Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, су тасқынынан 5 білім ордасының, 3 балабақша мен 1 саз мектебінің бүлінгені анықталған. Техникалық зерделеу жүргізуден соң, 3 ғимарат жарамсыз деп танылды. Оның бірі – «Салтанат» балабақшасы. Екеуі – 1963, 1975 жылдары салынған мектеп ғимараты.
Ал өзге нысандарда күрделі және орташа жөндеу қолға алынған. Жұмыс қарқыны қандай? Облыс әкімі Серік Шәпкенов Құлсары қаласындағы су тасқынынан бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмысын тексеріп, мердігер мекемелерге қолға алған істі жеделдетуді тапсырды.
«Құлсары қаласында 18 көшедегі ұзындығы 12,1 шақырым жолды қайта жаңарту көзделді. Жоба құны – 2 млрд 390 млн 289 мың теңге. Осы кезге дейін «Казкомсервис» ЖШС 6,8 шақырым жолға жөндеу жүргізді. Бұл жұмысты жыл соңында аяқтау жоспарланып отыр», деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазір Құлсарыдағы №8 орта мектеп пен «Өркен» балабақшасында жөндеу жұмысы бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Бұл нысандар қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Тасқын судан зардап шеккендерге «Болашақ» шағын ауданында 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты атқаруға жергілікті 8 құрылыс компаниясы тартылды. Құрылысшылар 94 үйдің қабырғасын қалап, 85 үйдің шатырын жабуды аяқтапты. Жаңадан салынып жатқан 60 үйге сылақ, 42 үйге әрлеу жұмыстары қолға алынған. Ал 62 үйге терезе орнатылған. Шағын ауданда инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу аяқталып келеді.
«Қиын кезең артта қалды. Біздің міндетіміз – қалпына келтіру жұмыстарын уақтылы атқарып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Жүз отбасы жаңа баспанаға көшуді, қоныс тойын жасауды асыға күтіп отыр. Уақыт аз, бірақ үйсіз қалған тұрғындардың жағдайын ойлағанымыз жөн. Сондықтан тұрғын үй құрылысын жүргізуді жеделдетіп, бақылауды күшейту қажет. Алдағы 1 қыркүйекке дейін тұрғындардың игілігіне 80, 5 қыркүйекте 20 баспана тапсыруымыз керек», деді Серік Шәпкенов.
Әкімнің айтуынша, жаңа шағын ауданға тасжол төсеуді кешіктірмей бастау қажет. Сондай-ақ Binom мектебі мен оқушылар сарайын салуға дайындықты жеделдеткен жөн.
Құлсары қаласындағы тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе бар. Бұл – таза ауызсу сапасы. Осыған орай су тазарту құрылғыларын жаңғырту мәселесі қозғалып отыр.
Өйткені Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласына ауыз су «Астрахань – Маңғышлақ» магистралдық құбырмен жеткізіледі. Құбырмен жеткен тіршілік нәріне «Магистралдық су құбыры» ЖШС стансасында тазарту жүргізіледі. Ал тұрғындарға таза ауыз су «Жылыойсу» КМК арқылы беріледі.
Ресейдің Астрахань облысымен шекарадағы Қиғаш өзеніндегі судың сапасына байланысты түрлі сылтау айтылады. Мәселен, «Магистралдық су құбыры» ЖШС директорының міндетін атқарушы Еркін Таңқыбаевтың айтуынша, көктемде су сапасы өзгерген. Оған Қиғаш өзені тасып, «Астрахань – Маңғышлақ» құбырымен жеткізілген судың шамадан тыс лайланғаны себеп болған. Ауызсу сапасына су құбырының бойында жаңа учаскенің пайдалануға берілуі де әсер еткен.
«Қазір біздің мекемеде 7 резервуар бар. Оның бесеуі жұмыс істеп тұр. Біреуі жөндеуге қойылды. Жаңадан бір резервуар салынып жатыр. Су бірнеше рет тазартылады. Кейін хлор қосылады. Қиғаш өзеніндегі қоршау орнында тазарту жүргізіліп, су сапасы жақсарып келеді. Күн сайын су құбырынан сынама алып, сапасын бақылап отырмыз», дейді Еркін Таңқыбаев.
Ал «Жылыойсу» КМК директорының міндетін атқарушы Батыр Кейкіннің айтуына қарағанда, Құлсары қаласындағы су сақтайтын резервуарлар тазартылып, дезинфекцияланады. Сондай-ақ сумен жабдықтау желілерін жуу жұмысы атқарылды. Алайда облыс әкімі С.Шәпкеновтің пікірінше, тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесінде салғырттық бар. Әсіресе Құлсары қаласындағы көпқабатты үйлерді сумен жабдықтау жүйесі тазартылмай келеді.
«Биыл көктемде Қиғаш өзенінде су деңгейі көтерілген жоқ. Демек мәселе жұмыстың жүйесіздігінде. Мамырда тұрғындарды таза ауызсумен қамту мәселесін жақсартуды міндеттеген едім. Бірақ ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын. Бұл – салғырттықтың салдарынан туындаған әрі кешірілмейтін мәселе. Ауызсудың сапасы тұрғындардың денсаулығына әсер ететіні ескерілмейді. Енді қысқа мерзімде заманауи технологияларды пайдаланып, су тазарту құрылғыларын қайта құру жобасын әзірлеу керек», деп мәлімдеді С.Шәпкенов.
Атырау облысы