Таным • 27 Тамыз, 2024

Керген тері

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұрынғы заманда аталарымыз ел қорғаудың қамы үшін әрқилы жауынгерлік жаттығулар жасайтын болған. Соның бірі сарбаздардың – мергендік өнерін шыңдау тәсілі. Мысалы, көрнекті жазушы Iлияс Есенберлин «Көш­пенділер» тарихи трилогиясында: «Мергендер жам­бы атып, керілген тері атып сайысқа түсті» деп жазады.

Керген тері

Ежелгі көшпелі­лердің жауынгерлік өнерін зерттеген орыс ғалымы А.И.Мазаев, моңғол оқымыстысы О.Нам­нандоржылардың еңбегінде ертедегі ғұн, сақ дәуірінде ел ішіндегі мергендерді сынайтын: теңге ату, жебе жарыстыру немесе оқ оздыру, керген тері ату, жалау ату, сұр (қайыс) ату деген сайыс түрлері болған депті.

Осылардың ішінде біз керген тері ату тәсілі туралы айтар болсақ, бұл – ұсақ мал­дың, қажет жағдайда өгізд­ің терісін ағашқа керіп, нысана жасау арқылы орындалатын сайыс түрі. Ерте за­манда бұл нысананы мергендер 100 садақбойы қашықтан, бес оқпен ататын болғаны туралы дерек бар. Көне сөздіктерде керген теріні «саранпай» деп атаса, ортағасырлық дерек­көздерде: ертеде көшпелілер садақ­шылардың мергендігі мен ептілігін саралау үшін малдың керген терісін нысана ретінде пайдаланған делініпті.

Яғни нысананы (ағаш­қа керілген тері) 40 оқ (бір оқ шамамен 90-100 см) қа­шықтықтан бір мерген 20 оқ жұмсап ататын болған. Осы әдіс арқы­лы мергендердің ша­­масын межелеп, алыс және орта қа­шықтыққа са­дақ тар­­татын топтарды жасақ­тай­ды екен. Яғни бұл да мер­ген­дердің кезекті жаттығуы немесе сайыс өнерін жүр­гізетін бір тәсіл.

Тарихшылар мәліметіне жүгінсек, бұл сайыс сонау сақ-ғұндар дәуірінде болғаны туралы айтылады. Яғни нысана ретінде жасы толысқан қой-ешкі немесе бір-екі жасар ірі қараның терісі таңдап алынып, ол кергіш ағашқа шегеленеді де, оның шелді бетіне адамның бейнесін салатын да дәстүр болған екен. Онысы жас садақшыларды дәлдікке баулу сабағы болуы керек. Бұл нысананы ату үшін темір жебе қолданбайды. Өйткені ол теріні жарамсыз ететіндіктен, доғал ағаш жебе немесе сүйектен жасалған жұмсақ жебе қолданады. Бұл сайысты өткізудің үш түрлі тәсілі бар:

Біріншісі, керілген теріге ат үстінде шауып келе жатып 4-5 дүркін садақ тарту;

Екіншіден, нысанды қоз­ғалыссыз жерде тұрып ату;

Үшіншіден, тері нысананы көзге көрінбейтін белгілердің арғы жағына орналастырып, одан асырып ату. Бұл – көзге көрінбей жасырын жерде ор­на­ласқан жауды жоюдың амалы.