Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
«Halyk Finance» сарапшыларының мәлімдеуінше, 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында ІЖӨ-дегі инвестиция үлесін 30 пайызға дейін жоғарылату міндеті қойылған. Бірақ оған маңайлаудың өзі мүмкін болмай тұр.
«2008 жылдан бері ІЖӨ-дегі инвестиция үлесі төмендеп келе жатыр. 2000-2008 жылдар аралығында инвестиция үлесі 30 пайызға жақындаса, 2012 жылы 20 пайызға дейін төмендеді және содан кейін тек құлдыраумен болды. Кейінгі он жылдық бедерінде 15 пайыз болып отыр. 2019-2023 жылдары инвестиция ағынының басым бөлігі тау-кен өнеркәсібіне бағытталды. Бұл үрдіс 2003 жылдан бастау алды. Осы уақытқа дейін аталған секторға бағытталған инвестиция көлемі 25-40 пайыз аралығында құбылып отырды, бірақ басым позициясынан айырылған жоқ», делінеді орталық хабарламасында.
«Ал өңдеуші өнеркәсіп 9-11 пайыздық межеден аса алмай келеді. Ұзақмерзімді орнықты өсімге қол жеткізу үшін динамикалық секторды дамыту маңызды. Орта және жоғары технологиялық тауарлар мен қызметтер экспортын арттыру өнімділікті күшейтеді және әл-ауқаттың артуы мен сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етеді» деп сараптайды мамандар.
Олар өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция құюдың айрықша маңызға ие екенін айтады. Бірақ сол секторға бағытталған қаржының көбі шикізат тауарларға жіберіліп жатқан көрінеді.
«Шикізат тауарлары деп біз мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі және металлургия өндірісінің өнімдерін айтамыз. Өңдеуші өнеркәсіпке салынған капиталдық салымның 75-80 пайызы шикізаттық өнімдерге тиесілі болады. Кейінгі бес жылда шикізат материалдарына салынған инвестиция өсімі айтарлықтай артты. Оның шырқау шегі 2021 жылы тіркелген еді. Негізінен, металлургия өндірісіндегі инвестиция барлық өңдеуші өнеркәсіптің 33 пайызын алып отыр. Бұл бір салада соншалықты мол инвестицияның шоғырланғанын айғақтайды», дейді сарапшылар.
Ел экономикасының шикізаттық емес секторларына инвестициялар 2023 жылы әртүрлі үрдісті көрсетті. Алайда жалпы көрініс екіұшты болып қала берді. Былтыр жоғары технологиялық өнімдер мен тамақ өнеркәсібіне инвестициялардың артуына қарамастан, олардың өңдеу өндірісіндегі жалпы үлесі өте аз қалыптасты. Осылайша, жоғары технологиялық өнімдер өңдеу өндірісі жалпы көлемінің 7 пайызын ғана құрайды. Тамақ өнеркәсібі тек 14 пайыз үлесті еншіледі. Сонымен қатар аралық өнеркәсіптік өнімдерге салынған инвестициялар төмендегенін көрсетті, олардың өндіріс үлесі 2019 жылғы 6 пайыздан 2023 жылы 5 пайызға дейін төмендеді, бұл мақсатты қолдау қажеттілігін көрсетеді.
«Біздің талдауымыз инвестициялардың көп бөлігі әлі де ел экономикасында үстемдік ететін тау-кен секторына бағытталғанын көрсетеді. Бұл шикізатқа тәуелділіктің төмендеуіне емес, артуына әкеледі. Бұдан басқа, өңдеу өнеркәсібі секторында инвестициялардың көпшілігі табиғи шикізатты қайта өңдеумен байланысты салаларға түседі, бұл жоғары технологиялық шикізаттық емес тауарлардың өндірісі мен экспортын дамытуға ықпал етпейді. Импортты алмастыру немесе экономиканы қолмен басқару арқылы әртараптандыруға талпыну әрекеттері халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілікке нұқсан келтіріп, күтілетін нәтижелерді тудырмайды. Нәтижесінде, ел экономикасы әлемдік нарықтардың құбылмалылығынан зардап шегіп жатыр және елеулі құрылымдық өзгерістерсіз, сонымен бірге қолайлы инвестициялық ортаны құрусыз тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізе алмайды. Біз бұрын жазғанымыздай, инвестициялық тартымдылықты жақсартуға және жеке инвестицияларды ынталандыруға бағытталған әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар бар екеніне қарамастан, нақты нәтижелер жеткіліксіз. Инвестициялық саясаттың ағымдағы тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қарау қажет. Өйткені өткен тәсілдер оң нәтижелерге әкелмеді, оларды пайдалануды жалғастыру шикізатқа тәуелділікті одан әрі күшейтуі мүмкін», дейді сарапшылар.
Олардың пікірінше, әртараптандыру стратегияларын түбегейлі қайта қарау қажет, әсіресе, мұнай секторына тәуелділікті азайту, экономиканы неғұрлым инновациялық және технологиялық дамыған салаларға қайта бағдарлау бойынша. Бұл инвестициялық саясаттағы өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар жеке кәсіпкерлікті дамытуға және экономиканың жоғары технологиялық секторларына инвестициялар тартуға ықпал ететін қолайлы нарықтық ортаны құруды талап етеді.