Әшкеева, Жанерке Көшкімбаева, Әл­бина Жақ­сы­лы­қова, Вик­тория Мочал­кина) топ жарды. Ақ­тық сында олар алма­ты­лықтардан (Сар­виноз Мірқадырова, Әнел Бақыт, Айя Әлім­баева, Гүзель Торшаева, Айша Меңдіғалиева) айласын асырды. Үздік үштікті Астана қаласының теннисшілері түйіндеді.

нг

  • Польшаның Краков қаласында теннистен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған ITF J100 турнирінде Дамир Жалғасбай жеңімпаз атанды. 16 жастағы қазақтың ұлы шешуші тұста мажарстандық Колош Кинчешті 6:3, 6:4 есебімен қапы қалдырды. Сондай-ақ қарт құрлықтың тағы бірқатар елінде жалауы желбіреген жарыстарда Айым Қанағатова, Алиса Королева, Асқар Әмір сынды жас өрендеріміз табысты өнер көрсетті.
  • Түркияның Ыстанбұл қаласында муай-тайдан Түркі елдерінің чемпионаты өтті. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, 11 жүлде олжалады. Атап айтсақ, Шәміл Ермағамбетов (54 кг) пен Евгений Зимин (+91 кг) алтын тұғырға көтерілсе, Арыстан Қуанышев (67 кг) пен Александр Цариков (81 кг) күміспен күптелді. Ал Дидар Жаппарқұлов (48 кг), Әбді-Рахман Әбішев (51 кг), Зәкір Белялов (57 кг), Ернат Смағұлов (60 кг), Руслан Заякин (71 кг), Диана Пивцова (48 кг) және Анастасия Конюшко (51 кг) қо­лаға қол созды.
  • Канадалық Лейла Фернандеспен жұптасып өнер көрсеткен Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Цинциннатидегі WTA-1000 турнирінің жартылай финалында Диана Шнайдер (Ресей)/Линда Носкованы (Чехия) 6:3, 6:4 есебімен ұтты. Финалда олар Айша Мұхаммад (АҚШ)/Эрин Рутлифф (Жаңа Зеландия) жұбымен есе жіберді – 6:3, 1:6, 4:10. Дәл осы жарыстың жекелеген сайысында Путинцева үшінші кезеңде испаниялық Паула Бадосадан ұтылса, Елена Рыбакина екінші айналымда канадалық Лейба Фернандеске есе жіберді.
  • Италияның велошабандозы Альберто Беттиоль «Астана» клубының жейдесін киді. 30 жастағы Тоскана өңірінің тумасы кезінде жастар арасында Еуропа чемпионы атанған. 2016 жылы ол Джиро д’Италияға және 2017 жылы «Тур де Франсқа» қатысты. Әр жылдары «Фландрия туры» (2019) мен «Милан-Турин» (2024) турнирлерінде топ жарды. Осы күнге дейін Беттиоль АҚШ-тың «EF Education-EasyPost» клубының намысын қорғап келді.
  • Футболдан Қазақстан кубогінің финалы 29 қыркүйекте сағат 17.00-де Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. 32-рет ұйымдастырылатын жарыстың финалында «Атырау» мен «Ақтөбе» шеберлік байқасады. Осы межеге жеткен командалар ақшалай сыйлыққа ие болады. Ал бас жүлдені олжалаған ұжым келесі маусымда Қазақстан Суперкубогі үшін таласып, Еурокубоктің іріктеу кезеңінде күш сынасады.
  • Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Вячеслав Ким бастап, вице-президенттер Қанат Сағынаев, Шадияр Қондыбаев, Арман Шылманов және бас хатшы Олжас Бесбаев та қызметінен кетеді. Оған себеп – Олимпия ойындарындағы сәтсіздік. Бұл жарысқа Қазақстанның екі даян шеберлері ғана қатысып, екеуі де елге құр қол қайтты.
  • 20–30 қыркүйек аралығында Алматыдағы Александр Асанов атындағы клубта стенд атудан Азия кубогінің жалауы желбірейді. Аталған додаға 40 мемлекеттен құралайды көзге атқан 500-ге жуық мерген келеді.