Білім • 27 Тамыз, 2024

Жаңа зерттеу университеті ашылды

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде шетелдік жоғары оқу орындары, әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалдары көптеп ашылып жатыр. Бұл үрдіс жоғары білімнің сапасын арттыру мақсатында қолға алынған еді. Ғылым және жоғары білім министрлігі жақында тағы бір жаңа зерттеу университетінің құрыл­ғанын хабарлады.

Жаңа зерттеу университеті ашылды

Фото: baq.kz

Салалық министрліктің хабарлауынша, 2024 жылдың 14 тамызында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Cardiff University арасында Астана қаласында халықаралық деңгей­дегі зерттеу университетін құру туралы меморандумға қол қойыл­ды. Кардифф университеті­мен ынтымақтастық – жоғары білімді трансформациялауға, сапалы білім беруді дамытуға және елдің зерттеу әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Келіссөзге сәйкес, аталған шетелдік жоғары оқу орны жобаның негізгі серіктесі ретінде қатысады. Кардифф университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-канцлері, профессор Рудольф Аллеманның айтуынша, бұл байланыс Қазақ­стан мен Ұлыбритания арасын­дағы жоғары білім саласындағы қарым-қатынасты жақындатады. Жобаны жүзеге асыру үшін Астана қаласының әкімдігі 10 га жер бөлді. Жобаны қолдайтын «Qualified Centre of Education Public Foundation» отандық инвес­торы университет ғимараты мен қажетті инфрақұрылым салуды қамтамасыз етеді. 

Министр С.Нұрбек пен вице-канцлер, профессор Венди Лернер және департамент директорлары арасындағы кездесуде Кардифф университетінің инженерия, жасанды интеллект, тұрақты даму, медицина және биотехнология сияқты негізгі бағыттар бойынша білім бағдарламалары мен зерттеу технологияларын жүзеге асыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Жаңа университетке студенттерді қабылдау 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Министрлік таратқан ақпаратына сүйенсек, Cardiff University 1883 жылы құрылған, әлемге танымал академиялық және ғылыми әлеуетке ие. Университет Ұлыбританияның ең үздік 25 оқу орнының қатарына кіреді, сондай-ақ Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерін біріктіретін беделді «RussellGroup» тобының мүшесі саналады. Оқу орны медицина, биология, инженерия және әлеуметтік ғылымдар сияқты бағыттарда жетекші университет ретінде белгілі. Әсіресе онкология, кардиология және инновациялық технологиялар саласындағы зерттеулер ерекше орын алады. Кардифф университетін танымал тұлғалар, соның ішінде медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, профессор сэр Мартин Эванс, химия саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты профессор Роберт Хубер, Ұлыбританияның Лейбористік партиясының бұрынғы көшбасшысы және Еуропалық комиссияның вице-президенті Нил Киннок, сондай-ақ BBC жаңалықтар жүргізушісі Хью Эдвардс тәмамдаған.