Үкімет • 24 Тамыз, 2024

Өңірдің даму көрсеткіштерімен танысты

56 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президент­тің әлеуметтік инфрақұрылым­ды жаңғырту, тұрғын үй мен коммуналдық желілер салу, сондай-ақ алдағы оқу жылына білім беру нысандарын дайындау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

Өңірдің даму көрсеткіштерімен танысты

Премьер-министр Жезқазғанда жаңа аудан мен инженерлік коммуника­циялардың құрылысы жүргізіліп жатқан аумаққа барды. Олжас Бектеновке облысты сумен қамтамасыз ету жағдайы мен жоспары туралы баяндалды. Бұған қоса Үкімет басшысы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арнал­ған жатақханаға барып, білім беру инфра­құрылымымен танысты.

Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша об­лыста пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 34,5 мың шаршы метр­ді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезе­ңіндегі көрсеткіштен 4,8%-ға артық. Жез­қазғанда облыс орталығын дамытудың бекітілген бас жоспары аясында қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бірінші кезеңге сәйкес 2030 жылға дейін Жезқазғанның Батыс ауданының 44 гектарын игеру көзделген. Қала әкімі Қайрат Шайжанов жер телімінде жалпы ауданы 982,6 мың шаршы метр 88 көпқабатты тұрғын үй және 67 әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық нысан, оның ішінде мектептер, балабақшалар, драма театры, техникалық ЖОО, медицина мекемелері, оқушылар сарайы және т.б. салу жоспарланып отырғанын баяндады.

Бүгінгі таңда 360 отбасы пәтермен қам­тамасыз етілген, олардың 240-ы халықтың әлеуметтік жағынан аз қам­тылған топтарына жалға беріледі.

Премьер-министр Жезқазғанның бас жоспарын іске асыру аясында Үкімет магистралдық жылу, су құбыры және кәріз желілерін салуға 4,8 млрд теңге бөлгенін атап өтті. Жалпы ұзындығы 10,5 км коммуникациялардың бір бөлігі осы жылдың соңына дейін толық салынады, жылу желілерін салу жобасы 2025 жылы да жалғасады. Сондай-ақ облыс әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы меморандум аясында биыл қаланың кәріз тазарту құрылыстарын реконструкциялау жобасы әзірленді, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Жезқазған халқын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Қаланы сумен жабдықтау көздері – Кеңгір су қоймасы және Үйтас-Айдос жерасты су қабылдағышы, ол 70%-ға тозған.

Аталған мәселені шешу мақсатында облыста шаруашылық ауызсу тазарту құрылыстарын және II көтергіш сорғы стансасын қайта жаңарту жобалары іске асырылып келеді. Жұмыстарды 2025 жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Жобаны іске асыру нәтижесінде 89,2 мыңға жуық тұрғынға сапалы ауызсу қолжетімді болады. Сондай-ақ Сәтбаев және Жезқазған қалаларының, сонымен қатар жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын шаруашылық ауызсумен қамтамасыз ететін Есқұла су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Олжас Бектенов аталған жобаларды іске асырудың басымдығын атап өтті. Су ресурстары және ирригация, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне жұмыстарды уақтылы аяқтау үшін қажетті қаражаттың бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз ету қажет. Бұл – әлеуметтік маңызды міндеттердің бірі», деп атап өтті О.Бектенов.

Үкімет басшысы сапар барысында Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының оқушыларына арналған жатақхана ғимаратын аралап көрді. Тиісті жұмыстар толығымен аяқ­талып, 1 қыркүйекте балаларды қа­былдау және орналастыру жұмыстары басталады. Үш қабатты жаңа ғимарат 200 балаға арналған. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін асүй, тұрмыстық бөлмелер, құрал-жабдықтар қоятын және кір жуатын бөлмелер, оқу бөлмесі қарастырылған.

Үкімет білім сапасын арттыруға, оның ішінде инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Мәселен, биыл Жезқазғанда 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, бірқатар мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Жезқазған байыту фабрикасының өн­діріс­тік алаңдарын аралап, өндірісті жаңғырту жоспарларын көрді. Кәсіп­орын жыл сайын шамамен 21,3 млн ҚМТ (құрғақ метрикалық тонна) мыс кенін қабылдайды, 445 мыңнан астам ҚМТ концентрат өндіреді. 2020-2024 жылдары Жезқазған байыту фабрикасын жаңғыртуға және жабдық сатып алуға 49,5 млрд теңге инвестиция бағытталды.

