Қайырбек 1963 жылдың 1 тамызында Қостанай облысының Меңдіқара ауданына қарасты Көктерек ауылында дүниеге келді. 1980 жылы Қаратал орта мектебін бітірген соң, туған ауылында механизатор болып жұмыс істеді. Одан соң Боровскойдағы ауыл шаруашылығы училищесін тәмамдап, «Каменск-Уральск» кеңшарында біраз уақыт «К-700» тракторын жүргізген ауыл баласы 1981 жылдың 24 қазанында әскерге аттанды. Қостанай облысынан шыққан 74 бозбала екі күн жол жүріп, Шонжы шекара жасағына келіп түскен. Оның ішінде әулиекөлдік Серік Арыстанов та бар.
«Қайырбек екеуміз бес ай бірге қызмет еттік, бірінші күннен бастап дос болып кеттік. Ол пулеметшілер ротасында болды. Бес айдан кейін Шонжыда оқу-жаттығудан өткен жігіттердің 60-70 пайызы Ауған соғысына кетті. Қайырбек көпбалалы отбасынан шыққандықтан ба, адамға өте жақын, бауырмал еді. Үнемі күліп-ойнап көңілді жүретін. Қарапайым қазақы ауылдан шыққан жігіт қой, еркін күрестің нағыз шебері еді. Еліктің асығындай өте шымыр болатын. Жекпе-жек ұрыс жаттығулары кезінде Орал тауларында өскен бойы екі метр еңгезердей жігіттерді көз ілеспес жылдамдықпен атып ұрып, кескен теректей сұлатқанына тәнті болдық. Ең бастысы жүректі жігіт еді, сонысымен абыройлы болды», дейді Қостанай облыстық ардагер шекарашылар кеңесінің мүшесі Серік Арыстанов.
Сол жылдары Тәжікстанның Куляб облысына қарасты Қалайқұм елді мекенінің маңында кеңес шекарашыларынан жасақталған ерекше мақсаттағы шабуылдаушы десанттардың маневрлік топтары шоғырланған еді. Бұл құпия әскери құрылым туралы еш жерде айтылмады, бертінге дейін беймәлім болып келді. Шонжыда, одан кейін Қырғызстанда тау-тастың арасында өткен бес айлық тактикалық оқу-жаттығуларда шынығып, ұрыс қимылдарына машықтанған Қайырбек кейін осы құпия десантшылардың жаңа жасақталған тобының құрамында Тәжікстанға аттанады. Айрықша мақсаттағы әскери топқа сайдың тасындай іріктелген 150 жігіт таңдап алынып, олардан 3 шекара жасағы құрылды. Құпия әскери тапсырмамен шекараның арғы бетіне жиі өтетіндіктен, бұл десантшыларға өзге шекарашылар секілді жасыл погон немесе басқа да әскери айырым белгілерін тағуға рұқсат етілмеді.
«Дайындық өте жоғары болды. Осы үш заставаның десантшылары қай күні қай жерге барып түсетінін өздері білмеді. Оларды қай жерде оппозициялық күштер бас көтереді, сол жерге құпия түрде апарып түсіретін. Ішінде мергендер, пулеметшілер, байланысшылар, гранат атқыштар болды. Оларға Ауған жерінде жүрміз деп айтуға рұқсат етілмеді. Қатардағы шекарашылар есебінде еді. Ол кезде тәртіп солай-ды. Негізі, халықаралық әскери талап бойынша шекарашыларға бөгде елдің аумағына өтуге болмайды, шекараны қорғауға тиіс. Олар үйге хат жолдаса, мекенжайын Тәжікстан Республикасы, Куляб облысы, Мәскеу шекара жасағы деп көрсетті. Үйден жазылған хат сол орталыққа келеді. Әскерден аман-есен оралған кейбір жігіттер өздерінің Ауғанстан жерінде қызмет еткенін дәлелдей алмаған да жағдайлар болған. Өйткені олардың әскери билеттерінде қайда қызмет еткені туралы ештеңе жазылмады», дейді Серік Кәкімжанұлы.
