Мұндай мінез-құлықты психолог-ғалым Мария-Луиза фон Франц зерттеп, синдромға әдеби кейіпкерлерден «Питер Пэн» мен «Кішкентай ханзаданы» жатқызса, өмірде болған тұлғалардан әйгілі Моцартты мысал еткен еді. Синдром көбіне тым еркелеп өскен немесе ата-анасы балаға жеке шешім қабылдап, жауапкершілік алуына кедергі келтірген балаларда болады-мыс. Бұл әйелдерден гөрі ер адамдарда жиі кездеседі екен. Әр адамның ішінде еркелеп, ойнап жүре бергісі келетін бір кішкентай балақай бар десек те, Питер Пэн синдромы қоғамның да, адамның да дамуына көп кедергі келтіретін көрінеді.
Париж синдромы
«Париж» дегенде көз алдыңызға ғажайып қала елестері анық. Бұған «ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» сөзінің де әсері бар шығар. Алайда сіз қиялдаған Париж шынымен солай ма?
Өйткені бұл синдром Парижге қыдырып барған саяхатшылардың көңілін су сепкендей басқан оқиғалардан кейін туындапты. Әуелі ондағы тұрғындардың салқынқандылығы, қаланың кейбір лас жерлері Парижді жер бетінің жұмағындай аңсап барған адамдардың психологиялық көңіл күйі синдром ретінде атау алған. Мұның шығу тегі сәл жымиып, сыпайы жүретін жапондардың Францияға баруынан пайда болған деген дерек бар. 1986 жылы жапон психиатры Хироаки Отой үлкен қалаға жұмыс сапарымен барғанда, дәрігерден осы синдром анықталған екен. Содан шығар, біздің халық «арық сөйлеп, семіз шық» дейтіні...
Диоген синдромы
Өнер тарихынан білетініміздей, Диоген – қоғамнан, қоршаған ортадан тыс, үйден шықпай өмір сүрген адам. Яғни социопат немесе мизантроп.
Бұл синдром көбіне жастық шағында қоғамда тым белсенді болған қарттарда көп кездеседі. 1975 жылы Кларктың анықтамасымен ғылымға енсе де, сонау ерте ғасырлардан бері кездесетін бұл психологиялық аурудың тағы бір белгісі – ешкімге пайдасы жоқ, қоқысқа тасталатын маңызсыз дүниелерді жинай беру екен.