Мирас • 28 Тамыз, 2024

Көбе бұзар көн садақ

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Садақ көшпелі бабаларымыздың басты қаруы десек қате­леспейміз. Көне атауы «қара санай» аталған бұл әскери қару өз заманында позициялық шайқас жүргізуге, аз күшпен қарсы жаққа алыстан зор шығын келтіруге мүмкіндік береді. Мұны ұстаған қазақ мергендері туралы мұра халық ауыз әдебиетінде жиі кездеседі. Мысалы, «Бұлғары садақ, бұқаржай» (Қобыланды батыр), «Садақ толы сай кез оқ», «Көн садақтың ішінде, көбе бұзар жебе бар» (Махамбет), «Қарағайдан садақ будырып, қылшанымды сары жүн оққа толтырып» (Қазтуған) деген жолдар бар.

Көбе бұзар көн садақ

Жалпы, садақ туралы әлем халықтарының түрлі аңызы бар. Мысалы, көне түркілерде са­дақ хандық биліктің белгісі ре­тінде таңбаланса, арабтардың көне аңызында жаңа туған айға қарап жасалған, ал діни тұрғыдан алғанда, періштелер оны Адам атаға дайын күйінде сыйға тартқан, берген-мыс.

Орта ғасырда бас бостандығы бар әрбір еркек садақ атуға машық­танумен айналысқан. Оған ақсүйек те, қарапайым адамдар да, жауын­герлер де, бейбіт тұрғындар да жастайынан жаттыққан. Мы­са­лы, Отырардан шыққан ұлы ғұла­ма Әл-Фараби жастайынан жақ атуды үйренгені тарихтан бел­гілі. Атақты философ өмірінің со­ңын­да Сирияда жол тонаушы қарақ­шыларға қарсы садақпен шай­қасып, қаза тапқан.

Көне қару саналатын садақ олим­пиадалық спорт түрлеріне енген. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының көзірі десе болады. Көптеген ел осы спорт түрін қолға алып, садақ жасау, оны атуды қайта қалпына кел­ті­ріп, дәстүрлі өнердің бір түрі ре­тінде қастерлейді. Садақ тар­тылғанда иіндері ішке бүгіліп, оны жібере қойғанда бойындағы серіппе күшті адырна арқылы жебеге дарытады. Иіндер күші­нің арқасында оқ бастапқыда секундына 50 метр жылдамдықпен ұшады.

Барлық ұлт көне заманнан аңшылық және соғыс кезінде қолданатын қару ретінде садақ от қаруы – мылтық үстемдік алғанша қолданыста жүрді. Қадым заман­да алдыңғы адам қайырып кеткен ағаш бұтағы арттағы кісіні соққаны бір тапқырдың майысқақ ағаш бо­йында күш жатқанын түсіндірген шығар. Жасалу тәсілдеріне қарай садаққа қолданатын материалдар да түрлі-түрлі. Тарихи тұрғыдан алғанда, қарапайым және құрама садақтар деп екіге бөлінеді. Осы қару түрін зерттеушілер күрделі садақтар Азия далаларын мекен еткен көшпелі тайпалардың ат үстінен ататын қаруды жетілдіру мақсатында дүниеге әкелгенін жазады. Шағын садақ жасауға иіліп, созылған соң бастапқы қалпына қайта келетін мүйіз, сіңір секілді материалдарды пайдаланады. Та­рих­тан құрама скиф садағы, сауыт­ты тесетін ғұн садақтары белгілі.

Садақ ату мәдениеті әсіресе көш­пелі халықтар арасында, бір жағынан, күнкөріс, екінші жағы­нан қару ретінде ерекше дамы­ғаны белгілі. Ес білгеннен ат жалын тартып мініп, «ата көрген оқ жонар» демекші, қаршадайынан осы қару түрін атып үйренген көшпелілердің мергендігі жөнінде түрлі аңыз тараған. Атақты Бабыр өз шығармасында құралайды көзге атқан бір түркі садақшысы туралы айта келіп, «арқанға байланған шеңберді ағашқа іліп, арқанды барынша бұрап тастап, арқан қайта тарқатылғанда садақпен атып, оғын шыр айналған шеңберден өткізетін», деп жазады.

Түркілермен бірге кресшілерге қарсы қанды шайқастарға қатысқан араб тарихшысы Ибн Мункиз (1095-1188) түркілердің садақ атудан шеберлік шегіне жеткенін жазады. Садақ оғын бұршақша жаудыру, жебенің ысқырып және алысқа ұшуы көшпелілерге орасан зор басымдық бергені тарихтан баршаға аян. Найза – қылыш түйістірмей тұрып-ақ жаудың ту-талақайын шығаратын сесті қару.

Тарихта түркі жебесі ұш­қан қашықтыққа бірде-бір халық­тың садақ оғы жетпеген. ХVII ғасыр­да Иранды мекен еткен түр­кі тайпасының шеберлері көш­пе­лілердің садағын дамытты. Ол құ­­рама садақ сол кездегі Осман түрік империясында кеңінен қол­данылды. Иіндерінің ұштары (басы) алға қарай бүгілген садақтың ұзындығы бар болғаны 111-116 см болса да, адырнаны тарту ұзын­дығының ұлғаюы есебінен ең күшті садаққа айналады. 1798 жылы ІІІ Сәлім деген түрік сұлтаны атқан оқ 889 метрге жеткені – тарихи факт.

Қолдан жасалған бірде-бір са­дақтың жебесі мұндай қашыққа ұшқан жоқ. Түркі садағына тән қасиет – ұзақ уақыт қолданбайтын болса ғана жібін ажыратып қояды. Ал ағылшын (Уэльс) садағынан атқан оқ жеткен ең алыс қашық­тық 557 қадам екен. Бұл садақ түрі тал, шілік ағашынан жасалғандық­тан, көпке шыдамайтын. Сондық­тан ағылшын әскері соңынан арба-арба садақтар алып жүруге мәжбүр болғаны белгілі. Оның үстіне садақтың серіппелігі мен шымырлығын сақтау үшін оны қолданбайтын кезде жібін ажыратып қою керек еді.

Бұл жерде әңгіме тік ату емес, асыра ату, яғни жаудыра ату тәсілі туралы болып отыр. Осы тәсілмен ғана жебе алысқа ұшады. Зеңбірек оғы 45 градус көлбеулікте алысқа ұшатыны секілді, садақ оғында да солай. Осы тәсілмен атуды асыра, жаудыра ату деп атайды. Жебе бастапқыда қатты жылдамдықпен биіктеп алып, бірте-бірте төмен қарай ұшқанда, өз салмағы да оған күш қосады.

Ал егер садақшы тік атса, тартылыс күшінің әсерімен оғын алысқа жеткізе алмайды немесе жет­кіз­генімен, қарсыласына ешқандай зиян тигізбейді. Садақ тарихын зерттеушілердің пікірі бо­йынша, тік атқанда жебе 100 қадамға дейін ғана өте қауіпті саналған. Ал сауыт киген адамға қырық-елу қадам­нан кейін ешқандай қауіп төндіре алмаған. Орташа есеппен алғанда, тік атқанда садақ оғы 100-150 қадам­ға ғана ұшады.

 

Қайрат СӘКИ,

этнограф-қарутанушы