Фото: vk.com
Қазақстан қоғамдық даму институтының «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасы аясында жүргізген сауалнама нәтижесі ата-аналардың 45,5 пайызы үнемі балаларының қасында болатынын, ал 0,9 пайызы ешқашан бос уақытты балалармен өткізбейтінін (1-кесте) көрсетіп берген.
1-кесте. Ата-аналардың бос уақытты балаларымен өткізу жиілігі, %
Респонденттердің жауабы |
% |
Үнемі балалардың қасындамын |
45,5 |
Күн сайын бірге жиналуға тырысамыз |
17,7 |
Әр демалысты және мереке күндерін бірге өткіземіз |
13,5 |
Тек мереке күндері бірге уақыт өткіземіз |
9,8 |
Аптасына 2-3 рет балалармен уақыт өткіземіз |
6,5 |
Сирек, жылына бірнеше рет қана |
6,0 |
Бос уақытты балалармен өткізбейміз |
0,9 |
Дереккөз: «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасы, 2022
Отбасылық міндеттерді бөлуді талдау бір шаңырақ астындағы өмірдің көптеген аспектісінде серіктестер арасында айтарлықтай ынтымақтастық бар екенін көрсетеді. Қазақстан отбасыларында материалдық қамтамасыз ету негізінен бірлесіп жүзеге асырылады (45,8%). Дегенмен ерлердің рөлі басым (50,4%). Отбасылық бюджетті басқару күйеуімен (21,0%) салыстырғанда әйелінің (24,1%) неғұрлым айқын қатысуына қарамастан (54,0%) бірлескен міндет болып саналады. Балаларды күту (62,4%), серуендеу (71,9%), олардың бос уақытын ұйымдастыру (72,3%), сондай-ақ қосымша үйірмелер (62,8%) мен балабақша, мектепке (62,3%) апару көбіне бірлесіп ұйымдастырылады. Дегенмен ерлер мен әйелдердің рөлін салыстырғанда, нәзік жандардың рөлі айқын көрінеді (1-диаграмма).
1-диаграмма. Сіздің отбасыңызда келесі міндеттер қалай бөлінеді, %
Дереккөз: «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасы 2022
Бұл Қазақстан қоғамындағы гендерлік рөлдердің бөлінуіне байланысты болуы мүмкін. Біздің қоғамда балаларды тәрбиелеу функциясы көбіне әйелге, ал отбасын қамтамасыз ету ер адамға жүктелген. Сондай-ақ ерлердің жұмысқа орналасу деңгейі әйелдерге қарағанда біршама жоғары екенін атап өткен жөн. Сондықтан ер адамдар жұмыспен қамтылуына байланысты балаларға көңілін аз бөледі.
Ата-аналардың балаларымен бірге уақыт өткізуіне кедергі келтіретін басты себеп – жұмысбастылық (25%) және үй шаруасының көптігіне байланысты уақыт тапшылығы (10,6%). Ал сауалнамаға қатысқандардың 54,5 пайызы балаларымен көбірек уақыт өткізуге ештеңе кедергі келтірмейтінін көрсетті (2-кесте).
2-кесте. Балалармен уақыт өткізуге кедергі келтіретін факторлар, %
Респонденттердің жауабы |
% |
Ештеңе кедергі келтірмейді |
54,5 |
Жұмысбастылық |
25,0 |
Үй шаруасының көптігіне байланысты уақыт тапшылығы |
10,6 |
Балалармен демалуға қаржының болмауы |
6,5 |
Олар жақын жерде тұрмайды |
2,3 |
Ата-ана ретінде педагогикалық дағдылардың болмауы |
1,5 |
Балаларды секцияларға беруді жөн көремін, себебі онда бәрі бар |
1,2 |
Балаларыммен қызығушылықтарымыз әртүрлі |
1,0 |
Балаларымды үлкендер тәрбиелеп отыр |
0,9 |
Аурудың салдарынан |
0,8 |
Олармен ортақ тіл таба алмаймын |
0,6 |
Дереккөз: «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасы 2022
Респонденттердің 46 пайызы үшін баламен қарым-қатынас қиындығы өте өзекті. Ата-аналардың 55%-ы жұмысбастылыққа, жұмыс кестесінің қарбаластығына байланысты баланы тәрбиелеуге уақыттың жетіспейтіндігіне шағымданады. Респонденттердің 45%-ы көп жағдайда баланы қарайтын адам жоқ екенін айтады.
Осылайша, зерттеу нәтижелері саламатты отбасы қарым-қатынастарын қалыптастыру үшін бірге уақыт өткізудің маңыздылығын көрсетеді. Ата-аналар балаларының өміріне мән беру деңгейі жоғары екені байқалады. Бірақ жиі жұмысбастылық және уақыттың жетіспеушілігі сияқты бірқатар түйіні тарқалмаған кедергі де бар. Қиындықтарға қарамастан ата-аналардың едәуір бөлігі балаларына көбірек көңіл бөлуге тырысады. Бұл отбасылық байланыстардың маңыздылығы мен құндылығын көрсетеді.
Арна ДҮЙСЕНОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы