24 Қаңтар, 2015

Әйелдер және «жасыл» кәсіпкерлік

370 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингтің тақырыбы «G-Global жасыл экономика және даму коалициясы» болды. Журналистерге атқарылған жұмыстар жайлы әңгімелеген «Жасыл» экономика үшін және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов: «2014 жылдың ішінде Қазақстанның барлық аймақтарын қамтитын 20-ға жуық жасыл жобаларды жүзеге асырып, оң нәтижелерге қол жеткіздік. Коалицияның Ұлыбританиядағы арнайы өкілі біздің жобаларымызды, Қазақстанның жасыл бастамаларын халықаралық деңгейде таныстырып, жобаның тұсаукесерін өткізді», дей келе, коалицияның қарқынды жұмысының арқасында елімізде «жасыл экономика» негіздерін үйрететін оқулық курсы, қазақстандық «жасыл ком­паниялардың» алғашқы каталогы, еліміздің «жасыл экономикадағы» әлеуетін дәріптейтін бейнефильмдер, «жасыл экономика» тақырыбына арналған бірнеше интернет порталдар пайда болғанын жеткізді. Сонымен қоса, ол халық арасында «жасыл экономиканың» басым бағыттары мен қол­же­тім­ділігін насихаттауға бағытталған іс-шаралар, түрлі деңгейдегі конференциялар мен дөңгелек үстелдер тұрақты түрде ұйымдастырылып отыратынына тоқталып, шаралардың қорытындысы ретінде коали­ция­ның әрдайым заңнамаға, мем­лекеттік бағдарламаларға өзгеріс енгізу жөніндегі және басқа да ұсыныстарын Парламентке, Үкіметке жолдап отыратынын да қаперге салып өтті. Одан әрі шешен жасыл технологияларды тұрмыстық деңгейден халық санасына сіңіруге бағытталып жасалып жатқан жобалардың да баршылық екендігін айтып, олардың ішінде ауылда жұ­мыс­сыз отырған әйелдердің өз істерін ашуларына мүмкіндік беретін, осылайша ауыл өмірінің сапасын арттыруға үлес қосатын жоба­лардың әлеуметтік маңызының ерекшелігіне тоқталған. Брифингте мәлім болғандай, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорымен бірлесе осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жоба барысында ауылда тұратын әйелдер «жасыл» кәсіпкерлік негіздеріне оқы­ты­лумен қатар, өз істерін баста­ған әйелдерге кеңестік және әдіс­намалық қолдау да көрсетіліпті. Жоба шеңберінде ұйымдастырылған байқау нәти­же­сінде ең үздік бизнес идея­сы бар әйелдерге өз ісін ашуға грант беріліп тұрған. Осы уақытқа дейін жобаны жүзеге асыру барысында 70-тен аса тренинг өткізіліп, оған 3400-ден астам әйел қатысқан. 12 әйел өз шағын бизнесін ашып үлгерген. Бірінші жылы байқау Алматы және Астана көлемінде ғана өткізілсе, былтырғы байқау республикалық деңгейді қамтыған екен. Мысалы, былтырғы конкурс жеңімпаздары экоөнімдер шығару, экоматадан сөмке тігу, күн сәулесін қолда­ну арқылы органикалық өнім­дер­ді кептіру (саңырауқұлақ, жеміс-жидек және т.б.), биогумус өңдеу, вермикомпост және т.б. бағыттарда өз шағын бизнестерін ашыпты. Асхат Сүлейменов биылғы жылы «Жасыл» экономиканы қол­дау және G-Global-ды дамыту коалициясы осы ретте 9 грант бөлетінін, жобасы үздік деп таныл­ғандардың әрқайсысына 720 мың теңге қаражат қарас­ты­рылып отырғанын да айтып өтті. «Бүгіннен бастап, «жасыл» бизнес-идеялары бар және өз кәсібін ашқысы келетін жұ­мыссыз әйелдер ccb.kz сайтында бизнес конкурсқа қатысу үшін өтінім жіберулеріне болады. Конкурс аясында қатысушы әйелдерге бизнес негіздері бойынша сабақтар жүргізіліп, ең үздік бизнес-жос­пар жасағандарына ақшалай ынталандыру сый­лық­тары беріледі. Байқауға қатысуға ниеттілер 2015 жылдың 1 нау­рызына дейін өтініш тапсыра алады. Конкурсқа қатысу үшін жұмыссыз әйелдер жеке кәсіп­кер ретінде тіркеледі немесе өзінің шағын кәсіпорнын ашады. Бизнес-жоспар жасап, ұйым­дас­тыру комитетіне жіберсе, конкурс ая­сында «жасыл» бизнес-идеялар артықшылыққа ие болады», – деді ол. Брифингте Coca-Cola белес­терi бағдарламасының аясында экосөмкелер шығаруға мүмкiндiк алған Жанар Байболова: «Кон­курс­қа экоматериалдан жасал­ған экосөмкелер жобасымен қатыс­қан болатынмын. Бұл жоба эколо­гиялық тұрғыдан өндiрiс уақытын­да да және оны пайдалану кезең­дерiнде де экологиялық таза өнім екендігімен ерекше­лене­ді. Яғни, өндiрiстiң барысында бiз қолданып отырған қажеттi өнiмдер, технологиялар экологиялық таза. Бұл өнiмдердi қолданатын әйелдер мен балалардың денсаулығына тиетін ешбiр зиян жоқ», – деп өз кәсібін ашуға қолын созған жобаны ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».