Мәселе • 27 Тамыз, 2024

Кадастрлық нөмірдің кедергісі

63 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкенттің Бозарық аймағынан түрік инвесторы «Alarko Holding» 650 гектарға ең ірі жылыжай кешенін салуды бастағанын жазған едік. Мегополисте шетелдік компаниялармен бірлесіп табысты еңбек етіп жатқан шаруашылықтар қазір де бар. Соның бірі – Берік Иляев басқаратын шаруашылық. Ол да жылыжай кешенінде көкөніс өсірумен айналысады.

Кадастрлық нөмірдің кедергісі

Фермердің айтуынша, диқан­дық­ты алғаш рет 2009 жылы Түр­кістан облысының Сары­ағаш ауда­­нын­да бастаған. Ол кезде жылы­жай аумағы 10 гектар ғана болған. Кейін түрік инвесторларымен бір­лесіп, Шымкенттен өндірістік жылыжай кешенін тұрғызған. Оның құ­ры­лысы 2018 жылы аяқталады. Бұл агро­өнер­кәсіптік нысанды салуға Б.Иляев өз қаражаты есебінен 2 млн доллар қаржы жұмсапты. Сол кезде жылыжайды заманауи қондырғылармен жабдықтағанда Үкіметтен инвестициялық субсидия алған. Қаражат жылыжай кешеніне жоғары технологиялы қондырғыларды орнатуға кеткен шығындардың белгілі бір бөлігін өтеу үшін төленеді. Былтыр шаруашылық қайтадан гектарлы субсидия бойынша қаржылай көмек алды. Фермер бұл жерде жұмыс жыл он екі ай тоқтаусыз жүре­тінін айтады. Қызанақ пен қиярдың гол­лан­дия­лық сұрыптарын егеді екен.

Сондай-ақ шаруа сөз арасында жылыжайды жылыту үшін қолданатын отын – газ бен көмір бағасы қымбаттағанын айтып қалды. Дегенмен отынға кеткен шығын гектарлы субсидия арқылы жабылатын болса, шаруашылық көп зиян шекпеуге тиіс деген сенім білдіріп отыр. Егер жылыжайда өндірілген өнім табиғи таза, дәмді болса, оны нарыққа өткізуде еш­қандай проблема болмауға тиіс. Жер­гі­лікті базардың өзіне апарса да, саудагерлер таласа алады екен.

Кәсіпкердің мәлімдеуінше, Шымкент қаласы әкімдігі мемлекет тарапынан ұсынылатын көмектің барлық түрін көрсетіп отыр. Соның ішінде гектарлы субсидиялау бойынша төлем тұрақты жалғасса, келешекте қазіргі жылыжа­йын тағы да кеңейтпек ниетте. Оны кешен жанындағы қосымша жерді айналымға қосу арқылы іске асыратынын жеткізді. Фермердің пікірінше, қазір шаруалардың бір проблемасы бар, ол – көмір мен газ бағасының қымбаттығы.

Фермер атанбас бұрын ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін саудалаумен айналыс­қан. Кейін келе қаржы жинап, бастапқы капиталына Сарыағаш ауданынан жылыжай салған. Осылайша, табысын еселеп, қарапайым жылыжайын ірі өндіріс­тік кешенге айналдырды. Бүгінде ол – мега­полистегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ірі агрофирма иесінің бірі.

Жылыжай шаруашылығы өңірлік қауымдастығының басшысы Мырзахмет Сынабаевтың айтуынша, ішкі нарыққа Ресей мен Қытайдан қияр, Иран, Түрікменстан, Өзбекстаннан қызанақтар кіреді. Бұл ішкі нарықта осы өнімдерге сұраныс өте жоғары дегенді білдіреді. Дегенмен жергілікті шаруалар өндірген өнімдер Ресейге экспортталып жатқан жоқ. Себебі өзімізден артылмайтын көрінеді.

«Бүгінде жылыжай шаруашылығында тағы бір проблема шығып тұр. Шымкент бөлінбей тұрғанда 19-кадастрлық нөмірде болатын. Кейін өз алдына мегаполис болған соң кадастрлық нөмір 22-ге ауысты. Шымкенттегі жылыжайдың барлығы шаһар облыс орталығы болып тұрғанда салынған. Кезінде сол жылыжай иелері мемлекеттік актіні ескі кадастрлық нөмір бойынша кепілге қойып, ол сол күйінше қалып кеткен. Ал мемлекет «gosagro.kz» бірыңғай сайтында Шымкенттің кадастрлық нөмірін 22 деп көрсеткен. Енді шаруалар мемлекеттік актінің ескі кадастрлық нөмірімен не субсидияны не басқа да жеңілдіктерді ала алмай отыр. Мегаполис фермерлерін осы жағдай қатты қинап тұр. Мұны тез арада Үкімет деңгейінде шешпесе болмайды. Кадастрлық нөмірді 22-ге ауыстыру үшін алдымен кепілден құжатты босату керек. Жер комитетіне, кадастрлық мекемеге арыз жазу қажет. Заңгер көмегіне жүгіну керек болып тұр. Соның өзінде бұл іс үш айсыз бітпейді екен. Кадастрлық нөмірді ауыстырудың амалын тезірек тапса немесе мұндай құжатты мүлде алып тастаса деп ойлаймыз», дейді қауымдастық басшысы.

 

ШЫМКЕНТ