Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Содан бері 3-4 жыл көлемінде аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сот жүйесінің құрылымы жайлы айтылған ұсыныстар туралы жуырда өткен Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында депутаттар аталған конституциялық заңға өзгеріс енгізу жөніндегі жобаны бірінші оқылымда мақұлдады. Парламент депутаттары бастамашы болып дайындаған конституциялық заң жобасы сот төрелігінің атқару сапасын жақсартып, судьялардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында әзірленді деп көрсетілген.
2016 жылы сот реформасын жүргізу кезінде қабылданған заңдарда қателіктер кеткені, яғни сотта іс қарау сатыларын алмастырып, облыстарда кассациялық сатыда қаралатын істерді Жоғарғы соттың қарауына өткізуден кассациялық шағымдармен сотқа жүгіну көлемі төмендеп кеткені ашық айтылды. Салдарынан халықтың Президент пен Парламентке наразылық шағымдары артқанын ескеріп, бұл тәртіпті басқаша қарау керектігі ашық талқыға түскен еді. Жаңа заң жобасында Жоғарғы соттың қарауынан қылмыстық, азаматтық, әкімшілік іс қарауды алып, осы үш сатыда кассациялық іс қарайтын жаңа сот жүйесін Астанада құрып, Жоғарғы сотты кассациялық істерді қараудан босатып, сот практикасын жүргізуді бақылаумен айналысатын етіп қайта құру керек екендігі аңғарылды.
Бұл өзгеріс Жоғарғы сот судьяларының санын қысқартып, жаңа құрылатын сот сатыларына беріліп, бұл негізінен сот тәуелсіздігін нығайтуға жасалған құтты қадам болмақ деп көрсетілген. Мақалада кассациялық сот сатысын Жоғарғы соттан облыстық соттарға бақылау сатысы ретінде өткізіп, халықтың арыз-шағымы Астанаға жолданбай, жергілікті жерде шешімін табу керек деген де нақты ұсыныс айтылған еді.
Сол ескертпе кассациялық сатыны Жоғарғы сотқа өткізуде 2016 жылы сот реформасына ұсыныстар енгізген азаматтардың мүдделігінен туындап, қате өзгерістер заңға енгізілгені жуырда өткен Парламенттің жалпы отырысында ескеріліп, сот реформасына жаңа өзгерістер енгізу керектігі анықталды. Бұл жерде Астанада кассациялық қылмыстық, азаматтық, әкімшілік сот жүйесін жаңадан құрып, Жоғарғы сотпен облыстық соттардың арасында жаңа буын енгізбей-ақ, Жоғарғы соттың кассациялық сатысын бақылау сатысы етіп, облыстық сот деңгейіне түсіріп, соттың іс қарауын жергілікті облыстық соттың қарауымен аяқтау халыққа тиімді болатынын ескерткенбіз. Мұндай үрдіс бұрында екі рет заң жүзінде қайталанғаны Жоғарғы сотта келеңсіз жағдайлар болуына (парақорлыққа) байланысты облыстық соттың қарауына жіберілгені халыққа мәлім. Сондықтан бұл ұсынысты балама түрде Парламенттің осы мәселені екінші оқылымда қарағанда талқыға салса, орынды болар. Аталған кассациялық үш сатыны Жоғарғы соттан бөліп алып, жаңа буын сотты Астанада құрғаннан не ұтамыз? Сол баяғы жағдай қайталанады, арыз-шағым одан қысқармайды. Оны алқада қандай құрамда қарау мәселесін өзгерту қажет болса, процессуалдық заңды өзгертумен-ақ істі қараудың жаңа тәртібін қалыптастыруға болады. Жалпы, мемлекеттің билік жүйесін (децентрализация) орталықтандырмай, жергілікті органдарға өткізу бірнеше жылдан бері айтылып та, ішінара орындалып та жатқанын ескерсек, сот реформасына өзгерістер енгізуде сот жүйесінде де осы бағыттың ескерілгені халыққа тиімді болар еді.
Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды қайта құрып, саяси қызметшілердің дербес жауапкершілігін арттыра отырып, басқаруды жергілікті органдарға өткізудің қажеттілігін баса айтып келеді. Парламент осы талапты мүлтіксіз орындау бағытында заңға, халыққа қажетті өзгерістерді енгізуі қажет.
Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор