Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұралы Әбишанның айтуынша, Ойыл, Жем және Жайық өзендері ернеуінен асқан су жайылмаға жайылған. Сол кезде Қызылқоға, Жылыой, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласында жол мен көпірлерге зақым келген.
«Су тасқыны кезінде бүлінген жолдың ұзындығы 25,4 шақырымды құрайды. Жол бойындағы 6 көпір жарамсыз болып қалды. Жыл соңына дейін жол мен көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталады», дейді Н.Әбишан.
Оның айтуына қарағанда, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде су басқан учаскелерге қосымша су өткізгіш құбырларын салу көзделіп отыр. Бірақ жөндеу жұмыстары басталғанымен, Атырау – Индер бағытындағы автомобиль жолында көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ.
«Тасжолдың жүруге жарамсыз аумағына айналма жол салынды. Қазір аталған трассадағы 44 шақырым жолдың жиегі мен 3 шақырым жол жабындысы қалыпқа келтіріліп жатыр. Бұл жұмысқа 17 техника бөлініп, 24 жұмысшы тартылды. Аталған жұмыстарды «Атырау жолдары», «Қазақдорстрой» ЖШС жүргізуді қолға алды», деп мәлімдеді ол.
Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жолдың қолданысқа берілгеніне 10 жыл болған. Облыстық маңызы бар тасжолдың ұзындығы – 174 шақырым. Атырау қаласынан Махамбет ауданының аумағымен өтіп, Индербор кентіне дейін барады.
Ал Индербор – Индер ауданының орталығы. Бұл кентке дейін жол бойында 10 елді мекен орналасқан. Елді мекендердің бесеуі Махамбет ауданының аумағына қарайды. Тағы бес ауыл Индер ауданының әкімшілік бөлінісіне кіреді.
«Біздің шаруа қожалығымыз Махамбет ауданындағы Ақжайық ауылдық округінде тіркелген. Сол ауылдық округтің аумағында егін саламыз. Мал өсіреміз. Бұрын жаз, күз айларында өсірген көкөніс, бақша дақылдарын Атырау қаласына жеткізу үшін Жайық өзенінің келесі жағалауына қайықпен тасымалдап жүрдік. Содан соң өзен жағасында тұрған көлігімізге тиейміз. Ал мына жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, 2014 жылы пайдалануға берілген соң әлгіндей машақаттан құтылдық. Өйткені бұл жолмен Атырау қаласына тіке жетуге болады», дейді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ерманов.
Мұнайлы шаһардан Индербор кентіне дейін қатынайтын жолға он жыл бұрынғы күрделі жөндеуді «Атырауинжстрой» ЖШС жүргізген. Кейін аталған серіктестік Жайық өзенінің үстінен көпір құрылысын жүргізуге мердігер ретінде таңдалды. Бұл көпірдің жүк көтеру қуаты 180 тоннаға есептелген. Оның ұзындығы – 860, ені – 13 метр. Көпірге көтерілетін жолдың жалпы ұзындығы 8,5 шақырымды құрайды. Бұл көпірдің Жайық өзенінің оң жағалауындағы тармағы Махамбет ауылының тұсында Атырау – Орал республикалық трассасына қосылады. Көліктер сол жағалаудағы бөлігімен Ортақшыл ауылының маңында Атырау – Индер облыстық маңыздағы жолға шығады.
«Атырау – Индер жолы 2014 жылы қолданысқа берілген еді. Содан бері күрделі жөндеу жүргізілген жоқ», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Жол сапасының нашарлауына шамадан артық жүк тиеп жүретін ауыр жүк көліктерінің де әсері тиіп отыр. Атырау облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Батырбек Нұрбайұлының айтуынша, жүк көліктерінің жүргізушілері ауыр жүк тасымалдау талабын сақтамайды.
«Ауыр жүк көліктерге 25 тоннаға дейін жүк тасымалдауға рұқсат етілген. Егер қосымша тіркемесі болса, барлық жүктің салмағы 40 тоннадан аспауы қажет. Бірақ жүк көліктерінің жүргізушілері бұл талапты сақтамайды. Жылжымалы бекеттің көмегімен бір күнде 6 «КамАЗ» көлігіндегі жүк салмағын өлшедік. Сол кезде жүк көліктерінде шекті мөлшерден артық жүк тиелгені анықталды. Қос тіркемесі бар жүк көлігіндегі артық жүктің салмағы 6 тоннаны құрады. Кей көліктер 30 тоннаға дейін артық жүк тасып жүр», дейді Батырбек Нұрбайұлы.
Инспекция маманының дерегіне сүйенсек, жүк көліктерінің иелеріне «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 571-бабының 6 және 9-тармағымен хаттамалар толтырылған. Артық жүк тасымалдаған жүргізушінің біріне 479 мың 960 теңге айыппұл салынған.
Индер аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Шапағат Ғаббасовтың айтуына қарағанда, жүк көліктерінің дені карьерден инертті материалдар тасымалдайды. Сол себептен, кәсіпкерлерге талап күшейтілгелі отыр.
«Кәсіпкерлерге ауыр жүк көліктеріне инертті материалдар шекті мөлшерден артық тиелмеуі қажет. Бұған жол бермес үшін кәсіпкердердің өзінде ауыр жүк көліктеріне тиелген соң салмақты өлшейтін құрал болуы қажет. Осы талапты сақтау жөнінде кәсіпкерлерге түсінік жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірақ олар бұл талапты тиісті деңгейде орындамай отыр. Сондықтан алдағы уақытта рейдтік іс-шараны ұдайы өткіземіз», деді Ш.Ғаббасов.
Атырау облысы