Жабай шатқалындағы қанды тосқауыл жайлы осы қырғыннан аман шыққан Ресей азаматы Сергей Полежаевтың естелігінде егжей-тегжей жазылған.
«1982 жылдың қазанында Шығыс ДШМТ Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы биік таулар қоршап жатқан Қалайқұм шекара бекетіне орнықты. Бірде «Ұшуға дайындалыңдар!» деген команда естілді. Шекараның арғы бетіне өтіп, бір қышлақты тінтіп шығуымыз керек. Кешке таман тікұшақ келіп бізді кері алып кетуге тиіс болатын. 20 қазанда түске таман бортқа отырдық. Майор Иван Барсуков бастаған десантшылар тобы бірнеше тікұшақпен Жабай шатқалын басып өтіп, таудың ұшар басында жатқан Шаджақ қышлағының маңына түстік. Екі қышлақты сүзіп шықтық. Әйел, бала-шағадан басқа, бірде-бір ер адамды көре алмадық. Біраздан соң барлаушылардан төменде бізді тосқауыл күтіп тұрғаны туралы хабар алдық. Айнала күзет қойып, 3 292 метр биікте түнеп шығуға тура келді. Түнімен тоңып шықтық. Таңертең келген тікұшақ Мирзақ қышлағының маңына тастады. Шатқалдың бойымен Растдара өзенін жағалай еңіске қарай бірнеше қышлақтан өттік. Мұнда да кіл әйел, бала-шаға болмаса, ересек адам көзге түспеді. Алдымыздан бір пәле күтіп тұрғанын сезгендей қауіптене басып төмен түсіп келеміз. Күн еңкейе бастады, Харкати-Паин қышлағына шамамен екі жарым шақырым қалғанда жауған оқтың астында қалдық», дейді С.Полежаев.
Өзеннің арғы бетіндегі бірінен бірі аумайтын жықпыл тастың арасына бекінген жергілікті оппозиция күштері оқ ата бастағанда десанттық топ құрамындағы Қайырбек Мұқанов пен Владимир Пастухов пулеметтен қарсы оқ жаудырды. Осы сәтті пайдаланған жолдастары жақын тұрған жартастың қалқасына жасырынып үлгереді. Қыспақта қалған десанттар радиостанса арқылы көмекке тікұшақ шақырып, өздері жау жатқан жаққа тұспалдап оқ ата бастайды. Қас қарая бастағанда көмекке екі тікұшақ келіп, дұшпан күші бекінген жартасты зымыранмен атқылайды. Қарсы жақ осыдан кейін ғана тынышталады.
«Айдың жарығымен сыбырласып жүріп, қаза тапқан, жарақат алған жолдастарымызды іздестіре бастадық. Ыңырсыған жаралылар көп. Қайырбек Мұқанов осы шатқалда ерлікпен қаза тапты. Қорғасын оқ касканы тесіп өтіпті. Қодир Бобоев, Юрий Стефанович, Володя Пастухов та осы шайқаста мерт болды», дейді С.Полежаев.
Небәрі 19 жасында қасындағы жетпіс шақты жолдасын ажалдан арашалап қалған қазақтың батыр ұлы кейін отан қорғауда көрсеткен көзсіз ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық деп танылады.
Тәжікстан шекарасында әскери борышын атқарған Валерий Әшірбеков өз естелігінде «Қайырбек үнемі күліп, жадырап жүретін, нағыз жайсаң жігіт еді. Борап тұрған оқтың астында жатса да, сол қалпынан айнымайтын. Ең бастысы, адамгершілігі мол, жүректі жігіт еді» деп жазады. Жолдастарының ортасында Қайырбектің аса қадірлі болғанын айғақтайтын естелік көп. Мысалға, Серік Арыстановтың сөзін келтірейік: «Бес айдан кейін Қайырбектер Тәжікстанға, біз Қытай шекарасындағы Нарынқолға кеттік. Нарынқол заставасының атқыштар ротасында Юрий Чесавских, Иван Гадюков есімді Ресейдің жігіттері болды. Екеуі де Қайырбекті қатты құрметтейтін. Содан бір күні Қайырбек қаза тапты деген қаралы хабар жетті. Сонда Юраның өкіріп жылағанын көрсеңіз. Ал Иван замполитке кіріп, Қайырбектің кегін аламын, Ауғанстанға жіберіңіз деп сұранды. Ақыры екі айдан кейін Ауғанстанға кетті», дейді Серік Арыстанов.
