Өтей батыр 1714 жылы Торғай өңірінде дүниеге келген. Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді алғанда, Орта жүзден Кіші жүзге келген әскер қолын Өтей батыр бастап барған деседі. Ал батырды көмекке аттандырған көрнекті қолбасшы Шақшақ Жәнібек болатын. Осылайша, Өтей батыр Кіші жүздің Қызылқоға жерінде кескілескен соғысқа қатысып, 1749 жылы небәрі 35 жасында қаза табады. Батырдың ерлігін Кіші жүз ру-тайпалары әрқашан айтып жүреді. Кіші жүз қазақтары қалмақтарды жеңгеннен кейін, игі жақсы билер мен батырлар қалмақтармен күрестегі ерлігі үшін оның құрметіне құлпытас қойған. Алайда жылдар өткен соң ол бейіт белгісіз болып қалған. Тек 2007 жылы ғана Өтейдің жатқан жері табылып, 2008 жылы ұрпақтары батырдың тарихи отаны Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылына да құлпытас қойған. Өтей батырдың бейіті Қарабау (қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы) жерінде орналасқан және халық арасында «Өтей қорымы, Өтей бейіті» деген атқа ие.
Іс-шараға қатысқан тарихшы ғалымдар тарих беттерінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің іргесіне жерленген Өтей батырдың баласы Бекбаулы Өтейұлының батырлығы туралы деректер де жетіп артылатынын айтады.
«Қазақ тарихында ел басына екіталай күн туғанда халқына қорған болған қаһармандар аз болмаған. Мұндай тұлғалар даламыздың қай өлкесінен де табылады. Қыршын кеткен ерлердің есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту – кейінгілер үшін қастерлі борыш. Баба есімін әспеттеу жаңа буын жас ұрпақты ерлік рухында тәрбиелеуге сеп болмақ әрі батыр ерлігіне жасалған құрмет», дейді Өтей батыр ұрпақтарының бірі Марат Якупов.
Музей қорына тарту етілген Өтей батыр портретінің авторы – көрнекті қылқалам шебері, танымал мүсінші Сапарбек Ұзақов. Суретші батырдың бейнесін салу барысында тарихи деректер негізге алынғанын айтады.
Тағылымды іс-шарада профессор Кәрбоз Жапаров, Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Сержан Саров, музейдің бас қор сақтаушысы Үміт Әшімова сөз алып, Өтей батырдың қазақ тарихындағы рөлі, есімі елеусіз қалған басқа да тұлғалар өнегесін жаңғыртудың маңызы туралы атап өтті.
АЛМАТЫ