Қоғам • 26 Тамыз, 2024

Алматыда жаңа студенттер үйі ашылды

119 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

24 тамызда Алматы қаласындағы Халықаралық білім беру корпорациясының студенттеріне арналған «Dorm 32» жаңа жатақханасының салтанатты ашылуы өтті. Оған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласының әкімі орынбасары Азамат Қалдыбеков, «Қаржы орталығы» АҚ өкілдігінің директоры Ұлан Өтебаев және жобалық кеңсенің басшысы Дамир Кутумов қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда жаңа студенттер үйі ашылды

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жаңа студенттік үй мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жатақхананың бұрынғы ғимаратын реконструкциялау жолымен «МАЕР ТРЕЙД» ЖШС құрылыс салушы-инвестор тұрғызды.

«400 орынға арналған заманауи жатақханада жайлы өмір сүруге, оқуға және бос уақытты белсенді өткізуге барлық жағдай жасалған. Студенттер үшін екі, төрт және алты орындық бөлмелер бар. Әр қабатта ас үй, душ, кір жуатын бөлмелер, сонымен қатар маусымдық пайдалануға арналған қоймалар жасалған. Фитнес залы, макет және оқу бөлмесі толық жабдықталған», делінген Ғылым және жоғары білім министрлігі таратқан хабарламада.

Жатақхана аумағы күзетіліп, тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылаулар орнатылған. Студенттер үйі жаңа оқу жылында білім алушыларды қабылдауға дайын.