13 Маусым, 2015

Назарбаев университет

622 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
n5 Әлемдік стандарт талаптарына жауап беретін бұл жоғары оқу орны биыл өзінің алғашқы түлектеріне жолдама бермек Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­­­­­­тың идеясымен және тікелей қамқорлы­ғы­ның нәтижесінде өмірге келген Назар­баев Университет өзінің ашылу сәтінен бастап, еліміздің білім беру саласында бұрын-соңды болмаған жаңа жоғары мектеп жүйесінің алғашқы негізін қалады. Мұндағы білім халықаралық биік талаптарға сәйкес келетіндігімен ерекшеленеді. Университет қазірдің өзінде жоғары білім саласының ұлттық брендіне айналып үлгерді. Өйткені, еліміздегі кез келген оқушы осы университетте білім алғанды қалайды. Балаларының болашағын күні бұрын ойлайтын ата-аналар балаларын нақ осы оқу орнына түсіру мақсатында ең алдымен оларды еліміздің әрбір аймақтарында ашылып жатқан Назарбаев интеллектуалдық мектептеріне оқуға береді. Сөйтіп, бұл университетте оқудың қамы баланың өзі мектеп бітірместен көп бұрын және алдын-ала жасалынған жан-жақты әзірліктермен басталып кетеді. Атқару кеңесі, Қамқоршылық кеңесі және Жоғары қамқоршылық кеңесі Университеттің басқару органы болып табылады. Жоғары Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Универ­­­­ситеттің негізі 2009 жылы қаланды. 2009 жылдың 17 қазанында оның бас­шылық құрамының бірінші мәжілісі болып өтіп, оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов төрағалық етті. Осы мәжі­лісте университеттің 2010-2012 жылдарғы даму стратегиясы бекітілді. 2010 жылдың күзінде университет «Foundation» дайындау бағдарламасына бірінші студенттерді қабылдады. Осы жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Назарбаев Университеттің» мәртебесі туралы» заң қабылдады. 2012 жылы Астанада жаңа халықаралық универси­тетті халықаралық деңгейде таныстыруға арналған екі күндік семинар болып өтті. Оның жұмысына еліміздің білім сала­сының басшылығымен қатар Кембридж университетінің вице-канцлері Энн Лонс­дейл, Стэнфорд университетінің Қам­қоршылық кеңесінің хатшысы Джеф­фри Уахтел, Лондон универ-ситеттік коллед­жінің вице-провосты Майкл Уортон, сондай-ақ, Сингапур университеті мен басқа да әлемге танымал жоғары оқу орындарының профессорлары қатысты. Университеттегі жүзеге асырылып жатқан жаңалықтар мен жүргізіліп жатқан жұмыстар Елбасының тұрақты назарында. Мемлекет басшысы мұнда келіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып тұрады. Үстіміздегі жылдың наурыз айында болған кезінде университетте құрылған екі ғылыми орталықтың жұмысымен жан-жақты танысты. Мұнда Елбасы назарына көптеген жобалар ұсынылды. Солардың бірі қатерлі ісікті ерте айқындайтын аппарат. Университет ғалымдары мен мамандарының және студенттердің қатысуымен әзірленген бұл аппаратты өндірістік негізде шығарған жағдайда қатерлі ісіктен аман қалудың табысты бір мүмкіндігі еліміздің медицина саласына да енгізілген болар еді. «Біз микробөлшектерді зерттеп, олардың сандық көрсеткішін сипатымен салыстырамыз. Мұны біз қатерлі ісіктің бетін қайтаратындай амалдар іздестіру үшін жасаймыз. Аппарат міне, соның нәтижесінде дүниеге келді. Мұндағы жұмыстардың бірқатары қазіргі күні өндірістік негізге қоюға да әзір тұр. Мәселен, былтырғы жылы әзірленген диагностикалық сақина мен мобильдік қосымшалар биылғы жылы шығарылатын болады», дейді Назарбаев Университеттің зерттеуші-тағылымдаушысы Вероника Дашкова. Университетте кіші ғылыми қызмет­­­­кер болып жұмыс істейтін Дәмелі Мек­тепбаева диагностикалық сақина қыз­ме­тіне біршама сипаттама бере кетті. Кар­триджде қағаз чип орналастырылады. Чиптің қағаздан болатын себебі, мұн­дай жағдайда оның құны еуропалық бала­маға қарағанда әлдеқайда арзандайды, бірақ сапа жағынан кем болмайды. Ол жеке үйлерді жылыту үшін қызмет етеді. Мамандардың айтуына қарағанда, екі­қа­батты жеке үйге орнатылған мұндай қон­дырғы құны 300 мың теңгеден аспайды. Университетте қазіргі күндері 170 ғылыми жоба жүзеге асырылу үстінде. Елбасы олардың бірқатарымен танысты. Назарбаев Университет, міне, осындай биік талабы және ерекшелігімен қазіргі мектеп қабырғасындағы жасөспі­­­­­­­рім­дерді өз болашақтарын күні бұрын ойлауға, алдына ертерек мақсат қойып, оған жетуге талпыныс жасауға тәрбиелеу үстінде. Өз болашағына ерте бастан көз тігетін жастар үшін ол адамды адастырмай­тын Темірқазық жұлдызы секілді. Алыс­тан сәуле төгіп, өзіне шақырып тұрады. Қазіргі күні Назарбаев Университетте бір орталық пен жеті мектеп жұмыс істейді. Олар – Университеталды даярлық орталығы, Инженерлік мектебі, Ғылым мен технологиялар мектебі, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, Бизнестің жоғары мектебі, Мемлекеттік саясаттың жоғары мектебі, Білім берудің жоғары мектебі және Медицина мектебі. Бұл әрбір мектептің тәжірибе бөлісу мақсатында тығыз қарым-қатынас жасайтын халықаралық әріптесі бар. Ол әріптестер әлемге танымал жоғары оқу орындары арасынан таңдап алынған. Университет, сондай-ақ, өзінің сән-салтанатымен де ерекшеленеді. Бұл білім ордасына алғаш кіріп келген сәтте оның университет екендігін бірден аңғара алмайсың. Өйткені, бірінші кезекте сіздің алдыңыздан іші жасыл әлемге толы ботаникалық бақ ашылғандай болады. Бірақ ендігі сәтте қолдарына оқулықтар мен ноутбуктар ұстаған қыз-жігіттер пайда болған кезде барып қана сіз бұл ғимараттың жаңа тұрпатты «білім мен ғылымның храмы» екендігін аңғара бастайсыз. Университет құрылысын жобалаған мамандар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев идеясын өмір шындығына айналдыру мақсатында аянбастан тер төккендігі бірден көрініс береді. Аркалар, күмбездер, колоннадалар… Осының барлығы университетке ерекше бір асқақтықпен қатар сән-салтанат беріп тұр. Әрлеу жұмыстарына жоғары сапалы материалдардың пайдаланылғандығы байқалады. Сонымен қатар, мұнда халқы­мыздың ұлттық ерекшеліктері де еске­рілген екен. Кейбір жерлері ою-өрнек­термен безендірілген. Ал, дизайн батыстық стильдің қазіргі замандық бар­лық талаптарына жауап бере алады. Осы­ның барлығы қосыла келіп, университетте білім алу үстіндегі қазақтың әрбір қыз бен жігітіне жанға жайлы жағым­­­­­ды­­лық сыйлайтындығын аңғаруға болады. Назарбаев Университетте жастарға тек білім берумен қатар, жоғарыда айтып кеткеніміздей, мұнда ғылыми-зерттеу бағытына көп мән беріледі. Қазіргі күні онда үш ғылыми орталық жұмыс істейді. Олар – Назарбаев Университеттің зерттеу және инновациялық жүйесі, Өмір туралы ғылыми орталық және Білім берудің жоғары мектебі жанындағы Білім беру саясаты орталығы. Мұндағы Назарбаев Университет зерттеу және инновациялық жүйесі қайта жаңғыртылатын энергети­кадағы технологиялар саласында жобалар әзірлеумен, энергия үнемдеу мәсе­лелерімен, қоршаған ортаны қорғау­дың маңызды мәселелерінде жаңа әдіс-тәсілдерді іздестірумен шұғылданады. Өмір туралы ғылыми орталық дербес­тендірілген медицина және геномика, регенеративтік медицина және ұзақ өмір сүру, жаһандық денсаулық қорғау мәселелерімен айналысады. Бүгінгі күндері университетті өндіріспен байланыстырудың ауқымды жобалары қолға алынуда. Мұнда аты әлемге танымал трансұлттық ірі компаниялар өздерінің өкілдіктерін ашатын болады. Осы бағыттағы алғашқы қадамдар қазірдің өзінде жасалынды. Мәселен, жуықта ғана Астанада өткен Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті пленарлық отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев General Electric, Microsoft, Intel  және басқа да әлемдік деңгейдегі ірі компаниялар «Назар­баев Университет» интеллектуалдық-инновациялық кластері аумағында өздерінің корпоративтік орталықтарын ашатындығын мәлімдеді. Министрдің атап өткеніндей, осындай мақсатта 90-нан астам ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілген. Солардың 6-уымен меморандум жасалынған. Интеллектуалдық-инновациялық кластерді қалыптастыру мақсатында университет кампусы маңайынан 50 гектар жер бөлініп отыр. Болашақта бұл жерде ұлттық және халықаралық жоғары технологиялық компаниялардың әртүрлі орталықтары салынып, жұмыс істейтін болады. Ғылыми паркті дамыту жұмысына кәсіпкерлер де тартылмақ. Иә, сөйтіп бұл университетті бітіріп шыққан әрбір жас халықаралық талап­тарға сай келетін жоғары білім алуымен бірге өз ұлтының тәуелсіздік жылдарын­да жеткен жетістіктерін мақтаныш ететін патриот болып шығатындығы да анық. Мұндағы әрбір тамаша көрініс жас ұландарымыздың көкірегінде ұялап қалатындығы сөзсіз. Жоғары оқу орнының аумағы гүлзарлармен, жасыл ағаштармен көмкерілген. Оларды отырғызған кезде декоративтік көріністермен қатар, Астана ауа райының ерекшеліктері де ескеріліпті. Жалпы аумағы 100 мың шаршы метр алаңға университеттің 9 корпусы орналасқан. Олардың барлығын үлкен атриум жалғастырады. Бұл атриум жоғары оқу орнының ең бір көрікті де көгалдандырылған тұсы. Жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы кірген адам­ның есінде мұндағы тропикалық бақшаның сақ­талып қалатындығы анық. Онда 300 жыл­дық зәйтүн ағаштары да өсіп тұр. Мұн­­дағы атмосфера табиғатқа өте жақын. Назарбаев Университет кітапханасын ерекше атап өтуге тура келеді. Оның оқу залдары 250 адамға арналған. Оларда 100-ден астам компьютер орналастырылған. Бұл еліміздегі ақпараттық ресурстардың ағылшын тілдік коллекциясына ең бай кітапхана. Оның қоры кітаптардан, мерзімді басылымдардан және электронды ресурстардан тұрады. Бір есептен алғанда, оны супертехнологиялық кітапхана деп те айтуға болады. Мұнда 60-қа жуық толық тексті ғылыми базаға, ғылыми-танымдық журналдардың миллионнан астам мақалаларына еркін кіруге болады. Мұның сыртында 100 мыңға тарта электронды кітаптар бар. Осынау білім сақтау мекемесінен бүкіл Қазақстан мен ТМД елдерінде жоқ кітаптарды да табуға болады. Кітапхананың тағы бір ерекшелігі мұнда келушілер кітапхана қызметкерінің көмегінсіз-ақ кітаптарды алып, қайта өткізе алады. Бұл қызмет кітаптар берудің электронды стансасы арқылы жүзеге асырылады. Келушілерге көп рельсті кітап жеткізу жүйесі қызмет көрсетеді. Қазіргі күні университетте 2 мыңнан