Аталған институт, яғни KINI неміс стандарттары бойынша болашақ баламалы энергетика және жаңартылатын ресурстар саласындағы инженерлерін даярлайды.
Үкіметтің 2024 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Жоспарда Ш.Есенов университетінің базасындағы Қазақ-неміс тұрақты инженерия институты (KINI) ғимаратының құрылысына 2025 жылға 10 млрд теңге қарастырылған. Қаржыландыру тетігі нысаналы даму трансферт рәсімі арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Ш.Есенов университеті неміс университтерімен бірлесе аудиториялар мен қажетті зертханалардың санын белгілей отырып, құрылыстың жобалық тапсырмасын әзірледі.
«Сондай-ақ жергілікті уәкілетті органдардан жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы, тоқ, су, жылу және байланыс желілерін жабдықтау саласындағы желілерге қосуға арналған техникалық шарттар алынды. Ғимараттың эскиздік жобасы Ақтау қаласы әкімдігімен келісіліп, бекітілді. Жобалау сметалық құжаты сараптамадан өтуге дайындалып жатыр», деді Ш.Есенов университетінің ректоры Берік Ахметов.
Ректордың айтуынша, жоба бойынша 6 қабаттан құрылып, жалпы ауданы 25 960 шаршы метр болатын институт ғимаратының қазіргі таңда мемлекеттік сараптамаға құжаттары жолданған.
Маңғыстау өңірінен салынатын жаңа ғимарат теңіз жағасындағы қала сәнін арттырса, жаңа институт еліміздің жастары үшін болашаққа бастама болмақ.
Маңғыстау облысы