Батырдың туысы Қазбек Ғалиевтің айтуынша, Көктерекке ұлының орнына мырыш табыт келгенде, анасы Әлбида апай «Қайырбек тірі, табытты ашыңдар, сенбеймін» деп зар еңірепті. Байғұс ана қайтеді енді, кебенек киіп кеткен құлыны мырыш кебін қаптанып келіп тұрса, не істей алады, қолынан не келеді? Ақыры «ұлымды күтем, көр де тұр, бір күні келеді» деп көпке дейін зиратқа жақындамай өзін-өзі жұбатып, өзін-өзі алдап жүріпті.
«Әскерилер өздерімен бірге ала келген қызыл жұлдызды темір ескерткіште «Мемлекеттік шекараны қорғау кезінде қаза тапты» деген жазу ғана тұрды. Ауғанстан туралы бір сөз жоқ. Ақиқат айтылмады ол кезде. Қайырбек өзінің әскери борышын соңғы секундтарға дейін адал атқарды. Біз жыл сайын Меңдіқара ауданында оқушылар арасында футболдан Қайырбек Мұқанов атындағы еске алу жарысын өткіземіз. Ол іс-шараға әр жақтан бірге қызмет еткен жігіттер де келеді. Алғашқы жарысты 2011 жылы өткіздік. Ол кезде Қайырбектің анасы тірі. Сонда сол Жабай шатқалындағы шайқаста болған 3-4 жігіт Қайырбектің анасына: «Сіздің ұлыңыз болмағанда, біз бұл жерде тұрмас едік. Сол жерде жер жастанар едік, қазір алдымыз немере сүйіп, ата болып жатырмыз. Сондай батыр ұл тәрбиелеп өсірген сізге мәңгі қарыздармыз деп бас иді», дейді ардагер шекарашы Серік Кәкімжанұлы.
Батырдың есімін ардақтап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету – парыз. Ерлік ұмытылмауға тиіс. Осы мақсатта, Қайырбек өзі білім алған сегіз жылдық Көктерек мектебінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Мектепке батырдың есімін беру туралы шешім қабылданып, ол жоғары жаққа жіберілген. Бірақ құжаттар қайтып келмеген, сол күйі жоғалып кеткен. Алайда Қайырбекті еске алуға арналған футбол турнирі жыл сайын Отан қорғаушылар күні қарсаңында өтетін дәстүрлі спорт мерекесіне айналды.
«Біраз жылдардан бері Солтүстік шекарашылар бірлестігінің, Қостанай шекара жасағының, «Застава тарландары» бірлестігінің қолдауымен Қайырбек Мұқанов атындағы жарысты аудан орталығында өткізіп жүрміз. Оған облыс мектептерінің оқушылармен қатар, Владимир Пастухов білім алған Челябідегі №1-техникалық колледж студенттері қатысады. Шекарашылар, Ауған соғысының ардагерлері, мұғалімдер келеді. Қайырбектің есімін өзі туған жердің балалары естіп, біліп өсуі керек, оның өнегелі ғұмырын жас ұрпаққа үлгі ету – міндетіміз. Осы мақсатта, біз балаларға тек доп тепкізіп қана қоймай, олардың батыр жерлестері туралы естеліктер айтып, тәрбие жұмыстарына баса көңіл бөліп отырамыз», дейді облыстық ардагер шекарашылар кеңесінің мүшесі Серік Арыстанов.
Қостанай облысы