Фото: ашық дереккөзден
Бірлескен бастаманың негізі Кореядан келген делегация Қызылорда жерінде көз жұмған ұлттық батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына алып қайтқан 2021 жылы қаланып еді. Қарапайым отбасында туып, елінің ұлттық батыры атанған генерал жапон оккупантарына қарсы алғаш партизандық қозғалыс құрған қаһарман. Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары кеңес одағы аумағына бой тасалап, кейіннен Қызылордаға тұрақтайды. Сыр бойында өмірден өтіп, жер қойнына тапсырылады.
Өткен жыл ортасындағы Кореяға сапарында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған қызылордалық делегация Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің президентімен кездесіп, әріптестікке қатысты мәселелерді жан-жақты талқылады. Осылайша, былтыр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.
Жасанды интеллект технологияларының дамуы ел болашағы үшін стратегиялық маңызды бағытқа айналуға тиіс. Осыған орай Мемлекет басшысы елімізде кем дегенде 3 жоғары оқу орны осы саламен айналысуы керектігін де тапсырған болатын. Қызылордадағы жасанды интеллект мектебі – осы тапсырма аясында жүзеге асқан алғашқы жоба.
Жергілікті университеттегі бұл жаңалық – еліміздің білім кеңістігіндегі үлкен жетістік. Осы арқылы экономика, ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуден бөлек, білім, ғылым, IT-технология, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар бағытында да бастамалар жүзеге аспақ.
Осылайша, былтырғы қыркүйектен IT-мамандықтары бойынша оқуға қабылданған, СеулТех бағдарламасы бойынша іріктеліп алынған 1-курс студенттері тіл үйренуді бастады. Қазір олар жалпы білім беретін пәндерді оқып, ағылшын және корей тілдерінде жеделдетілген тіл үйрету курстарынан өтіп жатыр. Студенттерді корей тіліне Оңтүстік Кореядан келген ерікті мұғалімдер оқытады.
Болашақта студенттер мен профессорлық-оқытушылар құрамы академиялық ұтқырлық және бірлескен білім бағдарламалары бойынша Сеулде ғылыми тағылымдамадан өте алады. Сонымен қатар білім мен тәжірибе алмасып, бизнес-инкубаторда стартаптар жасау үшін СеулТех оқытушылары Қызылордаға шақырылады. Екі оқу орны арасындағы келісім бойынша түлектер жергілікті университеттен бөлек СеулТех дипломын иеленеді. Аталған мамандықтарға арналған заманауи зертханалар жасақталып, олар Кореяда шыққан серверлер, озық жабдықтар және бағдарламалармен қамтылады.
Жалпы, Корея IT саласы қарышты дамыған мемлекеттер қатарында тұр. Озық технологиялар өндірісі бойынша да әлемде алдыңғы орында. Бүгінде 1910 жылы құрылған Сеул ұлттық ғылым және технология университетінде 13 мыңға жуық студент білім алады. 23 факультет, 6 колледжі мен жеке технопаркі бар университет – сол елдегі іргелі оқу орындарының бірі.
Мамандар ІТ-мамандықтарды енгізу арқылы көптеген жасты жұмыспен қамтамасыз ете алатынымызды айтады. Заманауи бәсекеге қабілетті жоғары оқу орнының құрылуы адами капиталдың қалыптасуына ықпал етіп, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Осы күні алдағы 10-20 жылдан кейін көптеген мамандық жойылып, олардың орнын үдерістерді автоматтандыру басатынын болжайтындар көп. Ал Сырдағы жасанды интеллект мектебі – осы озық технологияға жол салатын соқпақ.
Қызылорда