«Қазақмыс» корпорациясы фабриканы жаңғыртуды кезең-кезеңімен жалғастыруда. №1 және №2 байыту фабрикалары бас корпусының №2 блогін реконструкциялау жүзеге асырылып жатыр. Инвестиция сомасы – шамамен 20 млрд теңге, мыс алу көрсеткіштерінің артуы есебінен концентраттағы мыс өсімінің 3%-ға өсуі күтіліп отыр. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталып, іске қосу-реттеу кезеңі басталады.

Олжас Бектенов өндірістік нысандарды жаңғыртудың маңызын атап өтті. Өйткені бұл отандық тау-кен металлургия саласының дамуына елеулі серпін береді.

Үкімет басшысына «Жезқаз­ғанси­рекмет» РМК қызметі туралы ақпарат берілді. 25 жылдан астам уақыт бойы кәсіпорын гидрометаллургиялық тәсіл­мен мыс өндірісінің қалдықтарынан сирек металдарды алумен айналысады. Сонымен қатар ғарыш және авиация индустриясының электр жабдықтарын өндіруде қолданылатын аммоний перренатының ТМД-дағы ірі өндірушісі әрі экспорттаушысы саналады. Өнімдер әлемдік нарықта сұранысқа ие.

Премьер-министр мемлекет кәсіп­орынды жаңғыртуға қолдау көрсе­тетінін атап өтті. Бұл ретте өндірісті әртараптандыру, өнім желісін кеңейту саясатының маңызы атап өтілді.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министр әлемдік деңгейде гидро­металлургиялық технологияларды дамыту мен оңтайландырудың негізгі буыны саналатын «Kazakhmys Smelting» ЖШС тәжірибелік гидрометаллургиялық зауытына да арнайы барды. Жобаның мақсаты – энергияны аз тұтынатын және экологиялық қауіпсіз өндіріске көшуді қамтамасыз ететін пирометаллургиядан мыс алу технологиясын гидрометаллургияға қайта бағдарлау. Бұл әдіс төмен сортты шикізатты қалдықсыз қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда түсті, сирек және бағалы металдарды өндіруге 3 патент бар. Жақын арада гидрометаллургия жобасы толыққанды ірі зауытқа айналады.

Корпорация 4 жыл ішінде ғылыми-зерттеу қызметіне 25,4 млрд теңге бөлді. Өндірістік үдерістерді цифрландыру және автоматтандыру, экологияны қорғау шешімдері, денсаулық сақтау, геологиялық барлау, қызметкерлердің ғылыми әлеуетін дамыту және басқа да бағыттар бойынша 242 ҒЗТКЖ жобасы іске асырылды.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек Премьер-ми­нистрге отандық ғалымдардың өнер­кәсіп кәсіпорындарын, оның ішінде «Қазақмысты» ғылыми тұрғыда сүйе­мел­деу барысы туралы баяндады. Ғылыми орта алдына кен құрамы төмен концентратты өңдеудің инновация­лық тех­но­логияларын әзірлеу міндеті қойыл­ды. Бұл мақсаттарға нақты экономика­ның сұранысы мен қажеттілігін шешудің жаңа тетіктерін іздестіретін ғылыми-технологиялық хакатондар бағытталады.

«Бұл зауыттың ашылуы өнеркәсіп пен ғылым ынтымақтастығының үлгісі саналады. Ғылыми зерттеу жұмыстарына инвестиция салуға және еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлесе жұмыс істеуге деген ұмтылысты басқа кәсіпорындар да жалғастыруы керек. Шикізаттан металл алудың қолданыстағы әдістерін жақсарту үшін озық зерттеулерді қолданған жөн. Бұл ретте қоршаған ортаға тигізетін әсерін ерекше бақылауда ұстау қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Сонымен қатар Олжас Бектенов өңірдің коммуналдық-энергетикалық секторы нысандарын аралап, инфра­құрылымды жаңғырту қарқынымен танысты. Атап айтқанда, Үкімет басшысы Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық су көзі болып саналатын №1 және №2 жылу стансаларына барды. Премьер-ми­нистрге қазіргі уақытта №1 жылу стан­сасында күрделі жөндеу және 4 қа­зан­дыққа, сондай-ақ газ құбырларына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.

Жезқазған ЖЭО-да да жабдықтар­ды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 13,5 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда №5 қазандық агрега­тына күрделі жөндеу жасалып, жұмыстың 60%-ы орын­далды, сондай-ақ №7 қазан­дыққа кеңейтіл­ген-ағымдағы жөндеу жос­парланып отыр. Қазандық агрегаты мен турбоагрегаттарға жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң тозу көрсеткіші 84%-дан 63%-ға дейін төмендеді. №8 қазандықты жаңғырту 70%-ға орындалды. Олжас Бектенов өңір басшылығына, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясына жұмыс қарқынын арттыруды, алдағы қысқа дайындықты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, сондай-ақ жалпы өңірдегі жағдайға әсер етеді. «Қазақмыс» корпорациясы Жезқазған ЖЭО бойынша, сондай-ақ Сәтбаев қаласының №1 және №2 жылу стансалары бойынша барлық міндеттемені орындауға тиіс. Бұл жерде әкімдік пен корпорация арасында үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Барлығы уақтылы жасалуы керек», деп тапсырды Премьер-министр.

Сондай-ақ Олжас Бектенов Жыланды кенішінде болып, сала қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелері – Шахтер күнімен құттықтады, оларға Президент атынан мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Бұдан бөлек, Премьер-министр «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің компанияның ағымдағы қызметі, инвестициялық бағдарламалары, даму жоспарлары, әлеуметтік жобалары мен ел ішіндегі құндылықты дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамасын тыңдады.

Биылғы 6 айда корпорация Ұлытау облысындағы жеткізушілерден 92,7 млрд теңгеге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер (ТЖҚ) сатып алды, өңір­дегі өндірушілерден ТЖҚ сатып алу үлесі 35,5%-ды құрады. Жергілікті кәсіп­орындармен 27,8 млрд теңгеге офтейк келісімшарттар жасалды. «Қазақмыс» ішкі құндылығының жалпы үлесі биыл 71,7%-ды құрады. Республикалық және жергілікті бюджетке түсетін түсімдер бірнеше есеге өсті.

Облыс өнеркәсіптің өткен жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда 7% өсіммен елімізде 4-орында тұр. Премьер-министр қарқынды төмендетпеуді тапсырды және одан әрі өсу үшін қолда бар резервтерге назар аударды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің тау-кен металлургия кешенін дамытудың маңызды екенін баса айтты. Жекеменшік кәсіпорындарды геологиялық барлау­ға инвестиция салуға ынталандыру басым міндеттер қатарында. Өңдеу өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз ету көлемін ұлғайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауымыз қажет. Біздің алдымызда жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды арттыру және экспортты дамыту арқылы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Саланы одан әрі дамыту біздің өндірушілердің жаһандық трендтер ұсынып отырған технологиялық өзгерістерге тез бейімделе алуы мен мүмкіндікті барынша пайдалана алуына тікелей байланысты», деген Олжас Бектенов бұл бағытта мемлекеттік органдар мен бизнес үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты.

Ұлытау өңіріне сапары барысында Премьер-министр «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне барып, оның қазіргі жай-күйімен танысты. Кешен Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Президенттің тапсырмасымен 2021 жылы салынған. Онда Жошы хан ескерткіші, шатырлы қалашық және туристерге арналған қонақүй бар. Нысан ашылғалы бері еліміздің өңірлерінен, алыс және жақын шетелдерден 35 мыңнан астам турист келген. Айта кету керек, биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толды.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрыл­тайда сөйлеген сөзінде Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттігі тарихында маңызды орын алатынын атап өтті. Кешеннің маңыздылығын ескере отырып инфрақұрылымды одан әрі дамыту және туристік әлеуетті жақсарту үшін барлық шараны қабылдау қажет», деп атап өтті О.Бектенов.