Ақыл, парасаты мол Айтекең ұлтымыздың көптеген ақын-жазушысын, өнер адамдарын жиі-жиі ауданға шақырып, қонақ еткен. Кейбіреуімен, тіпті достас, сырлас та болғаны белгілі. Қазақ әдебиетінің классигі, сөз зергері Ғабең, Ғабит Мүсіреповпен де әрдайым әңгімесі жарасып, жақсы сыйласқан. Дара суреткер Мойынқұм жерінде үш-төрт рет аса қадірлі мейман болып, аң атқан, балық аулаған, тіпті бірге келген серіктерімен таңды-таңға ұрып, талай рет карта-преферанс ойнаған.
Ал енді осындай өзара қарым-қатынастан кейін Ғабеңнің Мойынқұмға қалайша бүйрегі бұрмайды. Сондықтан ол кісінің мына суреттегідей құмды өлке азаматтарының арасынан табылуының да өзінше бір мәні бар.
...1973 жылы 22 қарашада қазіргі Тараз, бұрынғы Жамбыл қаласында облыс интеллигенциясының І съезі өткізіліп, бұл алқалы басқосуға Ғабең де қатысқан. Иә, шырайлы, шынайы шығармаларымен қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған жазушы Жамбыл облысы зиялы қауымының жиынына Мойынқұм ауданынан сайланған делегаттардың қақ ортасында отыр. Баяғы өзіне ғана тән, өзіне ғана жарасатын маңғаз, тәкаппарлау кейіпте...
Сол жағында Айтекең, Айтбай Назарбеков, оң жағында Мойынқұм аупарткомының екінші хатшысы Билібай Қашағанов (қалың қазаққа танымал мемлекет және қоғам қайраткері Екейбай Қашағановтың інісі) пен білікті педагог, мектеп директоры, сондай-ақ мықты аңшы, балықшы болған майдангер Әлихан Есжанов.
Қалғандарының атын атап, түсін түстеуге газет беті көтермейді ғой...
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы