Фото: islam.kz
Бүгіндері халал өнімдерге деген сұраныс әлемнің мұсылман емес тұрғындары арасында да арта түскенін байқауға болады. Өйткені қазір дүкен сөрелерінде құрамында шошқа еті, жануарлардың қаны мен ГМО бар өнімдер қаптап кеткен. Жалпы, халал белгісі бар өнімдерде канцерогенді, түрлі зиянды консерванттар мен тағамдық қоспаларға тыйым салынған. Күнделікті өмірде пайдаланатын тағамдары мен тұтынатын заттарына жіті көңіл бөлетін сатып алушылар сапаның бірінші кезекте тұруын талап етеді. Сондықтан халал белгісі сапа мен қауіпсіздіктің синониміне айналған деуге болады.
Дүниежүзінде халал азық-түлік нарығы бүгінде 1,5 млрд доллардан 2,2 млрд долларға дейін бағаланады. Сарапшылардың зерттеуі бойынша, бұл көрсеткіш 2028 жылы 4,1 млрд долларға дейін ұлғаяды деп күтіледі. Сонымен қатар әлемдегі мұсылман халқының өсу факторына сәйкес, 2025 жылға қарай аталған өнімнің үлесі өндірілетін барлық өнімнің кем дегенде 20%-ын құрауы мүмкін.
Елімізде осы өнім түрін өндіретін 4 мыңнан астам кәсіпорын бар. Адам азғасына қауіпсіз, тексерістен өткен, сертификаты бар өнімге деген сұраныстың артуы отандық халал өнімдердің экспорттық мүмкіндігін ұлғайтып отыр. Бізде бұл өнімді дамытуға мемлекеттік деңгейде 18 ұлттық стандарт, ТМД елдері үшін мемлекетаралық стандарттың 11 жобасы әзірленген. Онда мал сою, опа-далап, туризм, қызмет көрсету, сертификаттау жөніндегі органдардың жұмыстарына байланысты талаптарды қамтыған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Халал даму» орталығы, «ҚазСтандарт» республикалық кәсіпорны, «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығы мен «Halal Quality Center» ЖШС халал сертификатын берумен айналысады. Былтыр бірінші жартыжылдықта халал ет және ет өнімдері 83 млн долларға, ал жануарлар мен өсімдіктерден алынатын дайын азық-түлік тауарлары 2,7 млрд доллар шамасында экспортқа шығарылған. Бұл көрсеткіш биыл 122 млн долларға немесе шамамен 5 пайызға өскен. Техникалық реттеу және метрология комитетінің мәліметтеріне қарағанда, еліміздің тамақ өнімдеріне бірыңғай техникалық регламент бойынша 100-ден астам аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Оның 37-сі компоненттердің, соның ішінде шошқа етінің ДНҚ-сын анықтайды. Сертификаттау ерікті негізде жүргізілетініне қарамастан, аталған ұйымдар соңғы 10 жыл ішінде шұжық, ұн, кондитерлік өнім, сусын, жартылай фабрикат, сүт және бал өндіретін отандық кәсіпорындарға 1 300-ден астам сертификат берген. Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде ет өнімдерінің 70-75%-ы және тауарлар мен қызметтер негізгі нарығының 65%-ы өздерін халал ретінде көрсетеді.
Біздің халал өнімдер Еуроодақ, АҚШ пен Қытай елдері арасында жоғары сұранысқа ие. Сонымен бірге Түркия, Иран, Ресей, Орталық Азия елдеріне экспорттау белсенді жалғасып келеді. Алайда тұтынушылар арасында халал өніміне күмәнмен қараушылар да жеткілікті. Сертификатты оңды-солды таратушы компаниялардың да, халал белгісін өздігінен өнімдерге жабыстыра беретін өндірушілердің де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, 2015 жылдан 2022 жыл аралығында іріктелген
1 406 өнімнің 3-4%-ынан шошқа етінің компоненттері табылған. Сондықтан сарапшылар жалған халал заттарға ұрынып қалмау үшін өнімге мұқият мән беруге, тек халал өнімдерін сататын мамандандырылған дүкендерге баруға кеңес береді.