35 мың жаңа маман қажет
Жиында сөз алған Тахир Балықбаев Қазақстан Президенті жастарға және олардың қоғамдағы орнына ерекше маңыз беріп отырғанына тоқталды. Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Мен жастар біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты. «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы», деген еді. Шын мәнінде, жастар – елдің негізгі күші. Оның басты стратегиялық кадрлық ресурсы. Бүгінгі таңда Қазақстанда жастардың саны 4,2 миллионнан асады немесе олар халықтың 25 пайызын құрайды. Осы жастардың 40 пайыздан астамы, яғни 1,7 миллионы білім беру орындарында – орта мектептерде, техникалық кәсіп беру және жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Сондықтан, ең бірінші, «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық бағдарламасына жастардың қатысуы үшін ең қажетті, маңызды фактор – ол жастардың сапалы білімі мен кәсіби дайындығы. Сол себепті, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасының шеңберінде Қазақстанның жоғары оқу орындарының зертханалық базаларын жүйеге келтіру және дамыту үшін алдағы 3 жылда 10 млрд. теңге бөлуді тапсырған болатын. Осы мақсатта біздің министрлік 10 жоғары оқу орнын және колледждерді анықтап, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындауға қажетті мамандарды дайындайтын болады, деді Т. Балықбаев. Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігінің зерттеулері бойынша, жаңа бағдарламаны іске асыру үшін алдағы 5 жылда 35 мыңнан астам маман қажет екен. Олардың 17 мыңы жоғары білімді маман болса, 18 мыңы техникалық-кәсіптік білімі бар азамат болмақ. Ал бұл мамандарды дайындау үшін іріктелген жоғары оқу орындарында арнайы мамандықтар ашып, сондай-ақ, сол жоғары оқу орындары мен колледждерде арнайы бағдарламалар әзірленбек. Бұл шараларды дамыту үшін біз тиісті іс-шараларды қабылдап жатырмыз. Биылғы жылы жоғары оқу орындарына 4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Біз ол қаражатты игеретін боламыз, деді Т. Балықбаев бұл ретте. Сондай-ақ, ол Білім және ғылым министрі жастар мәселесіндегі ең негізгі фактор – ол заңнамалық негіздеме екенін, бұл ретте, күні кеше ғана «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң жобасы қабылданғанын тілге тиек етті. Бұл заң жобасында мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттері, негізгі бағыттары анықталған. Сонымен қатар, жаңа заңға сәйкес, Еңбек кодексіне екі түзету енгізілген. Мәселен, оқу бітірген, алғаш рет жұмысқа орналасқан жастарға арналған келісімшарттың ең аз мерзімі екі жылға дейін ұзартылған. Екіншіден, 18-ге толмаған жастар және жас мамандарды жұмысқа алған кезде ешқандай сынақ мерзімінсіз алынбақ. Бұлардың барлығы Елбасының «Нұрлы Жол» стратегиялық саястына жастардың қатысуына мүмкіндік бермек, деді Т.Балықбаев.Жастарда бизнес-білім жеткіліксіз
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Әуез Қарабалаев: «Әлемдегі қазіргідей дағдарыс жағдайында жастардың бизнеске бет бұруы – елді алға жылжытуға сеп болмақ. Статистика комитетінің 2014 жылғы деректеріне сәйкес, қазір жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деп белгіленген. Бүгінде жұмыссыздардың саны 100 мыңнан асып жығылады. Оның үстіне, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың саны 600 мыңнан асады. Елімізде кәсіпкерлікке, кәсіпкерлікті қолдауға байланысты бағдарлама көп. Бірақ, жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін тек Даму қорының арнайы бағдарламасында ғана нақты тетіктер көрсетілген. Сондықтан, мұндай тетіктер «ҚазАгро» сияқты, басқа да ірі қаржы институттарында көрініс тапса деген үмітіміз бар», деді Ә. Қарабалаев. Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда жастар арасында кәсіпкерлік әлі де әлсіз дамып келе жатқанына тоқталды. Бұған жастар арасында бизнес-білімнің жеткіліксіздігі, екіншіден, мемлекеттік бағдарламалардың ақпараттық тұрғыда дұрыс насихатталмауы, үшіншіден, бұл жастарға арналған жобалардың тиісті деңгейде қаржыландырылмауы. Осы орайда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жастар кәсіпкерлігін дамыту жөнінде кеңес құрылды. Кеңестің бірінші отырысы желтоқсан айында өтті. Онда маңызды мәселелер қаралды. Бұл кеңестің негізгі міндеттері – жастар арасындағы кәсіпкерлікке тиімді тетіктер әзірлеу, әлеуметтік зерттеулер жүргізу, жастарды кәсіпкерлікке тарту бойынша насихат жұмыстарын жүргізу секілді іс шараларды жүзеге асыру. Бүгінде жұмыссыз жүрген жастар мен бизнесін енді ғана бастаған азаматтарға арналған «Бастау» бизнес-мектебі бар. Қазіргі таңда Астана қаласында 200-ге жуық жас азамат дәріс алуда. Бұл бағдарлама келешекте бүкіл аймақты қамтитын болады. Жылына бір аймақтан кемінде 1000 азамат, яғни бүкіл аймақтан жылына 16 мыңға жуық адам дәріс алады деп көздеп отырмыз. Ал олардың ішінде жастардың 30 пайызы бизнесін ашып, 50 пайызы жұмысқа орналасатын болады деген үмітіміз бар, деді Ә.Қарабалаев. Бұған қоса, брифингте Қазақстанның барлық мектептерінде SAGE халықаралық бағдарламасы енгізілетіндігі, аталған бағдарлама жаһандық деңгейдегі бизнес-көшбасшылардың жаңа толқынын құруға септігін тигізетіні айтылды.«Сәтті қадам» – тиімді мүмкіндік
«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов қазіргі таңда жастарға үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап көрсетті. Алысты жақындататын жаңа жолдардың салынуы, яғни көлік инфрақұрылымының жаңғыруы тек жұмыс орындарының ашылуына ғана емес, жастардың орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік ашады деп ойлаймын, деді Н. Сыдықов. Оның айтуынша, «Жас Отан» жастар қанаты экономикаға жаңа мамандардың келуіне ықпал ететін, былтырғы жылдан бері қолға алынған «Сәтті қадам» жобасын жалғастыратын болады. Себебі, бүгінде жас мамандардың алдында тұрған бірден-бір мәселе – ол жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін өздерінің еңбек өтілімдері болмағандықтан, көп жағдайда, азаматтардың жұмысқа орналаса алмай жататындығы. Бұл орайда, өткен жылы 1000-нан аса жас «Жас Отан» жастар қанатының «Сәтті қадам» жобасына қатысып, 3 айдың ішінде еліміздің ірі ұлттық компанияларында, мемлекеттік мекемелерінде, өңірлердегі зауыттарда өздерінің негізгі мамандықтары бойынша іріктеуден өтіп, машықтанып, кәсіби біліктілігін жетілдіруге мүмкіндік алыпты. Бір айта кетерлігі, арнайы мәліметтер бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2001 жылмен салыстырғанда 4 есеге төмендеген екен. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».