астам студент білім алуда. Оларға барлық жағдай жасалынған. Болашақта олардың қатары арта беретіндігі анық. Жатақхана, кітапхана, ресурстар орталығы, лекция залдары, зертханалар, студенттік кафетерийлер, медициналық орталық, сауда дүкендері, студенттерді қолдау қызметі, спорт алаңдары, міне, осылардың қыз­метінің барлығы студенттерге арналған. Биылғы жыл – Назарбаев Универ­ситет үшін тарихи жыл. Өйткені, нақ биылғы жылы алғашқы түлектер бітіріп шықпақ. Бұл шара 15 маусым күні атап өтілмек. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». n13 ERA_4105 ERA_4158

Дерек пен дәйек

Назарбаев Университеттің негізі 2009 жылы қаланды. 2009 жылдың 17 қазанында оның басшылық құрамының бірінші мәжілісі болып өтті. Осы мәжілісте университеттің 2010-2012 жылдарғы даму стратегиясы бекітілді. 2010 жылдың күзінде университет «Foundation» дайындау бағдарламасына бірінші студенттерді қабылдады. Осы жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Назарбаев Университеттің» мәртебесі туралы заң қабылдады. 2012 жылы Астанада жаңа халықаралық университеті халықаралық деңгейде таныстыруға арналған екі күндік семинар болып өтті. * * * Қазіргі күні Назарбаев Университетте бір орталық пен жеті мектеп жұмыс істейді. Олар – Университеталды даярлық орталығы, Инженерлік мектебі, Ғылым мен технологиялар мектебі, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, Бизнестің жоғары мектебі, Мемлекеттік саясаттың жоғары мектебі, Білім берудің жоғары мектебі және Медицина мектебі. Әрбір мектептің тәжірибе бөлісу мақсатында тығыз қарым-қатынас жасайтын халықаралық әріптесі бар. Ол әріптестер әлемге танымал жоғары оқу орындары арасынан таңдап алынған. * * * Назарбаев Университетте жастарға тек білім берумен қатар ғылыми-зерттеу бағытына көп мән беріледі. Қазіргі күні онда үш ғылы­ми орталық жұмыс істейді. Олар – Назарбаев Универ­си­тет­тің зерттеу және инно­вациялық жүйесі, Өмір туралы ғылыми ­орта­лық және Білім берудің жоғары мектебі жанындағы Білім беру сая­саты орталығы. * * * Назарбаев Университет кітапханасын ерекше атап өтуге тура келеді. Оның оқу залдары 250 адамға арналған. Оларда 100-ден астам компьютер орналастырылған. Бұл еліміздегі ақпараттық ресурстардың ағылшын тілдік коллекциясына ең бай кітапхана. Оның қоры кітаптардан, мерзімдік басылымдардан және электрондық ресурстардан тұрады. Бір есептен алғанда оны супертехнологиялық кітапхана деп те айтуға болады. Мұнда 60-қа жуық толық тексті ғылыми базаға, ғылыми-танымдық журналдардың миллионнан астам мақалаларына еркін кіруге болады. Мұның сыртында 100 мыңға тарта электрондық кітаптар бар. Осынау білім сақтау мекемесінен бүкіл Қазақстан мен ТМД елдерінде жоқ кітаптарды да табуға болады. * * * Жуықта ғана Астанада өткен Қазақстан Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті пленарлық отырысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев General Electric, Microsoft, Intel және басқа да әлемдік деңгейдегі ірі компаниялар «Назарбаев Университет» интеллектуалдық-инновациялық кластері аумағында өздерінің корпоративтік орталықтарын ашатындығын мәлімдеді. Министрдің атап өткеніндей, осындай мақсатта 90-нан астам ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілген. Солардың 6-уымен меморандум жасалынған. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.