Суретті түсірген – автор
Баянауладан шыққан тарихи тұлғалардың көшін Бұқар жырау Қалқаманұлының бастап тұруы заңдылық. Қазақтың ел болып қалыптасу, мемлекет ретінде толысу кезеңінде әр сөзі көмейінен бірліктің ұйытқысындай ақтарылған жырау Тәуке, Болат хан, Абылай хандардың ақылшысы болды. Қазіргі тарихшылар баға бергендей, Бұқар жырау – аса ірі тарихи тұлға. Өз заманындағы көрнекті қайраткерлер арасында ең көп жасағаны да, халық өміріндегі ірі оқиғаларға жиі қатысып, оларды өз шығармашылығы арқылы суреттеп, шығармаларында тарихи дәуірдің іздерін ең көп қалдырған да – Бұқар жырау Қалқаманұлы. Бір сөзбен айтқанда, ол өз заманының ұлы идеологі, ханның ең сенімді адамы, кеңесшісі, ал халыққа әрі жырау, әрі батыр болып танылды.
Тарихшы Жамбыл Артықбаев: «Бұқар жырау ХVІІ ғасырдың соңғы ширегінде, нақты айтсақ, 1683 жылы Жиделібайсын аталатын Бұхар жерінде дүниеге келді. Бұқар жыраудың руы – Арғынның үлкен бұтағы Мейрам сопыдан тарайтын Сүйіндікпен еншілес Қаржас. Қаржас ішінде Алтынторы. Шежіреде Алтынторыдан төрт ұл туады делінген – Жолымбет, Мәмбетәлі, Келімбет және Артық. Соңғы екеуі қалың Қаржас Арқаға біржола қоныстанғанда, ескі қоныс Жиделібайсынды қимай сонда қалып қойған, Бұхарай-Шәріптен күнгейге қарай Хиссар, Балжуан өлкелерін мекендейді. Осы күні қазақтан қалған Сүйіндік, Қуандық, Бегендік, Төртуыл, Үш ұл, Бұрындық, Шал, Майрам, Шақай, Дәуіт деген аталар Лақай елі аталады», деп жазады.
Баянауылдық ардагер педагог, өлкетанушы Қайриден Мұзафаров ертеден жеткен ел сөзінде Бұқар жыраудың қазіргі Қарағанды облысындағы «Сұңқар қия» аталатын жерде дүниеге келгені айтылатынын жеткізді. Бұқар жырау бабамыздың кесенесіне бастап апарған қария 97 жасында өмірден өткен данышпан тектен-тек Далба тауының етегінен мәңгілік тыныс таппаған болар деп пайымдайды.
«Бұқар бабамыздың дүниеге келген жеріне қатысты екі түрлі дерек бар. Баянаула сыртқы округінің аға сұлтаны, би әрі шешен болған Мұса Шорманов жазған көне кітапта Бұқар жырау туды делінетін «Жиделібайсын» деген атауға түсінік берілген. «Жиделі» – қазақтың жейде сөзінен, ал «байсын» – бай деген сөзден шыққан. Халқымызда «көйлегі көк болу», яғни тоқшылықта болу деген сөзі бар. Яғни Жиделі байсын атауы елдің көйлегі көк, тоқшылықта, дәулетті болып өмір сүріп жатқанына қойылған. Ол қазіргі Ауғанстан мен Өзбекстан елдерінің аумағында болғанын кейінгі тарихшыларымыз айтып жүр ғой. Мұса Шорманұлы жазғандай, ол заман қазақтың керемет өмір сүрген кезеңі болған. Ал ел аузындағы екінші дерек, Бұқар бабамыздың Далба аумағында, қазіргі «Сұңқар қия» деп аталған жерде туғанын баяндайды. Ол жер кесенеден шамамен 60-70 шақырымдай жерде орналасқан. Жырау дүниеден өтерінде: «Мені дүниеден қайтқанда аманатқа сақтап, Әзіреті сұлтанға (Түркістанға) апарып қоймаңдар. Маған осы Сарыарқа даласының топырағы бұйырсын. Әйтпесе елдің құты қашады, ырысың кетеді. Менің кием осы Сарыарқаға ие болсын. Қазақтың ендігі Жиделібайсыны – осы жер» деуі де бекер емес», дейді өлкетанушы.
Кесене орналасқан жер – Далба тауының етегінде Бұқар бабаның ауылы болған. Әулие дүниеден өтер алдында Абылай хан мұнда арнайы келіп, қоштасып кеткен деген де аңыз бар. Негізі Қаржас руының Алтынторы тармағынан 7 әулие шыққан деседі. Оның ірі өкілі – Бұқар Қалқаманұлы болса, соңғысы – сүйегі Баянауылдың Мұса Шорман ауылында жатқан Көшербай абыз. Ал жырау зиратының ел жадынан өшіп қалмауына ғұлама Мәшһүр Жүсіптің өзі себеп болған. 1927 жылы ол жанына Сармолланы алып, трашпеңкесіне отырады да, осы жерге келіп, қасиет иесінің қабірінің басына Баянауылдың гранит тасын қадап кеткен.
«Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары бұл маңға жақын жерде ұжымшар болған екен. Мәшекең арбаға тиелген ауыр тасты көтеруге жәрдемдесетін ел азаматтарын ұзақ күтіп қалғанға ұқсайды. Сонда жарықтық: «Әй, бар болғырлар, тезірек келсеңдерші. Мен өлсем, Бұқар бабаларың елеусіз қала береді. Мынау тасты құйрығыммен қашанғы басып отыра беремін», деп қарқ-қарқ күледі екен. Сөйткен белгітас 1993 жылға дейін, яғни қазіргі кесенесі салынғанға дейін тұрыпты. Ал басына жазуы бар тақтайшаны алғаш орнатушы – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, руханият жанашыры Нағи Ахметұлы. 1973 жылы темірге ойылып жазылған тақтайшада: «Бұл жерге сөз зергері Бұқар жырау Қалқаманұлы жерленген (1973 жыл)», делінген», деп атап өтті Қ.Мұзафаров.
1993 жылы тұрғызылған кесене қазақтың баскиіміне ұқсас етіліп, кезінде бабамыз аңсап өткен үш жүздің бірлігін сипаттайтын пішінде тұрғызылған. Биіктігі 12 метрлік сәулеттік ғимараттың мәрмәрмен өрілген ақ сұлбасы сонау алыстан көз тартады.
Шырақшы Сәбит Мұхановтың айтуынша, кесенеге тәу етіп келіп жатқандар аз емес. Еліміздің түпкір-түпкірінен, сонау Ресейден келіп, қасиет иесінен тілек тілейтіндер бар. Кесене басында шырақшылар үйі, мұражай салынған. Бірақ алыстан ат арытып келетіндер үшін жайлы қонақүй жоқ.
Сонау 1993 жылы Кернейден кесенеге дейін асфальтті грейдер салынған екен. Ұзындығы 70 шақырымдай жол апалардың құрақ көрпесіндей қырық жамау, ойқы-шойқы. Кейінгі 30 жылда күрделі жөндеудің бетін көрмегені байқалып-ақ тұр. Ал кесенеге Павлодар облысы жағынан, яғни Баянауыл тұсынан апаратын дала жолы тіпті сорақы. Небәрі 30 шақырымдық жолға жол таңдамайтын көліктің өзі бір сағаттан артық жүріп барады. Айналаның көбі сортаң, жаңбыр жауса, қарға адым жер жүрудің өзі мұңға айналады.
Жалпы, кесене басы мен айналасы көріктендіруді қажетсініп-ақ тұр. 350 шақырымдай қашықтықты басып өтіп, бабамыздың кесенесіне келгенде сұрқы қашқан аумақты көрдік. Барлығы көнеріп кеткен, жаңартуды қажет етеді. Кесененің орналасқан жері мен мұражай, шырақшылар үйі Қарағанды облысының аумағында болғандықтан, бұл іске аталған өңір жауап берсе керек. Аумақтағы тазалыққа тағар мініміз жоқ. Тек бұл жерге мемлекет тарапынан кешенді қамқорлық қажет екенін ұғындық.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы